Реформа • Бүгін, 08:13

Дипломаттар Ата заң жобасын талқылады

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінде Конституциялық реформа жөніндегі комиссия диплома­тиялық корпус өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Онда Ата заң жобасында көрсетілген елдің сыртқы саясатының құқықтық аспектілеріне қатысты ережелері түсіндірілді.

Дипломаттар Ата заң жобасын талқылады

Іс-шараға елімізде аккредиттелген дипломатиялық кор­пус пен халықаралық ұйым­дардың 80-ге жуық өкілі, сон­дай-ақ сарапшылар қатысты. Конституциялық сот, Комиссия төрағасы Эльвира Әзімова, Әділет министрі Ерлан Сәрсем­баев, Конституциялық сот төр­ағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Сыртқы істер министрінің орын­­басары Арман Иcетов, сон­дай-ақ Республикалық адвокаттар ал­қасының төрағасы Мәди Мыр­зағараев жаңа Ата заң жо­ба­сының негізгі өзгерістеріне, Президент бастамасымен іске асырылып жатқан реформаның тұжырымдамалық негіздеріне тоқталды.

«Конституция жобасында еліміздің егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы және аумақтық тұтастығы өзгеріссіз қалады. Конституцияға өзгерістер тек жалпыұлттық референдум нәтижелері бойынша енгізіледі. Осы жылдың 15 наурызында республикалық референдум отандастарымыздың елдің одан әрі даму жолын айқындайтын жауапты таңдау күні болады», деді Э.Әзімова.

Комииссия төрағасының айтуынша, Конституция биліктің теңгерімді әрі есеп беретін мо­делін қалыптастырады, бір па­­ла­талы Құрылтайға көшу­ді көз­дейді, сонымен қатар Құ­рыл­­тайда заң шығару баста­ма­сы құқығына ие азаматтар­дың өкіл­ді органы ретінде Ха­лық Кеңесі үшін құқықтық не­гізді бекітеді. Оның құры­луы мен қызмет тәртібі жеке конс­­титуциялық заң­мен айқындалады.

«Конституциялық жаңа­шыл­дықтар мемлекетіміздің халықаралық құқықтың ірге­лі қағидаттарына және ел да­муының жаңа кезеңіне көшу жағдайындағы ұлттық басым­дықтарға берік бейілділігін жан-жақты көрсетеді. Қазақ­стан­ның халықаралық ынтымақ­тастық моделінің негізіне БҰҰ Жар­ғысының негізгі қағидат­тары және қабылданған барлық халықаралық міндеттемелерді адал орындау қағидаты қа­лан­ған», деді Сыртқы істер ми­нис­трі­н­ің орынбасары А.Иcетов.

Оның айтуынша, халық­аралық шарттар елдің құқық­тық жүйесінің бір бөлігі болып қала береді, сондай-ақ міндетті түрде орындалады.

Бұған қоса саясаттанушы Қазбек Майгелдинов елдегі конституциялық реформа тек ішкі емес, халықаралық маңызы бар үдеріс екенін айтады.

«Жаңа конституцияның адамды басты құндылық ретін­де нақты бекітуі аса маңызды. Жеке өмірді қорғау, тұрғын үйге қол сұқпау, дербес дерек­тер қауіп­сіздігі, цифрлық құ­қық­тар – барлығы бүгінгі за­ман­ның нақты сұраныстары. Со­ны­мен қатар мемлекет тарапынан заңсыз әрекеттер үшін конституциялық жауапкер­шіліктің енгізілуі – билік пен қоғам арасындағы жаңа қатынас мәдениетінің белгісі», деп түсіндірді саясаттанушы.

Кездесу қорытындысында дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері елдегі конституциялық реформалар үдерісі ашық әрі айқын деген пікір білдірді.

Сондай-ақ Қазақстанның Солтүстік Македониядағы ел­шісі Сатыбалды Бұршақов Сол­түстік Македония Парламенттік тобының төрағасы Никола Коняновски бастаған Қазақ­станмен ынтымақтастық жө­ніндегі мүшелерімен кездесуде еліміздің жаңа Конституциясын таныстырды.

Елші депутаттарды биыл 15 наурызда Қазақстанда сая­си жүйені одан әрі демократия­ландыру мен жаңғыртуды, Президенттен Парламентке бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлуді және жергілікті өкілді органдардың рөлін кү­шей­туді көздейтін жаңа Конс­титуция жобасын қа­былдау бойынша жалпыұлттық референдум өтетінін хабарлады.

Дипломат жаңа Консти­туция «Күшті Президент – ық­палды Парламент – есеп бере­тін Үкімет» формуласы бо­йынша билік тармақтары ара­сындағы өкілеттіктерді ай­қын­дау арқылы тежеу мен тепе-тең­дік жүйесін жетілдіруге арналғанын атап өтті.

«Негізгі заңды жаңартудың мақсаты – мемлекеттік басқа­руды цифрлық трансфор­мация мен жаһандық тұрақсыздықты қоса алғанда, қазіргі әлемнің сын-қатерлеріне бейімдеу. Реформаның өзегінде аза­мат­тардың құқықтары мен бостан­дықтарын қорғауды күшейту, сондай-ақ ресурстық даму моде­лінен адам капиталын, ғылым мен инновацияларға негізделген экономикаға көшу мәселелері тұр», деді С.Бұршақов.

Солтүстік Македония пар­ла­ментшілері биліктің заң шы­ғарушы тармағының өкі­лет­­тік­терін кеңейтуге, аза­мат­тардың құқықтарын қор­ғау тетік­терін жетілдіруге бағыт­тал­ған конс­титуциялық рефор­ма­ның қазақстандық тәжіри­бесін зерделеуге қызығушылық танытты. 

Соңғы жаңалықтар

Экономикалық аймақ іске кірісті

Экономика • Бүгін, 08:55

Уайым

Қоғам • Бүгін, 08:50

Дананы сомдаған Хәкімжан

Мәдениет • Бүгін, 08:40

Жақұт тастың зергері

Өнер • Бүгін, 08:35