Іс материалдарына сәйкес, 2007 жылы премьер-министр болған Виктор Янукович Киев облысындағы Днепр-Тетерев орман-аңшылық шаруашылығына қарасты орман қоры жерін иемдену мақсатында жер мәселесіне қатысты шешімдердің қабылдануына бастамашы болған.
«Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін бұрынғы президенттің сыбайластары өздеріне жақын адамдарды тартқан. Олар Киев облыстық мемлекеттік әкімдігіне көлемі 1 гектарға дейінгі жер телімдерін беру туралы бірнеше өтініш тапсырған, кейін олардың нысаналы мақсатын өзгертуге қол жеткізген. Бұл өз кезегінде жерді бұрынғы президенттің бақылауындағы компанияға кедергісіз беруге мүмкіндік берді», деп хабарлады ВАКС.
2009-2011 жылдары аталған аумақта қонақүй-мейрамхана кешені салынған. Виктор Янукович бұл нысанды жеке қажеттіліктері үшін пайдаланған.
Сот экс-президентті орман қорының аумағындағы көлемі 17,5 гектар болатын, шамамен 22 млн гривен (260 миллион теңгеге жуық) тұратын жер телімін заңсыз иемденгені үшін кінәлі деп таныды.
2025 жылғы сәуір айында Виктор Янукович сондай-ақ әскерден қашуға итермелеу және мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өтуге ұйымдастырушылық жасағаны үшін сырттай 15 жылға сотталған болатын.
Ал 2019 жылғы қаңтарда оған Украинаға қарсы агрессиялық соғыс жүргізуге көмектесті және мемлекетке опасыздық жасады деген айыптар бойынша 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Бұл үкім де сырттай шығарылды, себебі бұрынғы президент 2014 жылы елден қашып кеткен.
Зеленский Трамппен Украина мен АҚШ арасындағы еркін сауда туралы келісімді талқылады
Бұған дейін Украина Бас прокуратурасы Виктор Януковичтің Ресей Федерациясының Мәскеу облысындағы Барвиха елді мекенінде жүргенін хабарлаған. Янукович Украинаны 2010–2014 жылдар аралығында басқарған болатын.