Аймақтар • Бүгін, 21:20

Маңғыстауда елдегі екінші бірегей жедел жәрдем станциясы ашылды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін, 13 ақпан күні Ақтау қаласында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен жылына 100 мың шақыртуға қызмет көрсете алатын, заманау үлгідегі Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының ғимаратының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Маңғыстауда елдегі екінші бірегей жедел жәрдем станциясы ашылды

Салтанатты шараға Бас прокурордың орынбасары Ғабит Садырбеков, Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, мемлекеттік органдардың өкілдері, медицина саласының ардагерлері мен өңір дәрігерлері қатысты.

Салтанатты жиында облыс әкімі жиналғандарды құттықтап, жаңа нысанның өңір үшін маңыздылығына тоқталды.

«Әлеуметтік нысан Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Бас прокуратура қайтарған активтер есебінен және Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен салынды. Бұл – Маңғыстау жұртшылығы үшін үлкен қуаныш. Жаңа ғимарат жедел медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, тұрғындарға сапалы әрі уақтылы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Ақ халатты жандардың қажырлы еңбегі әрдайым құрметке лайық. Жаңа нысан сіздердің жұмыстарыңызды жеңілдетіп, кәсіби мүмкіндіктеріңізді кеңейтеді деп сенемін», деді Нұрдәулет Қилыбай.

Заманауи станция жылына 100 мың шақыртуға қызмет көрсетуге арналған. Ғимарат орталықтандырылған біріккен диспетчерлік қызметпен, симуляциялық және оқу-практикалық орталықпен, сондай-ақ 20 санитарлық автокөлікке арналған жылы гаражбен жабдықталған.

о

Сонымен қатар 2025 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған 32 санитарлық автокөлік сатып алынды. Бұдан бөлек «NCOC» компаниясының демеушілік қолдауы аясында қосымша 20 санитарлық автокөлік алынды. Бұл қолдау өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл нысан бірегейлігі жағынан Астана қаласынан кейінгі екінші станция. Алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде осындай үлгідегі медициналық мекемелер салу жоспарланып отыр. Бұл нысанның басты ерекшелігі – мұнда дәрігерлердің сапалы жұмыс істеуі үшін қажетті барлық жағдай жасалған.

Соңғы жаңалықтар