Экономика • 16 Қаңтар, 2026

Қазақстан КТК ахуалына байланысты мұнай тасымалдау маршрутын өзгертетін болды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл соңында Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалына шектеулер қойылған тұста Қазақстан экспорт бағыттарын қайта қарап, шамамен 300 мың тонна мұнайды балама жолдармен жөнелтті. Бұл туралы ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстан КТК ахуалына байланысты мұнай тасымалдау маршрутын өзгертетін болды

Фото: ашық дереккөз

Компания мәліметінше, 2025 жылдың желтоқсан айының соңында КТК бағытындағы шектеулерге байланысты Қазақстан мұнайы ҚазТрансОйл (ҚТО) жүйесі арқылы өзге экспорттық маршруттарға бағытталған.

«Көлемі шамамен 300 мың тонна мұнай ҚТО жүйесімен экспорттық бағытта жеткізу үшін қайта бағытталды. Атап айтқанда, Германияға, Қытайға, Баку – Тбилиси – Жейхан бағытымен, сондай-ақ Новороссийск пен Усть-Луга порттары арқылы жөнелтілді. 2026 жылдың қаңтар айында да ҚТО тарапынан мұнай қабылдаудағы шектеулер сақталуына байланысты қайта бағыттау шаралары жалғасады», деп хабарлады компания.

Ұлттық компания дерегіне сәйкес, 2025 жылы Германияға жеткізілетін Қазақстан мұнайының көлемі артқан. Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына 2,1 млн тонна мұнай экспортталған. Ал 2026 жылы бұл көрсеткішті 2,5 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Қазақстан мұнайы теңізге неге жете алмай жатыр?

Сонымен қатар Ақтау порты арқылы Баку – Тбилиси – Жейхан бағытымен тасымалданған мұнай көлемі 1,3 млн тоннаны құрады. Алдағы жылы бұл көлем 1,6 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін. Қытай бағыты да тұрақты сақталып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қытай Халық Республикасына 1,1 млн тонна Қазақстан мұнайы экспортталған.

Консорциумдегі жағдайға келсек, өткен жылдың 29 қарашасында Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалына кезекті шабуыл жасалып, сыртқы айлақ құрылғысы айтарлықтай зақымданған. Бұған дейін, 25 қарашада түнгі дрон шабуылы салдарынан Новороссийск маңындағы КҚК теңіз терминалының әкімшілік ғимаратына да зақым келгені хабарланған.

Қазақстанның мұнайын тасымалдайтын танкерлер шабуылға ұшырады

Осы оқиғалардан кейін Қазақстанның Энергетика министрлігі мұнайды балама бағыттарға бұру жөнінде мәлімдеген болатын. КҚК инфрақұрылымына қатысты шабуылдарға байланысты пікірді халықаралық серіктестер де білдірді. Атап айтқанда, жағдайға Chevron компаниясы да түсініктеме жасаған.

Бұдан бөлек, Новороссийскідегі «Шесхарис» ірі мұнай айлағына жасалған дрон шабуылдары да тіркелді. Бұл кешен арқылы да қазақстандық мұнай тасымалданады. Ол кезде Энергетика министрлігі мұнай қабылдау мен тасымалдау штаттық режимде жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді.

Ақпан айында украиналық дрондар Каспий құбыр консорциумының «Кропоткинская» станциясына шабуыл жасап, тасымал көлеміне уақытша шектеу қойылған. Кейін мұндай шабуылдар наурыз айында да қайталанды. Артынша Украина мен Ресей КҚК нысандарына соққы жасамау жөнінде келісімге келгені туралы ақпарат тарады.

Қалай болғанда да, КҚК бағытындағы қатерлер Қазақстанды экспорттық логистиканы әртараптандыруға итермелеп отыр. Ұлттық компания мәліметінше, балама бағыттар арқылы мұнай жеткізу жұмысы алдағы уақытта да жалғаса береді.

Соңғы жаңалықтар