Іс-шара аясында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасындағы барлық күштік құрылымдардың әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелері жылына бір рет ел аумағында жолаушылар пойыздарымен тегін қатынай алатыны жөнінде нақты мәлімет берілді. Бұл бастама әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың отбасымен бірге сапарлау мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Ақпараттандыру барысында «Жолаушылар тасымалы» АҚ Тасымалдау экономикасы және есебі департаментінің бас менеджері Айнұр Базарбаева тегін жол жүру құқығы тек Қазақстан ішіндегі бағыттарда қатынайтын жолаушылар пойыздарына қолданылатынын атап өтті. Сондай-ақ, аталған шығындар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қаражаты есебінен өтелетінін түсіндірді.
Жиынға қатысқан «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ тариф саясаты департаментінің директоры Диас Түсіпбеков әскери қызметшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, жеңілдікті пайдалану барысында туындауы мүмкін техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерге тоқталды.
Іс-шара қорытындысында ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов бұл бастаманың маңызын атап өтті.
Әскерилерге бөлінетін қаражат – ең алдымен адамға бағытталуы тиіс
Ол жобаны іске асыру барысында белгіленген талаптардың қатаң сақталуы қажеттігін айтып, аталған әлеуметтік қолдаудың әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға, демалысты алдын ала жоспарлауға және жол шығындарын едәуір азайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді.