Қоғам • 09 Қаңтар, 2026

Астанада бала еміне деп ақша жинаған алаяқ ерлі-зайыптыға үкім шықты

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екеуі де кінәлі деп танылды. Астанада ауыр дертке шалдыққан баланы емдеуге ақша жинау сылтауымен алаяқтық жасағаны үшін айыпталған Даулет пен Толқын Тотақановтарға қатысты сот үкімі шығарылды. Тергеу нұсқасына сәйкес, жиналған қайырымдылық қаражаты мақсатсыз жұмсалған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада бала еміне деп ақша жинаған алаяқ ерлі-зайыптыға үкім шықты

Фото: medicalbusinesschool.com

Ерлі-зайыптыларға аса ірі көлемде алаяқтық жасау және алдын ала сөз байласу арқылы қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша айып тағылды. Прокурор Даулет пен Толқын Тотақановтарды кінәлі деп танып, әрқайсысын 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Әйел адамға қатысты прокурор кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты үкімнің орындалуын 2 жылға кейінге қалдыруды ұсынды.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі ерлі-зайыптыны ұлын емдеуге ақша жинау кезінде алаяқтық жасады деген күдікке ілінгенін хабарлаған. Тергеу деректеріне сүйенсек, олар 1,3 млрд теңгеден астам қаражат жинап, оның тек 6,4 млн теңгесін ғана мақсатты түрде пайдаланған. Ақша Instagram және Facebook желілеріндегі белсенді жарнама арқылы жиналған, қаражаттың едәуір бөлігі жарнаманы ілгерілетуге, сондай-ақ жылжымайтын мүлік, көлік сатып алуға және бәс тігуге жұмсалған. Қажетті сома жиналғанына қарамастан, шетелде жасалуы тиіс деп көрсетілген ота орындалмаған, тек соның көрінісі жасалған. Тергеу басталғаннан кейін ерлі-зайыптылар мүлікті жасыруға әрекеттенген, алайда тергеу бұл мәмілелерді жалған деп таныған. 

Сот Тотақанованың және оның анасының есепшоттарына шамамен 2,2 млрд теңге түскенін, оның ішінде 1,4 млрд теңгесі қайырымдылық қаражаты екенін анықтады. Үкімде судья қаражаттың төмендегі жылжымайтын және жылжымалы мүліктерді сатып алуға жұмсалғанын көрсетті:

  • жалпы құны 47 млн теңге болатын екі пәтер;

  • жалпы құны 8 млн теңге болатын жер телімдері;

  • құны 28 млн теңге болатын LEXUS RX 300 автокөлігі;

  • құны 8,2 млн теңге болатын Hyundai Santa Fe автокөлігі;

  • құны 15 млн теңге болатын Toyota Camry 75 автокөлігі;

  • Toyota Land Cruiser Prado 150 автокөлігі (бағасы анықталмаған).

Сонымен қатар ерлі-зайыпты брендтік тауарлар сатып алып, құмар ойындарға қатысып, оған 9,7 млн теңге жұмсаған. Facebook Ads жарнама платформасының қызметтері үшін 481 млн теңге төлеп, 349,5 млн теңге көлеміндегі қарыздарын жапқан. Сондай-ақ сот айыпталушылардың әрекеттерінен қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру белгілері бар екенін атап өтті. Тергеу депозиттік шоттардағы қаражаттан пайыз түрінде табыс алынғанын да анықтаған.

Баланың еміне бар болғаны 6,4 млн теңге бағытталған.

«Тотақановтар кінәлі деп танылып, жазаларды ішінара қосу арқылы 7 жылға бас бостандығынан айырылды, қайырымдылық жинаумен байланысты қызметпен 10 жыл айналысу құқығынан айырылды, мүлкі тәркіленіп, жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді», делінген судья үкімінде.

Сот үкімі әзірге әзірге заңды күшіне енген жоқ. 

Соңғы жаңалықтар