58,49 млрд теңге жұмсалып, жұмысы мәресіне жеткен 19 жоба халық игілігіне қызмет етуде. Қазіргі таңда Құрық портында салынып жатқан паром кешенін магистральды темір жолмен жалғастыратын «Боржақты – Ерсай» темір жол желісі, Құрық портындағы бірінші іске қосу кешені және Ақтау теңіз портын солтүстік бағытта кеңейту жобасының аясында жаңа астық терминалы пайдалануға берілді. Бағдарлама аясында Ақтау қаласындағы жаңа тұрғын үй құрылыстарын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен және абаттандырумен қамтамасыз ету жұмысы жүргізіліп, Ақтауды көріктендіре түсу бағытындағы жұмыстарға серпін берді. Сондай-ақ, бағдарлама негізінде облыс орталығында 747 пәтер пайдалануға берілсе, қаланың жылумен жабдықтау желісіне, құбыр желісіне қайта құрылымдау жүргізіліп, қазандық орнатылды. Қазандық өз кезегінде Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылында 50 үйді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Маңғыстауда өзектілігі мен өткірлігін жылдар бойы жоя алмай келе жатқан ауыз су мәселесін жеңілдетуде де «Нұрлы жол» бағдарламасының маңызы зор – тәулігіне 20 мың текше метр су өндіретін Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауыты жүргізілген жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңінен соң өнімділікті тәулігіне 30 мың текше метрге дейін жеткізбек. Инфрақұрылым саласындағы жаңалықтарды тек Ақтау қаласы ғана емес, аудандар мен алыс ауылдар да бөлісуде. Мысалы, Қарақия ауданының Бостан ауылында электрмен жабдықтау желісі мен газ құбыры тартылса, Құрық ауылында жаңадан салынған тұрғын үйлер үшін электрмен жабдықтау желілері, ал Түпқараған ауданының Сайын ауылындағы жаңадан бөлінген учаскелерде электрмен және газбен жабдықтау істері жасалды.
Әлеуметтік салада да аз істер атқарылған жоқ. Үш ауысыммен оқыту мәселесін шешу жолында Бейнеу ауылында 900 орындық жаңа мектеп салынса, Қарақия ауданының Жетібай ауылында және Жаңаөзен қаласында әрқайсысы 280 орындық екі балабақша салынды. Бұл арқылы 2016 жылы облыстағы 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтуды 84,5 пайызға дейін арттыруға қол жеткізілді.
2017 жылға да межеленген жобалар аз емес. Биыл құны 256,2 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске асырылуда. «Шетпе – Бейнеу» және «Шетпе – Жетібай – Ақтау» автокөлік жолдарын жөндеу және бірқатар жаңа тұрғын үйлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу жобалары аяқталып, Құрық паром кешенінің екінші кезеңінің құрылысы, сондай-ақ, «Жетібай – Жаңаөзен», «Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан Республикасы (Нөкіс)» учаскелеріндегі жолдарды жөндеу және Баутин ауылындағы тұрғын үйлерге су құбырын тарту жұмыстары басталмақ. Ал, әлеуметтік сала бойынша мектептерде үш ауысыммен оқытуға жол бермеу мақсатында барлығы 3 мың оқушы орны болатын 4 жаңа мектептің – Жаңаөзен қаласының Рауан шағын ауданы және Рахат ауылындағы әрқайсысы 900 орындық, Мұнайлы ауданының Басқұдық және Қызылтөбе ауылдық округтеріндегі әрқайсысы 600 орындық мектептердің құрылыстары қарастырылған.
Маңғыстау облысына Ұлттық қордан барлығы 61,6 млрд теңге қаралған болса, оның ішінде 2017 жылға 9,4 млрд теңге көздестірілген. Қазіргі таңда, яғни жыл басынан бергі алты айда 2017 жылға бөлінген қаражаттың игерілуі 50,0 млн теңгені құраған.
Мұнайлы өңірді шырайлы өлкеге айналдыру үшін жасалар жұмыс көп десек, «Нұрлы жол» бағдарламасы осы мақсатқа бастайтын баспалдақ қызметін атқарып келеді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы