Аймақтар • 06 Қаңтар, 2026

Сегіз жасар шабандоз қыз жаңа жылда армандаған тұлпарына қол жеткізді

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңа жыл мерекесі павлодарлық Ясмина Қожанова үшін нағыз ғажайып кезеңге айналды. Ол әлеуметтік желідегі қолдаушыларының арқасында өзі армандаған тұлпарын тізгіндеп, қуанышқа бөленді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сегіз жасар шабандоз қыз жаңа жылда армандаған тұлпарына қол жеткізді

Биылғы жаңа жыл мерекесі алдында Ясмина жергілікті «Тұлпар Павлодар» ат клубының Instagram парақшасында «егер парақша 10 мың жазылушы жинаса, оның өз аты болу арманы орындалар еді» деген үмітін білдірген еді. Жеткіншектің бастамасы көпшіліктің кең қолдауына ие болып, нәтижесінде жазылушылар саны 17 мыңнан асты.

– Біз Ясминаның идеясын қолдадық, ал нәтиже күткеннен де жоғары болды. Бұл адамдардың игі істер үшін біріге алатынын көрсетті, –  деп атап өтті ат клубының өкілдері.

Тұлпар табысталған сәтте Ясмина шынайы алғысын білдіріп, тәлімгерлеріне және өз арманының орындалуына атсалысқан барлық жанға ризашылығын жеткізді.

Сегіз жасар Ясмина кішкене кезінен атқұмар болып өскен. Айтуынша, бұл ерекшелік оған әкесінен дарыған. Оның алғашқы ұстазы да әкесі.

Нұсқаушылар қыздың табиғи қабілетін ерекше атап өтеді: ол аттың көңіл күйін нәзік сезініп, оны сенімді түрде басқара алады. Бос уақытын ол көбіне ат үстінде өткізеді.

Соңғы жаңалықтар