Қазақстанның Ғарыштық зерттеулер институтының негізін қалаған Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімі отандық ғылымға өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлер қатарында аталады. Өмірзақ Махмұтұлының есімі физика-математика саласындағы сирек әрі маңызды зерттеулермен де тығыз байланысты. Ғарыш саласына қатысты зерттеулері еліміз ғана емес, алыс-жақын шетелдерде жоғары бағаланғаны белгілі. Ол Карлов, Париж, Киото, Стэнфорд және Мэриленд университеттеріне, Банах атындағы Халықаралық математикалық мектептерде ғылыми дәрістер оқып, НАСА (АҚШ), КНЕС (Франция) сияқты шетелдік жетекші ғарыштық агенттіктермен ғылыми байланыстар орнатты.
Ал «Мир» кешені бортында, халықаралық ғарыш стансасында ғарышкерлер Т.Әубәкіров пен Т.Мұсабаев қатысқан ғылыми зерттеулер мен тәжірибелердің төрт бағдарламасын әзірлеу мен жүзеге асыруға тікелей атсалысқаны отандық ғарыш саласындағы шоқтығы биік жетістіктердің бірегейі.
Өмірзақ Махмұтұлының ғылыми жетекшілігімен жарық көрген монографиялар мен оқулықтар бүгінде еліміздің жоғары оқу орындары студенттері үшін құнды еңбектер болып табылады.
Қалалық Мәдениет және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев осы игі шараны қолға алып, жүзеге асырып отырған ғалымның отбасына, Ұлттық кітапхана директоры Ж.Сейдумановқа ризашылық білдірді.
Ал ғалымның жары Райхан Ғаниқызы кітапханаға ғалымның математика, физика саласындағы ғылыми кітаптарын сыйға тартып, игі шараға атсалысып отырған азаматтарға алғыс айтты.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ