Шабуыл туралы хабар "102" нөміріне 27 желтоқсанға қараған түні түсті. Патрульдік жасақ бірден көрсетілген мекенжайға барған. Полицейлерді дүкенде 72 жастағы әйел қарсы алды.
Жәбірленушінің айтуынша, дүкенге медициналық бетперде таққан төрт адам баса-көктеп кіріп келген. Қаскөйлер зейнеткерді тапаншамен қорқытқан, аспанға бір рет оқ атып, ақша талап еткен.
Осыдан кейін қарақшылар қосалқы үй-жайда тағы бірнеше сатушы жүргенін көріп, қашып кетті.
Буран-288 патрульдік полициясының экипажы екі күдіктіні ізін суытпай ұстады. Олар жиырма жаста, қазір уақытша қамау изоляторында отыр.
Түрксіб ауданы полиция басқармасының басшысы Еркін Амантаевтың айтуынша, тінту барысында фигуранттардың бірінен пневматикалық тапанша табылды.
Қалған екі күдіктінің кім екені анықталып жатыр. Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 192-бабы 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелді.
Күдіктілер мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.