Фото: ашық дереккөз
2022 жылдан бері елімізде цифрлық қызметтерге салынатын, көпшілікке «Google салығы» атауымен белгілі тетік қолданысқа енді. Осы уақыт ішінде 120 шетелдік компания шартты тіркеуден өткен. Соның 22-сі 2025 жылы тіркелген. Аталған кезеңде бюджетке түскен жалпы түсім көлемі 136 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде 2025 жылы 57,6 млрд теңге, ал 2026 жылғы қаңтар айында 8,7 млрд теңге түскен.
Салық кодексіне сәйкес екінші деңгейдегі банктер мен төлем ұйымдары шартты тіркеуден өткен шетелдік компаниялар жөніндегі мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына ұсынады. Бұл деректер Қазақстан аумағында жеке тұлғаларға электрондық сауда арқылы тауар сату және цифрлық форматта қызмет көрсету кезінде салық міндеттемелерінің толық әрі уақтылы орындалуын талдауға пайдаланылады.
Мемлекеттік кірістер органдары екінші деңгейдегі банктер мен төлем ұйымдарының мәліметтерін шетелдік компаниялар төлеген қосылған құн салығы туралы деректермен салыстырып, камеральдық бақылау жүргізеді. Төлемеу немесе толық төлемеу деректері анықталған жағдайда, алшақтықтар туралы тиісті хабарламалар жолданады.
Сонымен қатар Салық кодексінің 89-бабына сәйкес 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап камеральдық бақылау нәтижелері бойынша жіберілген хабарламаларды, сондай-ақ қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы талаптарды орындамаған шетелдік маркетплейстердің интернет-ресурстарын бұғаттау туралы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін нормалар қарастырылған.
Бұл шаралар отандық және шетелдік нарық қатысушылары үшін тең бәсекелестік орта қалыптастыруды, цифрлық кеңістіктегі салық тәртібін күшейтуді және құжаттық салықтық тексерулерсіз-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуды көздейді.
Еске сала кетейік, бұдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Google компаниясының өкілін қабылдаған еді.