Фото: ашық дереккөз
Мысалы, кейінгі 12 жылдың ішінде алапес 3 адамнан ғана табылған, соңғы рет 2017 жылы анықталған. Соңғы деректерге сәйкес, 2026 жылдың басында Қазақстанда 212 науқас пен қарым-қатынаста болған 224 адам есепте тұр.
Алапесті емдеу тарихында ел дәрігерлері түрлі әдістерді қолданып келген. Бастапқыда іс-шаралар негізінен пациенттерді анықтап, оқшаулауға бағытталса, кейін химиотерапия жүргізу міндеті бірінші орынға шықты. Қазіргі таңда да мүгедектіктің алдын алып, науқастарды оңалту арқылы алапес ауруының өршуіне жол бермеу өзектілігін жойған емес.
– Елімізде алапес түпкілікті келмеске кетіп барады. Қазақстан аурудың ауыртпалық деңгейі төмендеген елдердің қатарында. Бүкіл әлемде алапестің алдын алу мәселелеріне үлкен мән беріледі. Аурудың қайталануына жол бермеу, салдарымен күресу, асқынуын, қайта бас көтеруін қаперде ұстау басым міндет болып қала береді, – дейді ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Роза Қуанышбекова.
Қазақстанда алапес ауруымен күрес шамамен жүз жыл бұрын, 1929 жылы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен Қазақ КСР-інде алапеспен емдеу туралы шешім қабылданған кезден басталады. Бүгінде Қазақ республикалық лепрозорийі – ерекше типтегі мамандандырылған емдеу мекемесі, ол тек ерекше емдеуді ғана емес, сонымен қатар өз пациенттерін оңалтуды да жүзеге асырады. Лепрозорий Қызылорда облысында орналасқан және екі диспансері бар. Арнайы емдеуден басқа науқастарға барлық қажетті медициналық көмек (хирургиялық, офтальмологиялық, стоматологиялық, терапевтік және т.б.) пен оңалту қызметтері көрсетіледі.

– Лепрозорий алапеспен ауыратындарды оқшаулайтын орын емес. Есепте тұрған пациенттердің басқа елдегі медициналық ұйымдарда емдеу-сауықтыру және оңалту қызметтерін алу мүмкіндігі бар. Пациенттердің арасында үнемі медициналық көмекке мұқтаж, баспанасыздар, туыстары жоқ немесе бас тартқан, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ, әлеуметтік баспанаға мұқтаждар да бар. Алапеске душар болғандарды диспансерлеу қайталану қауіптілігіне байланысты өмір бойы жүзеге асырылады, – дейді Қазақ республикалық алапес ауруының бас дәрігері Молдағали Сейталиев.