Пікір • Бүгін, 08:55

Егемен елдің таңдауы жауапкершілікпен өлшенеді

0 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Конституция – қоғамдық келісім. Ол мемлекетте шешімдерді кім қабылдайтынын, биліктің қалай бөлінетінін әрі әрбір азаматтың қандай кепілдіктерге ие екенін айқындайды. Сондықтан қоғамның мұндай құжатқа сергек, эмоциялық әрі мұқият қарауы – табиғи құбылыс. Осындай кезеңде талқылаудың мазмұнды, ал шешімнің саналы болуы үшін мәтінге, рәсімге және құқықтық логикаға сүйену айрықша маңызды.

Егемен елдің таңдауы жауапкершілікпен өлшенеді

Сурет: news.mail.ru

Кейінгі отыз жыл ішінде қолданыс­тағы Конституция мәтініне 197 түзету енгізілген. Бұл көрсеткіштің өзі көп жайттан хабар береді. Конституция өзінің табиғаты бойынша құқықтық жүйенің берік іргетасы, заңнаманың дамуына бағыт-бағдар беретін басты құжат болуға тиіс. Алайда осындай көп өзгеріс Негізгі заң біртіндеп қазіргі сын-қатерлерге бейімделу құралына айнала бастағанын аңғартады. Ұзақмерзімді институционалдық архитектураны айқы­н­даудың орнына ол өзгеріп отыр­ған шынайылықты «қуып жетуге» бағытталған жекелеген түзетулермен толықтырылып отырды.

Белгілі бір кезеңде мұндай тәсіл орын­ды болғаны рас: жас мемлекет тиімді модель іздеді, институтта­рын қа­лыптастырды, өкілеттіктер теңге­рі­мін нақтылады. Алайда уақыт өте келе жекелеген түзетулер енгізу тәжіри­бесі фрагментарлық әсер туғызды. Консти­ту­ция мәтінінде әртүрлі тарихи кезең­дердің нормалары жинақталып, саяси және әлеуметтік дамудың әралуан саты­ларын бейнеледі. Бұл ішкі логика­лық қайшылықтардың туындауына және құ­қық қолдану тәжірибесінің күрделенуіне алып келді. Осыған байланысты бүгінгі мәселе – жекелеген түзетулер енгізу емес, тұтас әрі жүйелі түрде қайта қа­рау. Ең алдымен бұл құқықтық сапасы мен нормалардың ішкі үйлесімділігін қамта­масыз етуге қатысты. Негізгі іргетас­ты үздіксіз өзгерте беруге болмайды, белгілі бір кезеңде оны кешенді түрде сара­лап, жаңа сапалық деңгейде қайта тұжы­рымдау қажет. Осы тұрғыдан алған­да, жаңа редакция Конституцияны өзінің бас­тап­қы табиғи негізіне – тұрақты, ішкі үй­ле­сімді, логикалық тұрғыдан жүйе­лен­­ген әрі ұзақмерзімді келешекте елге қыз­мет ете алатын құжат ретінде­гі мис­сия­­сына қайтарады. Дәл осы қоры­тын­­дыға заңгерлік-сараптамалық қауым­дас­тық келді әрі Конституция жобасын әзір­леу үдерісі толық ашық форматта өтті.

Бұл жұмыс кәсіби және ғылыми қауым­дастықтың, практик-заңгерлердің, мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар өкілдерінің кең ауқымды қатысуымен жүзеге асырылды. Консти­туциялық комиссия құрамына елдің барлық өңірінен түрлі сала өкіл­дері де енді. Отырыстар ашық формат­та өтіп, тікелей эфирде көрсетілді, ұсыныс­тар цифрлық платформалар арқылы қа­был­данды, талқылау жария түрде жүр­гі­зілді. Айта кету қажет, комиссия  жобаны ғана қалыптастырды. Ал өзгерістердің тағдырын айқындайтын түпкілікті ше­шім бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданады.

Жалпы алғанда, жоба реактивті модельден стратегиялық модельге көшуді бекітеді. Преамбула толықтай қайта жазы­лып, онда бірлік, әділеттілік, заң мен тәртіп, адам капиталын дамыту, этнос­аралық келісім және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік құнды­лықтары айқындалған.

«Жалпы ережелер» бөлімінің атауы «Конституциялық құрылыс негіздері» деп өзгертілуі мазмұнды нақтылай түседі және мемлекеттің егемендігі, унитарлығы мен аумақтық тұтастығының мызғымастығын бекітеді.

Халық мемлекеттік биліктің қайнар көзі ғана емес, сонымен қатар егемендіктің иесі ретінде тікелей аталады. Бұл – жария билік тұжырымдамасының логикалық жал­ғасы: мемлекеттік органдар халық бер­ген өкілеттіктерді жүзеге асырады, бірақ билікті ешкім де иемденіп кете алмайды.

Құқықтар мен бостандықтар бөлімі қыс­қартылған жоқ, керісінше жүйелен­діріліп, күшейтілді. Өмір сүру құқығы – әр адамның ажыратуға және айыруға болмайтын құқығы. Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алған­да, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі. Кінәсіздік презумпциясы негізгі құқықтар блогіне енгізілді. Адвокатура мәртебесі конституциялық деңгейде бекітілді.

Институционалдық архитектура да өзгеріп жатыр. Бір палаталы Құрылтай қалыптастырылады, вице-президент институты енгізіледі, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық пала­та мүшелерін тағайындау тетік­тері өкілді органның міндетті келі­сімі арқылы нақтыланады. Бұл – билік­ті шоғырландыру емес, өзара жауапкер­шілік пен институционалдық тығырықтың алдын алу моделі.

Маңызды қағида бекітіледі: Консти­туцияға өзгерістер бүкілхалықтық референдум арқылы енгізіледі. Президент­тің шешімімен Негізгі заңға түзетулер енгізу референдум өткізу арқылы ғана жүзеге асырылады. Парламент арқылы өзгерістер енгізу мүмкіндігі алынып тас­талады. Сонымен қатар Президентке референдум өткізу туралы ұсыныс енгізетін субъектілер қатарына Қазақстан Халық кеңесі қосылады. Осылайша, Негізгі заң саяси конъюнктура шеңберінен шығары­лып, тікелей халықтың еркіне беріледі.

Қоғамдық қабылдау мәселесіне де тоқ­тала кеткен жөн. Күрделі құқық­тық реформалар төңірегінде жиі алаң­даушылық тудыратын, кейін практикада расталмайтын түсіндірмелер пайда болады. Сондықтан бүгін рәсімге, нормалардың нақты мазмұнына және азаматтық жауапкершілікке қайта оралу ерекше маңызды.

Конституция – өкілеттіктерді бөлу, билік тепе-теңдігін орнату, оның шектерін айқындау архитектурасы. Архитектура неғұрлым айқын болса, сенім соғұрлым жоғары, қақтығыс деңгейі соғұрлым төмен мемлекет тұрақты бола­­ды. Осы үдерістегі негізгі сөз – «жал­пы­ха­лықтық». Шешімді комиссия да, са­рап­­­шылар да, жекелеген саясаткерлер де емес, егемендіктің иесі – халық қабылдайды.

Бүгінде әрқайсымыздың еліміз­дің алдағы онжылдықтардағы даму қағи­датта­рына ықпал ету мүмкін­дігіміз бар. Алайда бұл қатысу эмоциялық реакция­мен немесе бөгде интерпретацияларға сүйенумен шектелмеуге тиіс. Мұндай маңызды мәселеде шешім қабылдау үшін мәтінді оқу, нормаларды салыс­тыру, мазмұнын терең па­йымдау және мәні бойынша сұрақтар қою қажет. Нақты не үшін дауыс берілетінін түсінбейінше, жауапты таңдау жасау мүмкін емес. Сондықтан жауапкершілік «қолдаймын» немесе «қарсы­мын» деген бастапқы ұстанымнан емес, ұсыны­лып отырған өзгерістердің маз­мұ­нын адал түсінуге ұмтылудан бас­тала­ды. Содан кейін ғана референдум­ға келіп,  азаматтық ұстанымын біл­діру орын­­ды. Бүкілхалықтық референ­думға бел­­сенді әрі саналы қатысу – қоғамның кемел­­­дігінің көрінісі, билік көзі Консти­ту­ция­да бекітілгендей, Қазақстан Респуб­лика­сының халқына тиесілі екенінің нақты дәлелі.

 

Жанна АСАНОВА,

Сенат депутаты

Соңғы жаңалықтар

Рамазан айына 1 күн қалды

Руханият • Бүгін, 09:55

Сыр бойына жүгері де жерсінеді

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Цифрлық мәдени мұра

Мирас • Бүгін, 08:30