Сталкинг құрбаны болған қыздың өліміне қатысты іске Мемлекет басшысы назар аударып, ІІМ мен Бас прокуратураға тікелей бақылау жасауды тапсырған еді. Президент тапсырмасымен аталған іске немқұрайды қараған бірқатар полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, қызметінен босатылды. Аға лейтенант Әбілғазы Артықбай сол жұмыстан қуылған полицейлердің бірі. Ол өзінің және басшылық құрамның жұмыстан шығарылуы негізсіз қабылданған шешім деп отыр. Ә.Артықбай бұл туралы заңгер Айгүл Орынбекке берген сұхбатында айтқан.
Оның айтуынша, ол оқиға болған күні шақырту бойынша Шерхан (Нұрайға пышақ жарақатын салған күдікті) есімді азаматтың үйіне барып, қыз бен жігіттен түсініктеме алған. Сол сәтте ол бойжеткеннің аталған үйге өз еркімен келгенін растайтын бейнежазба түсіріп алған. Кейін сол видеоны Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне ұсынған. Алайда олар бұл материалды қоғам назарына ұсынудан бас тартқан. Оның пікірінше, істің біржақты көрсетілуі қоғамдық қысымды күшейтіп, нәтижесінде ол және оның басшылары қызметінен босатылған.
«20 қаңтардағы Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес, мені және басшыларымды себепсіз жұмыстан шығарды. Тоғыз жыл бойғы еңбегім еш ескерусіз қалды», деді Ә.Артықбай.
Аталған оқиға мұнымен шектелмей, ауыр отбасылық трагедияға да ұласқан. Ә.Артықбайдың айтуынша, анасы ұлының жұмыстан шығарылғанын естіген кезде жүрегі шыдамай, көз жұмған.
«Әр қадамын аңдыған». Шымкенттегі жас қыздың өліміне қатысты тың деректер мәлім болды
Бұрынғы полиция қызметкері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ресми үндеу жасап, істің әділ, ашық және жан-жақты қаралуына ықпал етуді сұрап отыр.
Шымкентте көпқабатты үйдің алдынан жас қыздың мәйіті табылды