Депутаттың айтуынша, бірқатар агротехникалық колледждерде қолданылып жүрген техника әбден ескірген, ал өндірістік шеберханалардың жабдықталу деңгейі заман талабына сай емес. Бұл жағдай агроөнеркәсіп кешеніне қажетті мамандарды сапалы даярлауға кедергі келтіреді.
«Қазіргі өндіріс цифрлық және интеллектуалдық жүйелермен жұмыс істей алатын, кәсіби даярлығы жоғары мамандарды қажет етеді. Мұндай жағдайда оқытуға формалды түрде қарауға жол беруге болмайды», деді депутат.
Осыған байланысты Асылбек Нұралин агротехникалық білім беру жүйесінде ақылы дуалды оқытуды енгізуді ұсынды. Оның үлгісіне сәйкес, студенттердің уақытының 60%-ы нақты өндірісте тәжірибеден өтуге, 40%-ы колледж қабырғасындағы теориялық оқуға бөлінуі тиіс. Мұндай тәсіл болашақ маманның еңбек нарығына бейімделуін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ депутат колледждерді қаржыландыру тетігін қайта қарауды қажет деп санайды. Салалық ерекшеліктер ескеріліп, қаражат ең алдымен оқу техникасын жаңартуға, өндірістік базаны күшейтуге және педагогтердің біліктілігін арттыруға бағытталуы тиіс.
Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Smart-аудитория ашылды
Депутаттық сауалда көтерілген бұл мәселелер агроөнеркәсіп кешенінің кадрлық әлеуетін нығайтуға, ауыл шаруашылығының технологиялық дамуына серпін беруі мүмкін.