Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2017

Алихан Байменов: Тоғызқұмалақ – қазақтың өркениетке қосқан жарқын үлесі

2571 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Астанада жаһанның төрт құрлығынан жиналған тоғызқұмалақшылар IV әлем чемпионатында сайысқа түсуде. Ел ішінде ғана емес, әлемде танымал бола бастаған ұлттық зияткерлік ойынымыз жайлы Дүниежүілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алихан Байменовпен сұхбаттасқан едік.

 

Алихан Байменов: Тоғызқұмалақ – қазақтың өркениетке қосқан жарқын үлесі

– Қазақтың мыңжылдық байырғы ойыны дәл қазіргі қоғам үшін несімен маңызды деп ойлайсыз? Ұлтымыздың бұл асыл мұраны ұлықтағаннан ұтары қандай болмақ?

– Адамзат өркениеті мен әр ұлт мәдениетінің қалыптасып, жетілу барысындағы зияткерлік ойындардың орны айрықша. Ғасырлар бойы олар үздіктерді анықтайтын спорттық бәсеке, жарыс түрі ғана емес, өскелең ұрпақ тәрбиесінде, ұлттардың интеллектуалдық әлеуетін көтеруде маңызды феномен болып келеді. Жүйелі, қисынды ойлау, білім мен ғылымға бейімділік негіздерін қалауда, ыждаһаттық пен табандылықты тәрбиелеуде тоғызқұмалақ секілді зияткерлік ойындар ұтымды әрі таптырмас тәрбие құралы.

Тарихы сан мың жылдық тоғызқұмалақ ойыны – қазақ ұлтының әлемдік өркениетке қосқан жарқын үлесінің бірі. Әр деңгейдегі жарыстарымызға ортақ, тұрақты қағида бар: «Біздің сайыстарда жеңімпаздар болса да,  жеңілетіндер жоқ. Ұтатын – ұлттық мәдениетіміз». Себебі, бүлдіршіндерден ардагерлерге дейін барлық ойыншылар мен жаттықтырушылар, тоғызқұмалақ насихатшылары мыңдаған жыл тарихы бар төл ойынымызды жандандырып, түлету арқылы мәдени мұрамызды жаңа деңгейге көтеруде. Әлем чемпионаттары, халықаралық жарыстар мәдениеттер әріптестігі мен үндестігіне де өз септігін тигізетіні сөзсіз.

– Қазіргі таңда тоғызқұмалақ қаншалықты кең тараған спорт түрі? Ел ішіндегі оның даму деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

– Әлемнің көптеген аймақтарындағы тоғызқұмалақ жанашырларының жасампаз еңбегінің, Елбасының ұлттық спортты қолдауға бағытталған ұстанымының, Үкімет пен демеушілердің қолдауының нәтижесінде, ұлттық ойын бұқаралық сипат алып, өрісі кеңейіп, қарыштап дамуда. Бұл игі істерде ардагерлеріміз бен жаттықтырушылардың, ойыншылар мен төрешілердің еңбегі ерекше.

Қазір елімізде тоғызқұмалақпен айналысатындар саны 200 мыңнан асты, оның 9 мыңдайы кәсіби спортшылар. Жыл сайынғы ұлттық деңгейдегі додаларға екі мыңнан астам, аймақтардағы жарыстарға тоғыз мыңға жуық кәсіби спортшы түседі. Қазіргі таңда тоғызқұмалаққа ден қойғандарың басым бөлігі – жастар. Ресми деректер бойынша, мектеп жасындағы 190 мыңнан артық бала тоғызқұмалақ ойнайды. Мектептерде 10 мыңнан астам үйірме бар. Спорт мектептеріндегі 127 тоғызқұмалақ бөлімшесінде 300-ден астам жаттықтырушы жұмыс істейді.

– Бүгінгі күнде төл спортымыз тоғызқұмалақты төрткүл дүние таныды деп айта аламыз ба?

– Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтіп жатқан IV әлем чемпионатында 25 елден 70 ойыншы сайысқа түсуде. Бұл – тоғызқұмалақ спорты дамуының жаңа деңгейге шыққанының айғағы. Тоғызқұмалақ дүниежүзілік федерациясы 2008 жылы құрылғаннан бері шетелдегі қазақтардың ғана емес, Ұлыбритания, Швейцария, Франция, Германия, Испания, Түркия, Чехия және тағы басқа мемлекеттерде жергілікті халықтардың ұлттық ойынымызға ықыласы артуда. Федерация президентінің Еуропа бойынша орынбасары қызметін профессор Жан Решитскийдің (Швейцария) атқаруы да соны аңғартса керек. Колумбиялық Оскар Фахардо, германиялық Юрий Нольд және чехиялық Хана Котинова сияқты спортшылар қазақтың ұлттық ойынынын Америка мен Еуропада таралуына ат салысуда. Ал тоғызқұмалаққа құмарту арқылы шетелдіктер қазақ тілі мен мәдениетіне қызығушылық танытуда.

Тоғызқұмалақтың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын кейбір елдер түсініп, мысалы, Қытайда екі жылдан бері тоғызқұмалақ қосымша пән ретінде оқытыла бастады. Шыңжаң Үйғыр автономиялы ауданындағы 100-ге жуық мектепте жастар мен жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақ ойналады. Биыл Түркия тоғызқұмалақты қосымша берілетін сабақтар қатарына қосты. Моңғолия  мектептерінде тоғызқұмалақ үйірмелері ашылып, мектеп аралық, жоғары оқу орындары арасында жарыстар, олимпиадалар өткізілуде. Ресейдің Қосағаш ауданында тоғызқұмалақ үйірмесі жұмыс істейді.

– Жалпы, бұл жоғарыда айтқан мемлекеттер қазақтың ұлттық ойыны жайлы ақпаратты қайдан және қалай алады? 

– Тоғызқұмалақ әуесқойлары мен мамандарына көмек ретінде кітаптар мен еңбектер елімізде ғана емес, шетелдерде жариялануда. Мәселен, Ә. Ақшораевтың «Тоғызқұмалақтың 60 сабағы» кітабы, М. Шотаевтың «Тоғызқұмалақ әліппесі» федерацияның демеушілігімен Қытайда, «Тоғызқұмалақ есептері мен этюдтері» ағылшын, итальян тілдеріне Астана мен Миланда жарық көрді.

Тоғызқұмалақ ойынын көпшілікке кеңірек таныстыру мақсатында федерация қолдауымен 2013 жылы  теледидарлық  жоба да жасалды.  Бұл 30 сабақ 2013 жылы «Қазспорт» телеарнасында қазақ және орыс тілдерінде көрсетілді. Қазір де интернеттен немесе телеарнаның мұрағат қорынан бұл сабақтарды тамашалауға болады. Жоба тек Қазақстанда ғана емес, көршілес Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресейде үлкен сұраныспен қайтадан көрсетілуде. Сондықтан, ұлттық ойынымызды үйренгісі келетіндерге мүмкіндік мол.       

Жалпы, соңғы он жылда тоғызқұмалақтан Еуропа, Азия және Америка елдері кіретін 20-ға жуық мемлекетте халықаралық семинарлар мен жарыстар өткізілді. Былтыр оннан астам  мемлекет спортшылары Швайнфуртта (Германия) Еуропа чемпионатына қатысты. Ұлттық ойынымыз Ұлбыританиядағы, Чехиядағы дүниежүзілік зияткерлік ойындар олимпиадалары бағдарламаларына енді. 2009 жылдан бстап Азия чемпионаттары ұйымдастырылды. Алғашқы әлем чемпионаты 2010 жылы 16 мемлекеттің қатысуымен Астанада өткен. Жыл өткен сайын әлемдік додаға жаңа мемлекеттердің қатысуы тоғызқұмалақтың әлемдік зияткерлік ойынға айнала бастағанын аңғартса керек.

– Халықаралық аренада біздің мықты ойыншыларымызға қай елдің спортшылары лайықты қарсылық көрсетіп жүр?

– Бұрыннан Орталық Азия елдері спортшылары, оның ішінде, қырғыз бауырлар тоғызқұмалақтан жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Соңғы жылдары Германия, Чехия, Моңғолия тоғызқұмалақшылары жүлделі орындар алуда.

Тоғызқұмалақтан басқа елдерден де мықты спортшылардың шығуы осы  спорт түрінің әлемге кеңінен насихатталуы әрі оның интернет нұсқаларының пайда болуы әсер етсе керек. Өйткені, еуропалық көптеген спортшылар ойынның интернет нұсқасы өзіндік жаттығу алаңына айналғанын айтқан.

– Расында да, виртуалды тоғызқұмалақ ойыны қаншалықты дамуда?

– Канадалық Арти Сандлер, германиялық Ральф Геринг және қазақстандық Серік Ақтаевтың бастамасымен 2009 жылы әлемдік ғаламторда тоғызқұмалақ ойыны алғаш тіркеліп, оны www.iggamecenter.com сайтында онлайн жүйеде ойнайтын бағдарлама жасалынды. Қазір осы әлемдік ойын порталында тоғызқұ­малақ танымал 145 ойынның арасында бірінші орында. Сонымен бірге, тоғызқұмалақтан қазақ, чех, ағылшын, орыс, түрік тілдерінде сайттар ашылды. Ал 2010 жылы бағдарламашы Ернар Шамбаев спорт шеберлері Серік Ақтаев, Диана Кенинамен бірігіп, тоғызқұмалақтың Қазақстандағы жетілген компьютерлік бағдарламасын дайындады.

Пардубицеде (Чехия) өтетін жыл сайынғы зияткерлік ойындар олимпиадасындағы тоғызқұмалақтан компьютерлік бағдарламалардың халықаралық жарысы қазіргі кезде басқа ел спортшыларын да қызықтырып отыр. Осы бәсекеге биыл шілдеде Камерун, Чехия, Қырғызстан бағдарламашылары өз туындыларын әкеліп, қатыстырды. 

Оған қоса жақында Қытайдағы қазақ студенттері тоғызқұмалақтың жаңа электронды нұсқасын әзірлепті. Соңғы жылдары федерация жұмысын Қытайда күшейтіп, бірнеше семинарлар мен жарыстар өткізген.  Мысалы, Бейжіңде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған семинар-жиынға 150 спортшы қатысты. Сондықтан, бұл елде ұлттық ойынымыздың қарқын алуына осы жұмыстардың да әсері болса керек. Жалпы ақпараттық технологиялардың, интернеттің дамуы тоғызқұмалақ ойыны тарихының жаңа парағын ашты. Көптеген елдің спортшылары өз шеберліктерін интернеттегі онлайн бағдарламалар арқылы жетілдіріп, құрлықтық додаларда жүлде алып жүр. 

– Осы мың жылдық тарихы бар көне ойынның бүгінгі күнге дейін жоғалып кетпей жетуінің сыры неде деп ойлайсыз?

– Тоғызқұмалақ тақталарының көріністері тасқа қашалып, алғашқы мәліметтер ауыз әдебиеті үлгілерінде кездесетіні рас. Қай кезеңде болсын, еліміздің алдыңғы қатарлы азаматтары, рухани жетекшілері, қоғам қайраткерлері ұлт мәдениеті алдындағы жауапкершілікті сезініп, көмескі тарта бастаған асыл мұраларын сақтап, қайта жаңғыртуға үлес қосқан.

Ұлы Абай тоғызқұмалақтың шебер ойыншысы ғана емес, жарыстардың ұйымдастырушысы әрі демеушісі ретінде танылған. Ал оның замандастары Көрпебай мен Құдулардың дара ойындарымен ерекшеленгені туралы деректер бар.  Абайдың немере інісі Әрхам Ысқақов тоғызқұмалақ мектебін дамытып, алдыңғы үрдісті жалғастырған.

Бүгінгі күнге дейін өзгеріссіз пайдаланып келе жатқан ойын ережелерін кезінде Мұхтар Әуезов, Қалибек Қуанышбаев, Шаймардан Ибраев бастап,  тоғызқұмалақ мамандары бірігіп, 1948 жылы бір келісімге келу арқылы жүйелеп, ортақ жиында көпшілік арқылы қабылданған.

Кейінірек ұлттық ойынның дамуына Т.Сұлтанбеков, Р.Кәрімбаев, С.Аманжолов, С.Тлеубаев, Д.Поляков, М.Таникеев, Б.Төтенаев үлес қосты.  Әсіресе осы игі істе Ә.Ақшораевтың орны ерекше. Ол ойынның негізгі қағидаттарын жетілдіруде талмай тер төкті.

Бірақ, кеңес дәуірінде саяси-идеологиялық себептерге байланысты тоғызқұмалақ қанатын кеңге жая алмады. Тәуелсіздік алғаннан кейін түрлі қиыншылықтарға қарамастан, басқа мәдени дәстүрлерімізбен қатар тоғызқұмалақтың жаңғыруына М.Ноғайбаев, Е.Иманбаев, Б. Әзімжанов, Н.Жүнісбаев, Қ.Жайлаубаев, Ж.Тұрғамбаев, А.Жақапбаева, С. Биболов, І. Әшімов, Б. Жұмаділов, Қ. Нұршин, Б. Төлегенов, Р. Үмбетов, Қ. Әшетов, Б. Бейсенаев және тағы басқа азаматтар ерен еңбек сіңірді.

Осы спорт түрінің қарқын алуы тоғызқұмалақтың хас шеберлерін жарыққа шығарды. Тоғызқұмалақтан алғашқы және әзірге жалғыз Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, әлемнің 6 дүркін чемпионы, 27 жасар Әсел Далиеваны «100 жаңа есім» жобасында аталуға лайықты деп білемін. Ол Қазақстан бойынша ең жас спорт шебері атағына 12 жасында ие болса, 16 жасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындаған. Қазір оның шәкірттері халықаралық жарыстарға қатысуда. Әселдің ұлттық ойынымызды жетілдіруге қосқан үлесі зор.

Сонымен бірге, қазақ мәдениетінің жанашырлары – отандық кәсіпкерлер Мақсат Раманқұлов, Кеңес Рақышев, Ерлан Әшім, Ерғали Ибрагимов, Серік Қарымсақов, Еркебұлан Халелов тоғызқұмалақтан чемпионаттардың өтуіне демеушілік жасау арқылы ұлттық зияткерлік мұрамыздың жандануына қолдау көрсетуде.

– Ал осы жолғы әлемдік чемпионаттың ерекшелігі қандай?

– Әлемдік дода өте тартысты өтуде. Себебі, осы әлемдік чемпионатқа бұрынғылармен салыстырғанда мемлекет саны да, спортшылар да көбірек қатысуда. Қырғызстан, Чехия, Германия, Моңғолия мен Қытайдың халықаралық дәрежедегі мықты спортшылары бәсекеге түсуде. Ал Австрия, Камерун, Польша, Сирия және Украина спортшылары тұңғыш рет чемпионатта бақ сынауда. Бұл да тоғызқұмалақтың халықаралық деңгейдегі беделінің көтерілуі мен бұқаралық сипатының артуының көреткіші болса керек.    Осы жолғы чемпионатқа алғаш рет командалық блиц түрінен жарыс өткізіліп, әлемдік сайыстың көрігін қыздыра түсуде.

Сонымен бірге, Қазақстан құрамасындағы Хакімжан Елеусінов (Қызылорда), Нұрбек Кабиев (Ақтөбе), Сайлан Матылов (БҚО), әйелдер арасында  Әсел Далиева (ОҚО), Диана Кенина (Ақтөбе), Ақерке Кенжебекова (Қызылорда), Лина Каримова (ОҚО), Қымбат Нөсерова сияқты үздік спортшыларымыз шеберліктерін паш етуде. Жарысқа қатысушылар арасында жастардың көптігі де қуантады. Мысалы, біздің құрамадағы ең жас спортшысы Ақерке Кенжебекова, ол небары 16 жаста.

– Тоғызқұмалақты дамыту бойынша алдағы уақытта қандай жобалар мен жоспарлар іске асырылуы тиіс деп ойлайсыз?

– Тоғызқұмалақты ұлттық тәрбиенің  бөлшегі ретінде мектеп бағдарламасына енгізу – негізгі міндеттердің бірі. Сонымен бірге жоғары оқу орындарының денешынықтыру мұғалімдерін дайындайтын барлық факультеттерде тоғызқұмалақты міндетті сабақ ретінде қосу қажет. Мысалы, қазіргі таңда тоғызқұмалақ үйірмелері Қостанай мемлекеттік университеті, Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Еуразия ұлттық университеті және тағы басқа оқу ордаларында ашылған. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында - дене шынықтыру және спорт мамандығының студенттері тоғызқұмалақ мамандығын қоса алып шығады. Сондықтан, осы ұсыныстарды ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдайды деп үміттенеміз.

Жалпы спортшыларды даярлаудың жаңаша әдістемелерге сай бағдарламаларын жасап, жаттықтырушы-оқытушы кадрлардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлау жүйесін жетілдіру қажет. Оған қоса оларды көрнекі құралдармен қамтамасыз ету, құнды еңбектерді әлем тілдеріне аудару, ел ішінде және шетелдерде семинарлар өткізу ісі жалғасын таппақ. Осы шаралардың барлығы ұлттық зияткерлік ойынымызды аймақтарда, әлемде кеңінен таратуға, оның ұзақ мерзімді дамуына жол ашар еді.

Сондай-ақ тоғызқұмалақты ЮНЕСКО мәдени мұрасы тізіне қосу бойыншы жұмыс басталып кетті. Бұл игі істе мемлекеттік органдар қолдауына үміт артамыз. Жаңа технологиялар мен жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық ойынымызды дамытып, жаңғыртып, қанатын кеңге жаюына үлес қосу – ортақ азаматтық парызымыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДА

Соңғы жаңалықтар