Енді егер атқарылатын жұмыста еңбек қатынастарына тән кемінде бір белгі болса, жеке тұлғамен азаматтық-құқықтық шарт жасасуға тыйым салынады. Бұл норма қызметкерді әлеуметтік кепілдіктерден айыру тәжірибесіне тосқауыл қоюды көздейді.
Қабылданған түзетулерге сәйкес, ұжымдық шарттарда жалақының ең төменгі және ең жоғары мөлшеріне қойылатын талаптар міндетті түрде көрсетіледі. Сондай-ақ жәрдемақылар мен өтемақылардың барлық түрі, оның ішінде өндірістегі жазатайым оқиғаларға байланысты төлемдер де нақты жазылуға тиіс.
Өндірістік жарақаттың ауырлық деңгейін айқындау тәртібі енді денсаулық сақтау органы арқылы бекітіледі. Бұл шешім еңбек даулары кезінде медициналық қорытындылардың бірізді әрі объективті болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар келісу комиссиясының жұмысына делдал тарту тәртібі нақтыланып, еңбек дауларын реттеу тетіктері айқындалды. Ал еңбек қауіпсіздігі жөніндегі маманның тікелей ұйым басшысына бағынуы туралы норма енгізіліп, жұмыс берушінің жауапкершілігі күшейтілді.
Жалпы алғанда, қабылданған түзетулер еңбек қатынастарын заң аясында рәсімдеуді талап етіп, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы жауапкершілік теңгерімін нығайтуға бағытталған.