Институт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік, логистика және транзит салаларын дамытуға қатысты стратегиялық тапсырмаларын іске асыру аясында құрылып отыр. Президент өз Жолдауларында және жария сұхбаттарында көлік-логистикалық секторды дамыту Қазақстанның халықаралық экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және ұзақ мерзімді орнықты өсудің негізгі факторларының бірі екенін бірнеше рет атап өтті.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Мемлекет басшысы айқындаған міндеттердің ғылыми тұрғыда қамтамасыз етілуінің маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекет басшысы көлік пен логистиканы елдің стратегиялық басымдығы ретінде айқындады. Осы міндеттерді табысты іске асыру үшін саланы заманауи ғылыммен қамтамасыз ету қажет. Көлік ғылымдары мен технологиялары институты дәл осы мақсатқа қызмет етеді», деді ҰҒА президенті.
Оның айтуынша, Ұлттық ғылым академиясында «Көлік» бағыты бойынша арнайы ғылыми секция құрылып, бұл бағыт алғаш рет ғылымның басым бағыттарының тізбесіне енгізілген. Нәтижесінде көлік саласындағы ғылыми жобалар гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруға, сондай-ақ коммерцияландыру тетіктеріне қол жеткізді. Сонымен қатар институт қызметінде жасанды интеллект, геоақпараттық жүйелер және болжамдық модельдеу технологияларын қолдану көзделіп отыр. Бұл шешімдер көлік ағындарын оңтайландыруға, интеллектуалды логистиканы дамытуға және Қазақстанның транзиттік-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталмақ. Көлік ғылымдары мен технологиялары институтының құрылуы Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттерді ғылыми тұрғыда қамтамасыз етуге, Қазақстанның көлік саласын ұзақ мерзімді дамытуға және елдің Еуразиялық кеңістіктегі транзиттік әлеуетін нығайтуға берік ғылыми-технологиялық негіз қалайды.
Қазақстанның Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасуы елге халықаралық көлік-логистикалық хабқа айналу және қуатты транзиттік әлеует қалыптастыру үшін айрықша мүмкіндік береді.
Бүгінде республика аумағы арқылы 11 халықаралық көлік дәлізі өтеді, оның ішінде 6 автожол және 5 теміржол бағыты бар. Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 157 мың шақырымды, теміржол желілері 15 мың шақырымды құрайды.
Көлік ғылымдары мен технологиялары институты көлік саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын мамандандырылған ғылыми орталық ретінде жұмыс істейтін болады. Институт қызметінің негізгі бағыттарына көлік жүйесін дамытуға арналған ғылыми-техникалық негіздемелерді әзірлеу, транзит пен логистиканың тиімділігін арттыру, көлік инфрақұрылымының беріктігі мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз ету, инновациялық материалдар мен технологияларды енгізу, сондай-ақ көлік нысандарын әртүрлі жол-климаттық жағдайларға бейімдеу кіреді.
Институттың маңызды ғылыми бағыттарының бірі – Қазақстан аумағының жол-климаттық аудандастырылуын нақтылау. Қазіргі таңда ел аумағы екі ғана жол-климаттық аймаққа бөлінген. Жоспарланған ғылыми зерттеулер нәтижесінде өңірлік ерекшеліктерді ескеретін неғұрлым нақты жүйе қалыптастырылып, аймақтар саны алтыға дейін ұлғайтылмақ. Бұл жолдар мен көлік құрылыстарын жобалау, салу және пайдалану сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Институттың қызметі көлік инфрақұрылымының ұзақ қызмет етуі мен сенімділігін арттыруға, көлік жүйесін басқарудың тиімді әдістерін дамытуға, инновациялық материалдар мен технологияларды әзірлеу және енгізуге, сондай-ақ көлік құрылыстарын әртүрлі климаттық жағдайларға бейімдеуге бағытталатын болады.
Алматы