Үкімет • 04 Ақпан, 2026

Қанат Бозымбаев өңірлердің су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық барысын тексерді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қанат Бозымбаев өңірлердің су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық барысын тексерді

Вице-премьер су шаруашылығы нысандарының, жолдар мен көпірлердің, жедел ден қою күштері мен құралдарының дайындығын тексеріп, «Talsim» жүйесінің болжамдық деректерімен және «Tasqyn» жүйесіндегі су тасқынын модельдеу нәтижелерімен танысты. Сонымен қатар қауіп деңгейі жоғары аймақтарға жатқызылған өңірлердің есептері тыңдалды.

Өңірлерде су тасқынының алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. 831 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, топырақ үйінділері тұрғызылды. 1 мың шақырымнан астам дренаж жүйелері, арналар мен арықтар жөнделіп, қайта салынды. Автомобиль және теміржол учаскелерінде 934 су өткізу құрылысы орнатылып, ауыстырылды, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында көпірлерге күрделі жөндеу жүргізілді.

Солтүстік Қазақстандағы су тасқыны қаупі сейілді ме?

Су тасқыны қаупі бар өзен учаскелерінде шамамен 166 шақырым арнаны тереңдету, 255 шақырым жағалауды бекіту, 221 шақырым арналарды түзеу және 172 шақырым су арнасы мен өзен арналары тазартылды. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр.

Қараша-қаңтар айлары аралығында Төтенше жағдайлар министрлігінің лауазымды тұлғалары барлық өңірді аралап, олардың су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындығын бағалады.

«Қазгидромет» РМК-ның алдын ала гидрологиялық болжамына сәйкес, биылғы көктемде республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде. Осыған байланысты өңірлердегі су тасқыны қаупіне алдын ала баға берілді.

Өңірлер ықтимал су тасқынына дайын ба?

Премьер-министрдің орынбасары Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында су тасқынының алдын алу шараларын күшейту қажеттігін баса айтты.

«Көктемнің басы жылы әрі жауын-шашынды болады деп күтіледі. Өткен күзде толассыз жауған жаңбыр бірқатар өңірде жер бетінде мұз қыртысының түзілуіне әкелді, бұл су тасқыны жағдайын күрделендіруі мүмкін. Осыған байланысты түрлі жағдайға дайын болып, қажетті шараларды алдын ала қабылдау маңызды. Бұл, әсіресе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Абай облысының әкімдіктеріне қатысты, өйткені ол өңірлерде бірқатар мәселе бар, ал олардың кейбірі бойынша шешім әлі күнге дейін қабылданбаған», деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Су тасқынына дайындық күшейтілді
Соңғы жаңалықтар