Балалық шақтан басталған арман
Михаил Шайдоров 2004 жылғы 25 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. Болашақ чемпион мұз айдынына бес жасында аяқ басты. Оның алғашқы бапкері әрі спорттағы бағыт-бағдарын айқындаған адам – әкесі Станислав Шайдоров, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.
Әкесі оны алғаш рет «Рамстор» мұз айдынына ертіп барған. Кішкентай Михаил мәнерлеп сырғанауды бірден ұнатқан жоқ. Біраз уақыт спорттық гимнастикамен айналысты. Алайда араға бір жарым жыл салып, мұзға деген сағынышы оянып, коньки тебуге деген құлшынысы күшейеді. Сөйтіп, жеті жасынан бастап тұрақты жаттығуға кіріседі.

14 жасқа толғанда Шайдоровтың отбасы кәсіби өсуге қолайлы жағдай іздеп, Ресейге қоныс аударады. Әуелі Мәскеуде, кейін Сочиде жаттығады. 2018 жылы ол Ресейдің тұңғыш олимпиада чемпионы, тәжірибелі маман Алексей Урмановпен бірлесіп жұмыс істей бастайды.
Бұл шешім кездейсоқ емес еді. Қазақстанда сол кезеңде әлемдік деңгейдегі жұлдыз тәрбиелеуге қажетті инфрақұрылым жеткіліксіз болатын. Ал Сочи қаласында 2014 жылғы Олимпиададан кейін мәнерлеп сырғанауға арналған заманауи база қалыптасқан еді.
Мемлекет басшысы Михаил Шайдоровты Олимипиада чемпионы атануымен құттықтады
Алғашқы жарқын жетістіктер
Шайдоровтың халықаралық аренадағы алғашқы елеулі табысы 2022 жылы тіркелді. Әлі жасөспірімдер санатында өнер көрсетіп жүріп, ол әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Қысқа бағдарламадан кейін сегізінші орында тұрған Михаил еркін бағдарламада сенімді өнер көрсетіп, жалпы есепте екінші орынға көтерілді. Сол жарыста ол тек техникалық шеберлігімен танылған Илья Малининге ғана жол берген еді.

Ересектер арасындағы серпіліс
Ересектер деңгейіндегі алғашқы медальдар 2023-2024 маусымында келе бастады. Дегенмен шынайы серпіліс келесі жылы байқалды. Михаил Қытайдағы Гран-при кезеңінде күміс жүлде алып, финалда бесінші орынмен шектелді. Бірақ ол төрт құрлық чемпионатында топ жарып, Азия ойындарында қола жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар әлем чемпионатында күміс медаль еншіледі.
Бостонда өткен әлем біріншілігінде еркін бағдарламада Михаил күрделі элементтерді мінсіз орындады. Жалпы 287,47 ұпай жинап, әлемдік деңгейдегі шебер екенін дәлелдеді.
Бапкері Алексей Урманов шәкіртінің қайсар мінезін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Михаил әр жарыста өзінің мықтылығын сөзбен емес, мұз үстіндегі өнерімен дәлелдейді.
Сонымен қатар «Спорт Экспресс» басылымына берген сұхбатында Алексей Урманов спортшының Олимпиададағы жетістігіне қатысты сезімі 1994 жылы өзі алтын жеңіп алған кездегі әсерден өзгеше екенін атап өтті.
«Қазір менде бұл жігітке деген зор мақтаныш сезімі бар. Жігітке емес, нағыз ер-азаматқа деген. Осындай спортшым бар екеніне, оған сенім арта алатыныма қатты қуанамын. Тіпті тәуекелге де сеніп тапсыра аламын. Бүгінгі еркін бағдарламадағы төрттік флип әлі толық пісіп-жетілмеген элемент еді, оны аз жаттықтырдық. Соған қатты алаңдадым», деп мойындады Урманов.
Сондай-ақ бапкер егер Шайдоровтың орнында басқа спортшы болғанда, оны бұл элементті орындауға ешқашан жібермейтіні атап өтті.

Миландағы тарихи сәт
2026 жылғы Олимпиада қарсаңында Шайдоров алтынға басты үміткер саналмады. Сарапшылар оны күміс пен қола үшін таласатын спортшылар қатарына қосқан еді. Ал басты фаворит ретінде «квадтардың құдайы» атанған Илья Малинин көрсетілді.
Дегенмен спорт – тосынсыйға толы. Қысқа бағдарламада Михаил төрттік лутцті үштік тулуппен каскадта орындап, үштік аксель мен төрттік тулупты сәтті қондырды. Нәтижесінде 92,94 ұпай жинады.
Еркін бағдарламада ол бастапқы жоспарын өзгертіп, бес төрттік секіруді қамтыған күрделі контент ұсынды. Үштік аксель мен төрттік сальхов комбинациясы, төрттік флип пен тулуп, өзге де жоғары техникалық элементтер көрерменді тәнті етті. Қазылар алқасы оған 198,64 ұпай берді. Қорытынды нәтиже – 291,58 ұпай.
Бұл көрсеткіш оған Олимпиада алтынын сыйлады. Осылайша Михаил Шайдоров Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш олимпиада чемпионы атанды.
Жеңістен кейін отандасымыз бұл жүлдеге қол жеткізу қиын болғанын айтты.
«Шынымды айтсам, әлі де сене алар емеспін. Маусым бойы өз-өзіммен күрестім. Бұл маусым мен үшін аса ауыр болды. Жарыстарда бес бірдей төрттік секіруді шамамен үш рет орындап көруге тырыстым, бірақ бірде-бір рет сәтті шықпады. Ал бүгін бәрі сәтті орындалды. Сәті түсіп, қолымнан келді.
Мен бұл Олимпиадаға ұзақ дайындалдым. Маусым бойы бар ойым - өз ісімді адал атқару болды. Енді еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Бұл медальді Қазақстан халқына арнаймын», деді Олимипиада чемпионы.
Рекордтар мен тарихи маңыз
Шайдоров – әлемде алғаш рет үштік аксель мен төрттік тулупты, сондай-ақ үштік аксель мен төрттік сальховты ойлер арқылы каскадта орындаған спортшы. Бұл техникалық батылдық оған мойындалған шеберлерді басып озуға мүмкіндік берді.
Бұған дейін әлем чемпионатында күміс жүлде алған қазақстандықтар қатарында 2013 жылы Денис Тен, 2019 жылы Элизабет Турсынбаева болған еді. Сонымен қатар 2014 жылы Сочи Олимпиадасында Денис Тен қола жүлдені олжалаған еді. Ал Михаил ел қоржынына үшінші әлемдік күмісті және тұңғыш олимпиадалық алтынды салды.
