Іс-шараға «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Вера Ким, Жарқынбек Амантай және Нұржан Әшімбетов қатысты. Ашық форматта өткен әңгімеде волонтерлік жұмыстың ел өміріндегі орны мен оны одан әрі дамыту тетіктері талқыланды.
Мәжіліс депутаты, Ұлттық волонтерлік желінің жетекшісі Вера Ким елімізде еріктілік бір реттік бастама емес, жүйелі институтқа айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыт Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен дамып келеді.
«Қазақстандағы волонтерлік – мемлекеттің қолдауымен жүргізілетін жүйелі жұмыс. Президентіміз волонтерлік қозғалыс қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанын бірнеше рет атап өтті. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы тұрақты даму мақсатында 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялау туралы қарар қабылдады. Бұл – Қазақстан мен біздің еріктілердің жаһандық орнықты дамуға қосқан үлесінің мойындалуы», деді ол.
Вера Ким 2020 жылы Еріктілер жылы жариялануы бұл салаға жаңа серпін бергенін, сол кезеңде волонтерлер қызметін реттейтін заңнама айтарлықтай жаңарғанын еске салды.
Жарқынбек Амантайұлы «AMANAT» партиясының еріктілері ел басына күн туған сәттерде әрдайым халықпен бірге болғанын айтты. Ол Екібастұздағы жылу жүйесіндегі апат, былтырғы су тасқыны, Қостанай облысындағы және Абай облысындағы орман өрттері кезінде жастардың алдыңғы шепте жүргенін мысалға келтірді. Осы жағдайлардың бәрінде партия мүшелері зардап шеккендерге көмек көрсеткен.
Павлодар облысындағы «Жас Ұлан» ұйымының үйлестірушісі Әйгерім Түсіпбекованың айтуынша, бүгінде өңірдің барлық мектебінде волонтерлік отрядтар жұмыс істейді. Олар экологиялық акцияларға қатысып, жалғызбасты зейнеткерлерге көмектеседі әрі өз бастамаларын жүзеге асырады.
Кездесуде қоғамдық ұйымдар волонтерлер үшін көлік мәселесі өзекті екенін көтерді. Белсенділер жұмыспен немесе оқумен қатар қоғамдық іске араласатындықтан, өңірлік фронт-офистердің жұмыс кестесін икемді ету қажет деген ұсыныс айтылды.
Депутаттар бұл бастамаларды алдағы уақытта заңнаманы жетілдіру барысында қарастыратынын мәлімдеді.
Еске салайық, кеше Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов және Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде жергілікті «Эко такси» отандық сервисінің жұмысымен танысып, Президенттік саябақты қайта құру барысын тексерді.