Қазақстанның ЕАЭО-дағы басым бағыттары туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың қарсаңында одаққа мүше мемлекеттер басшыларына жолдаған үндеуінде мәлімдеді.
Негізгі басымдықтардың алдыңғы қатарында экономиканы цифрландыру тұр. Қазақстан өзін цифрлы мемлекет ретінде қалыптастыруды мақсат етіп отыр және жасанды интеллект экожүйелерін ЕАЭО-ға мүше өзге елдерде де дамытуға атсалыспақ. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Арменияға мамыр айында ЕАЭО шеңберінде жасанды интеллектіні жауапты дамыту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қоюды ұсынды.
Тағы бір маңызды бағыт – кедергісіз сауда қағидатын іске асыру. Қазақстан тарапы жүк көліктерінің шекарада ұзақ тұрып қалуын, артық бюрократиялық рәсімдерді жоюды көздейді. Мақсат – кедендік және бақылау шараларының мемлекеттер арасында қысым құралына айналуына жол бермеу. Бұл үдерісті бақылау үшін де жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылып отыр.
Еуразиялық экономикалық одақ: Жаңа міндеттер мен мүмкіндіктер
Сонымен қатар Қазақстанның төрағалығы кезінде ЕАЭО-ның сыртқы әлеммен экономикалық байланысын кеңейтуге ерекше назар аударылады. Индонезия, Моңғолия және Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда және әріптестік туралы жаңа келісімдерге қол қойылуы осы бағыттағы алғашқы нәтижелердің бірі саналады. Алдағы уақытта Араб елдерімен, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка мемлекеттерімен ынтымақтастықты тереңдету жоспарланып отыр.
Осылайша, Қазақстанның ЕАЭО-дағы төрағалығы цифрландыруға, еркін саудаға және жаһандық экономикалық байланыстарды кеңейтуге негізделген жаңа даму бағытын қалыптастыруды көздейді.