Нарық көлемі мен қаржылық көрсеткіштер
Зерттеу деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың 6 айында бөлшек электрондық сауда нарығының ақшалай көлемі 1 721 млрд теңгені құрады. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19%-ға өскен. Нарық көлемі 3,4 млрд долларға жетіп, 4%-дық өсімді тіркеді.
Алайда, тоқсандық динамика нарықтың өсу қарқынының біршама бәсеңдегенін байқатады. Егер 2025 жылдың бірінші тоқсанында көрсеткіш 863 млрд теңге болса, екінші тоқсанда бұл сан 859 млрд теңгеге дейін (0,4%-ға) азайған. Бұл құбылыс нарықтың экстенсивті дамудан кемелденген, тұрақты қалыпқа көшуімен түсіндіріледі.
Транзакциялар динамикасы және тұтынушылық мінез-құлық
Нарықтың ақшалай өсімінен гөрі, операциялар санының артуы әлдеқайда қарқынды болды. Есепті кезеңде транзакциялар саны 27%-ға артып, 90,1 млн бірлікті құрады. Бұл – халықтың онлайн сатып алуды жиілеткенін, бірақ сомасы азырақ тауарларға басымдық бере бастағанын аңғартады. Осыған байланысты орташа чектің төмендеуі байқалады:
- Теңгедегі орташа чек: 19,1 мың теңге (былтырғыдан 6%-ға аз).
- Доллардағы орташа чек: 37,3 доллар (18%-ға төмендеген).
Strategy& серіктесі және Еуразия өңіріндегі консультациялық практиканың жетекшісі Наталья Лим нарықтағы бұл өзгерістерді былайша тұжырымдайды:
«2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандағы бөлшек электрондық коммерция нарығы өсуін жалғастырып, 1 721 млрд теңгеге немесе 3,4 млрд долларға жетті. Ағымдағы динамика нарықтың біртіндеп неғұрлым кемелденген даму моделіне көшуін айғақтайды, мұнда өсім онлайн-арналардың күнделікті тұтыну дағдысына айналуы есебінен қамтамасыз етіледі. Маркетплейстер төмен құны бар күнделікті қажетті тауарларға деген сұранысты шоғырландыра отырып, онлайн-тұтыну ландшафтын өзгертуде шешуші рөл атқаруды жалғастырып отыр. Транзакциялар саны 27%-ға өсті, ал теңгедегі орташа чек 6%-ға төмендеді», дейді Наталья Лим.
Маркетплейстердің үстемдігі және нарық құрылымы
Отандық e-commerce нарығында маркетплейстердің үлесі абсолюттік көрсеткішке жақындап келеді. Бүгінде барлық онлайн сауданың 92%-ы маркетплейстер арқылы өтеді (былтыр бұл көрсеткіш 89% еді).
- Жергілікті платформалар нарықтың 68%-ын иеленеді.
- Халықаралық платформалар: 24%-ды құрайды.
- Жеке интернет-дүкендер үлесі 8%-ға дейін қысқарған, бірақ олардағы орташа чек (37,7 мың теңге) маркетплейстерге (18,4 мың теңге) қарағанда екі есе жоғары. Бұл мамандандырылған дүкендердің қымбат әрі нишалық тауарлар сегментінде сақталғанын білдіреді.
Маркетплейстердегі тауарлар мен қызметтерді бөліп төлеу ережесі реттелмек
Даму драйверлері мен негізгі трендтер
Зерттеу авторлары нарықтың өсуіне бірнеше фактордың әсер еткенін атап өтті:
- Логистикалық инфрақұрылым: Фулфилмент-орталықтар мен тапсырыс беру пункттерінің жаппай ашылуы жеткізу уақытын қысқартып, қолжетімділікті арттырды.
- Цифрлық сауаттылық: Қазақстанда интернет пайдаланушылар саны 19,5 млн-ға (халықтың 93,4%-ы) жетті.
- Қаржылық құралдар: Бөліп төлеу мен несиелік өнімдердің маркетплейстермен бірігуі сауданың негізгі қозғалтқышы болып қала бермек. Алайда, 2025 жылдың екінші тоқсанындағы бәсеңдеу тұтынушылық несие беруді реттеудің қатаңдауымен де байланысты болуы мүмкін.
Қазақстандағы электрондық коммерцияның жалпы бөлшек саудадағы үлесі 17,1%-ға жетті. Бұл – әлемдік деңгейдегі орташа көрсеткіштермен иық тіресетін нәтиже.
Маркетплейстерде «Қазақстанда жасалған» деп аталатын арнайы бөлім ашылады
Сауданың онлайн болғаны – заман ағымы. Бірақ сол виртуалды сөрелерде отандық өндірушілердің өнімі де салмақты орын алса, ұлттық экономиканың еңсесі одан бетер тіктелері анық. Цифрлық әлемнің шырмауына іліккенде, сатып алудың жеңілдігіне ғана емес, оның экономикалық тиімділігі мен ұлттық мүддеге сәйкестігіне де мән берген абзал.