AERC жүргізген есепке сүйенсек, 2025 жылдың желтоқсанында жаңа тұрғын үй бағасы бір жылда 15,7%-ға өскен. Бірақ, бұл өсім барлық қалада бірдей емес. Бір өңірде баға қатты көтерілсе, енді бір жерде өзгеріс аса байқалмайды.
Мәселен, Қонаев пен Павлодарда жаңа пәтерлер бір жылда 23%-ға қымбаттаған. Алматыда өсім 20%-ға жетсе, Астанада 17,4%-ды құрады. Ал Петропавл мен Семейде баға бар болғаны 2-3 пайыз шамасында ғана көтерілген. Желтоқсан айының өзінде жаңа үйлердің құны тағы 0,4 пайызға артқан.
Бағаның өсуімен қатар, пәтер сатып алушылар да көбейіп келеді. Былтыр желтоқсанда бір айдың ішінде 53 мыңнан астам сатып алу-сату мәмілесі жасалған. Бұл қараша айымен салыстырғанда үштен біріне жуық көп. Мұндай белсенділікке бірнеше себеп бар. Құрылыс компаниялары жаңа Салық кодексі талқыланып жатқан тұста қарқынын бәсеңдетпей отыр. Оған қоса, жеңілдетілген ипотека мен мемлекеттік қолдау тетіктері де нарықты ұстап тұр.
Елімізде тұрғын үйді жалға алу бағасы өсті. Баспана қай аймақта қымбатқа түседі?
Ұлттық статистика бюросы деректері жаңа пәтердің орташа бағасы қазір қанша екенін көрсетеді. 2025 жылдың желтоқсанында ел бойынша бір шаршы метрдің құны шамамен 571 мың теңгеге жеткен. Алматыда бұл көрсеткіш ең жоғары, ал Оралда ең төмен деңгейде қалып отыр.
Ал Krisha.kz сайтындағы хабарландыруларды қарасаңыз, бағаның одан да жоғары екенін байқауға болады. Мұнда бір шаршы метрдің орташа құны 556 мың теңгеден асады, ал элиталық үйлерде баға миллион теңгеден де жоғары.
Қысқасы, қазіргі көрініс бір нәрсені аңғартады: тұрғын үй нарығында сұраныс бар, қозғалыс бар. Сондықтан әзірге үй бағасы өздігінен түсіп кетеді деп күту қиын.