Фото: Ашық дереккөз
Назарбаев университеті (NU) бір топ ғылым тақырыбын жазатын журналистерді жинап, бейресми форматта ғалымдармен кездесу ұйымдастырды. Сол жерде басты спикер болған аэроғарыш инженері Дмитрий Сизов жер орбитасы спутниктер мен қоқыс бөліктеріне толып бара жатқанын айтты.
«Ғарыштың бәрі қоқысқа толып кетті деп айта алмаймыз. Бірақ ең қажетті кеңістік қалыңдап барады. Оқырманға ұғынықты болу үшін қарапайым мысалмен түсіндіріп көрейін. Мәселен, біз Астана қаласынан Алматы қаласына жеңіл көлікпен жол тарттық делік. Автожол қоқысқа толып кетсе, сіз жолсызбен жүріп кете бере алмайсыз ғой. Сол секілді спутниктердің де ғарышта жүретін нақты бағыты, жолы, кеңістігі бар. Керек тұсы жабық болса, жол жоқ деген сөз. Осы тұрғыдан ғарышты игеруде әлемге ортақ мәселе бар. Жер орбитасы спутниктер мен қоқыс бөліктеріне толып бара жатыр. Бұл түйткіл байланысқа, GPS және ауа райын бақылауға әсер етеді. Өйткені бәріміз білетіндей, біз жерді ғарыштан бақылаймыз», дейді Д.Сизов.
Спикердің сөзіне сенсек, ғарыштағы ғаламға ортақ сұрақтың жауабын табу үшін әлемдегі көптеген зерттеуші өз шешімдерін ұсынған. Бірақ жер орбитасын нақты тазарта алған ешкім жоқ. Егер Д.Сизов өз тобындағы бірнеше ғалыммен бірлескен жобасы сәтті нәтижесін берсе, түйткілдің түйінін тарқатқан алғашқы ел Қазақстан болуы мүмкін. Осыған орай ғалымдар Ғылым және жоғары білім министрлігінен 120 млн теңгеге арнайы грант алған. Қазір Q1 деңгейлі ғылыми журналға зерттеу туралы мақала дайындап шығарғалы отыр. Сол материал жарық көргенде жұмысты егжей-тегжей тарқатып айтуға болады.
Әзірге бізге белгілісі NU зерттеушілері спутниктер инфрақұрылымын қауіпсіз басқаруды түсіну үшін ғарыш қоқысын қадағалау және «тазалау» бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Спутниктер қызметін белсенді пайдаланатын ел ретінде Қазақстан үшін бұл өте маңызды. Тіпті шағын соқтығыстар да байланысқа, навигацияға және метеорологиялық бақылауларға әсер етуі мүмкін.