Қазақстан • 03 Қазан, 2017

Қазақстан, Беларусь және Ресейдің төтенше жағдайлар жөніндегі салалық ведомстволары басшылары кездесті

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан мен Беларусь және Ресейдің төтенше жағдайлар жөніндегі салалық ведомстволары басшыларының кезекті кездесуі өтті. 

 

Қазақстан, Беларусь және Ресейдің төтенше жағдайлар жөніндегі салалық ведомстволары басшылары кездесті

Осымен бесінші рет ұйым­дас­тырылған үшжақты дең­гей­дегі бірлескен отырысқа Қазақ­станның Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Беларусь Рес­публикасының Төтенше жағ­дайлар жөніндегі министрі Вла­димир Ващенко және Ресей Федерациясы Азаматтық қор­ғаныс, төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың салдарын жою істері министрі Владимир Пучков қатысты.

Халықаралық шеңберде өт­кен бірлескен алқа­ның күн тәртібінде IV отырыс ш­е­шім­дерінің орындалуы мен алдағы VI отырысты өткізу мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар төтенше жағ­­дайлар мониторингі мен олар­ды болжау саласындағы ма­ман­­­дарды дайындау, транс­шека­­­ралық сипаттағы оқыс оқи­ға­­ларға ден қою бойынша шека­ра­лық ынтымақтастық, су объек­­ті­леріндегі қауіпсіздікті қамта­масыз ету, селдердің алдын алу және ғарыш мониторингі дерек­­терін пайдалану мәселелері бойын­­ша тәжірибе алмасу, болуы ық­ти­мал жер сілкіністеріне назар ау­дару, жаңа салынып жатқан биік ғимараттардағы өрттерді сөн­­ді­руге күштер мен құралдарды дайындау сынды проблемалар жан-жақты сөз болды.

Бірлескен қызметтің стра­те­гиялық бағыттары мен ауқымын анықтау, үш елдің мүдделі органдары арасында төтенше жағдайлар бөлімшелерінің, оның ішінде бірлескен алқаға қаты­сушы елдердің шекаралас ау­мақ­тарындағы төтенше жағдайлар­дың алдын алуға және оларды жоюға бағытталған өзара іс-қи­мыл тәртібін реттеу мәселесі де та­қырыптан тыс қалмады. Сол сияқ­ты мамандарды кәсіби тұрғыда оқыту мен олардың білік­тіліктерін арттыру саласындағы өзара іс-қи­мылды ұтымды ұйым­дас­тыру тетіктері қаралды.

Айта кетейік, мұндай жиын халықты қысылтаяң шақтарда сабырлы болып әрі жүйелі іс-қи­мылдарға жұмылдыру бағыты бойынша бағдарламалар мен оқу әдістерін әзірлеуде, материалдық-техникалық базаны жетілдіруде және ең бастысы, қалың бұқа­ра­ның тыныс-тіршілігіндегі қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етуде маңыз­ды рөл атқаратыны сөзсіз. Сол себептен де осындай бағыттар бойынша жұмыс жүргізу бірлескен ал­қаның негізгі міндеттері болып табылады.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Арандатудан сақ болған жөн

Пікір • Бүгін, 09:40

Жаңа жоба – қоғам талқысында

Реформа • Бүгін, 09:20

«Е-АӨК» платформасы іске қосылады

Шаруашылық • Бүгін, 08:58

Шоттың да сұрауы бар

Экономика • Бүгін, 08:50