Еске алу шарасына ардагер жауынгерлер, әскери қызметшілер мен қоғам өкілдері қатысты. Рәсім барысында тәжік-ауған шекарасында қызмет атқарған Қазақстан жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Іс-шарада Шекара қызметі директорының орынбасары генерал-майор Төлеужан Жүнісов және ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов сөз сөйлеп, жауынгерлердің әскери борышты абыроймен орындағанын атап өтті.

«Бұл күн – батальон жауынгерлерінің ерлігі мен Отанға адалдығының, әскери борышқа беріктігінің символы. Осы ретте батальон ардагерлерін Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы атынан тарихи датамен құттықтаймын», деді генерал-майор Қайрат Үмбетов.
Еске алу іс-шарасы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта ұйымдастырылған концерттік бағдарламамен жалғасты. Бағдарламада Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның, Шекара қызметінің Ән-би ансамблі солистері патриоттық бағыттағы шығармаларын орындады.
Айта кетейік, осыдан 25 жыл бұрын Қазақстанның әскери қызметшілері Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік міндетін аяқтап, елге оралды. Қазақстан Республикасының жеке құрама атқыштар батальоны 1993-2001 жылдар аралығында Пяндж өзені бойында мемлекеттік шекараны күзетті. Өкінішке қарай, қызмет барысында қазіргі Ұлттық ұланның, бұрынғы Ішкі әскердің 17 жауынгері ерлікпен қаза тапқан еді.