Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Біржолғы жәрдемақы: 28,5 мың отбасы қамтылды
Жыл басынан бері бала тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақыны 28,5 мың адам алды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 5,6 млрд теңге бағытталды.
Аталған төлемге бала туған, асырап алған немесе қамқорлыққа алған Қазақстан азаматтары, қандастар және елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады.
2026 жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 10 %-ға индекстелді. Бала тууына байланысты төлем көлемі айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты белгіленеді. Қазіргі мөлшері мынадай:
бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 164 350 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаға – 63 АЕК немесе 272 475 теңге.
Бала күтімі бойынша төлемдер
Бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы алуға 2026 жылғы қаңтарда 130,2 мың адам ие болды. Бұл бағытта 4,2 млрд теңге төленді.
Егер бала күтімін жүзеге асыратын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған болса, сондай-ақ асырап алған, қорғаншылыққа алған немесе өгей балалары бар отбасылар да (егер бала басқа ата-ананың отбасында есепке алынбаса) осы жәрдемақыны ала алады.
Ай сайынғы төлем мөлшері:
бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 24 912 теңге;
екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 29 454 теңге;
үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 33 952 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаға – 8,90 АЕК немесе 38 493 теңге.
Жұмыс істейтін азаматтарға әлеуметтік төлем
Жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем қарастырылған. Бұл төлем жүктілік және босану бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне есептеледі. Оның мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген күн санына байланысты анықталады.
2026 жылдың қаңтар айында аталған біржолғы әлеуметтік төлемді 17,4 мың адам алды. Жалпы төленген қаражат көлемі 16,8 млрд теңгені құрады. Орташа төлем мөлшері – 1 160 626 теңге.
Сонымен қатар бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-тан ай сайынғы әлеуметтік төлем тағайындалады. Бұл төлем баланың туған күнінен бастап есептеледі және соңғы екі жылда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 40 %-ы мөлшерінде төленеді. Егіз немесе одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке-жеке белгіленеді.
«Зейнетақы, жәрдемақы, айыппұл»: 2026 жыл ел тұрғындарына қандай өзгеріс әкеледі?
Қаңтар айында бұл төлем 16,5 мың адамға тағайындалып, 32,6 млрд теңге көлемінде қаржы төленді. Ай сайынғы орташа төлем 78 294 теңгені құрады.
Мемлекеттік қолдаудың мұндай тетіктері ана мен баланы әлеуметтік қорғауды күшейтіп, демографиялық өсімді ынталандыруға бағытталған.