Елордада осы мақсаттағы JOLTAP жобасы жалғасып жатыр. Бастама мыңдаған астаналыққа еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды тегін меңгеруге, жұмыс табуға және табысын арттыруға мүмкіндік берді. Жоба түлектерінің бірі, көпбалалы ана – Балжан Оңғарбаева.
JOLTAP-пен жоба бастағандар көп: Елордалық тұрғын өз табысын қалай арттырды?
39 жастағы Балжан бұған дейін кәсіпкерлікпен айналысып көрмеген. Астаналық өткен жылы тамыз айында онлайн-сауда курсын оқып, өзінің Kaspi-дүкенін іске қосты. JOLTAP жобасы туралы ол танысынан естіп, бірден «Kaspi-дүкендегі сауда» бағытына жазылған.
Түлектің айтуынша, оқу барысында тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар қазір қолданып жүрген практикалық дағдыларды меңгерген.
«Курста сапалы білім алдым. Бағдарламаға сай, ақпаратпен қанықтым. Күн сайын тапсырмалар да берілді. Соның әсерінен Kaspi-дүкенмен қалай жұмыс істеу керегін, тауарға тапсырыс беру, табысты дұрыс есептеу және тауарларды талдау жолдарын егжей-тегжейлі түсіне бастадым», деді Балжан Оңғарбаева.
Оқу барысында ол онлайн-сауданың қыр-сырын меңгеріп, көп ұзамай сатылымды бастап кеткен.
«JOLTAP» - еңбекке жол ашқан мүмкіндік
«Бізге тек сапалы тауарларды сатуға кеңес берілді, мен осы қағиданы ұстанамын. Себебі Kaspi-дүкенде жоғары рейтингті сақтау өте маңызды. Сатып алушылар ең алдымен рейтингке назар аударады. Қазіргі заманда сұранысқа ие дағдыларды үйрену әрдайым маңызды. Болашақта JOLTAP бағдарламасының курстарына ұлым мен қызымды да жаздырғым келеді», деді астаналық кәсіпкер.