Төтенше жағдай • Бүгін, 09:47

Жаяу жүргінші өткеліндегі қаза: Павлодарлық тұрғындар бағдаршам талап етіп отыр

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодарда жаяу жүргіншілер өткелінде 13 жастағы жасөспірім қаза тапты. Қайғылы оқиға 6 ақпан күні кешке «Яблонька» бау-бақшасының аумағында болды. Жолдан өтіп бара жатқан жеткіншекті көлік қағып кеткен, деп жазады Egemen.kz.

Жаяу жүргінші өткеліндегі қаза: Павлодарлық тұрғындар бағдаршам талап етіп отыр

Фото: ашық дереккөз

Марқұмның аты-жөні – Әмір Жамбыл. Қазір баланың туыстары оқиға куәгерлерін іздеп жатыр. Олардың айтуынша, бір көлік тоқтап, баланы өткізіп жібергенімен, артқы жақтан келген кроссовер тоқтамай соққан.

«Жүргізуші ұсталды. Бірақ біз істің барлық мән-жайы анықталғанын қалаймыз. Камерадағы жазбалар шындықты ашуға көмектесуі мүмкін», дейді жақындары.

Оқиға орнында болған өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева бұл аумақтың бұрыннан қауіпті екенін айтты. Аталған жол – республикалық маңыздағы тасжолдың бөлігі. Тұрғындар мұнда көліктер тоқтамай өтетінін, ал жаяу жүргіншілердің өмірі күн сайын қатерге тігіліп жатқанын жеткізді.

Жол-көлік оқиғасын азайтудың бір шарасы

«Жол бойындағы қоршаулар жүргізушілерге бұл жерді жылдам жүретін тасжол сияқты көрсетеді. Жаяу жүргінші өткелі бар екенін елемейтіндер көп. Камералар айыппұл салғанымен, адам өмірін қорғай алмай отыр. Бізге батырмасы бар бағдаршам қажет», дейді тұрғындар.

Бұл аумақта 500-ге жуық үй бар, жүзден астам бала күн сайын осы жолды кесіп өтеді. Жергілікті халық бірнеше рет жауапты мекемелерге жүгінгенін, бірақ мәселе сөз жүзінде қалып отырғанын айтады.

«Мұнда ересек адамның өзі қауіптенеді. Ал бала үшін бұл өткел – нағыз қатер. Бағдаршам қойылмайынша, мұндай жағдай қайталана береді», деді Сәуле Шәкенева.

Ол осы мәселені шешу жөнінде Хасар Хабылбековке үндеу жолдаған.

Әмір Жамбыл көпбалалы отбасындағы кенже бала еді. Оны көлік үйіне жақын жерде қағып кеткен. Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәліметке сәйкес, Jac маркалы көліктің жүргізушісі баланы қағып кеткен. Жасөспірім алған жарақатынан ауруханада көз жұмды.

Қазақстанда бағдаршам тәртібі өзгереді: нені білу керек?

Қазіргі таңда көлік арнайы тұраққа қойылып, оқиғаның себептері анықталып жатыр. Тұрғындар болса, кезекті уәде емес, нақты шешім қажет екенін айтып отыр.

Бұдан екі ай бұрын дәл осы Павлодарда екі жүргізуші жол-көлік апатынан көз жұмғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар