Жаңа мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.
«Бұл мектеп – тек Еңбек ауылының ғана емес, бүкіл облыстың қуанышы. Бүгін есігін айқара ашқан жаңа білім ордасы заманауи талаптарға сай және балалардың сапалы білім алуға жан-жақты жағдай жасалған. Жаңа мектепте келешекте елін сүйетін, білімді, тәрбиелі ұрпақ өсіп шығады деп сенемін», деді өңір басшысы.
Ауыл мектебі заманауи білім беру талаптарына сай соңғы үлгідегі әдістемелік керек-жарақпен жабдықталған. Жаңа білім ғимаратында 14 оқу кабинеті, бірнеше шеберхана, мультимедиялық, бағдарламалық, интерактивті кабинеттер, медицина бөлімі, асхана және кең спорт залы бар.
Мектепте 77 оқушы білім алатын болады. Мектепалды даярлық тобында 8 бала тәрбиеленіп жатыр. Педагогикалық ұжымда 30 мұғалім жұмыс істейді.
«Ауылдың бұрынғы мектебі әдбен тозып кеткендіктен, қыста жылу ұстамай, балаларымыз тоңып отырушы еді. Осыдан 15 жыл бұрын мектеп мәселесін көтеріп министрлікке дейін хат жазғанбыз. Облыс басшылығындағы азаматтар осы өтінішімізге құлақ асып, бүгін, міне, оқушылар жаңа мектепке кіріп отыр. Қандай тамаша, қарасаң көз тоярлық. Іші кірсе шыққысыз. Өте қуаныштымыз. Ел тілегін орындаған азаматтарға алғыс айтамыз», дейді ауыл ақсақалы Жақсылық Жүнісов.
Еске сала кетейік, биыл елімізде шамамен 47 мың оқушыға арналған 90 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған.
Қостанай облысы