Конференция жұмысына Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол Президенттің алғашқы екі жаңғырту бағыттары экономика мен конституциялық реформаға қатысты болса, үшіншісі, қоғамдық сананы жаңғыртуға арналғанын атап өтті. Осылардың ішіндегі ең маңыздысы рухани жаңғыру. Өйткені, ол еліміздің жаңару жолындағы шешуші қадамын іске асыратынына тоқталды. Ол осы конференцияға қатысып отырған барлық ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары мен пікірлері билік үшін рухани жаңғырудың дұрыс бағдарын анықтауға септігін тигізетінін ескерте келіп, «Францияның ұлы перзенттерінің бірі Шарль де Голль халықтың қолдау ресурсына ие болып, өз заманының сипатын анықтай алмаған саясат құлдырауға ұшырайды деген екен. Менің ойымша Президент Н.Назарбаев өзінің осы бас-
тамасын жасарда өз заманының сипатын толықтай ұққан деп санаймын», деп қорытты.
Конференцияда алғашқы баяндаманы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова жасады. Институттың әлеуметтік зерттеулеріне қарағанда халықтың саяси белсенділігі артып келеді. Бұрынғы 13 пайыздан қазір ол 31 пайызға дейін көтерілген. Осының өзі халқымыздың азаматтық белсенділігінің, өзіндік позициясын білдіруге ұмтылушылығының, жаңғыруға, жасампаздыққа талпынуының жайын көрсетіп тұр. «Өздерінің сұранысын олар көбінесе интернеттегі әлеуметтік желілердің ақпаратымен қанағаттандырады. Ал интернеттің теріс ақпараттарын реттеуге ешкімнің де шамасы жетпейді. Сондықтан да, қоғамның саяси құрылымын жасаудың маңызы зор», дей келіп шешен одан әрі өзінің сөзінде бұл қызметті «Нұр Отан» партиясы атқаратынын тілге тиек етті. Сонымен бірге, ол, стратегиялық зерттеулер қазақстандық жастардың батыстық құндылықтарға бейім екенін анықтағанын жеткізді.
Екінші баяндаманы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы жасады. Президенттің бағдарламалық мақаласының дәл бүгінгі күні жарыққа шығуы себебі: сын-қатерлердің көбейіп бара жатқандығынан екенін айта келіп, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту арқылы қарсы тұруға болатынын атады. Одан әрі шешен өздерінің бүгінгі күнге дейін атқарып жатқан жұмыстарына қысқаша шолу жасап өтті. Соның ішінде халықтың киелі деген жерлерін түгендеп, қағазға түсіріп жатқандарын айтты. Мәселен, Таңбалы тас, Аңырақай, Орбұлақ, Бұланты сияқты жерлердің еліміздің бірлігінің, ерлігінің, тұтастығының символы ретінде жаңғыртылатыны жеткізілді.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов баяндамасында Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында рухани жаңғыру біздің ұлттық тарихымызға, салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызға негізделетінін айтқанына баса назар аударды. Қазақстан қазіргі жаһандану дәуірінің бір бөлшегі ғана болып қалмай, адамзатқа өзіндік құндылықтарын да таныта білуі керек. Үндінің ұлы перзенті Рабиндранат Тагор: «әрбір халықтың міндеті өзінің ұлттық келбетін әлемге таныту, егер олай жасамаса бұл ұлттық қылмыс болады» деп жазған екен дей келіп, одан әрі рухани жаңғырудың Президент белгілеген жолдары туралы ойларын ортаға салды. Соның ішінде латын әрпіне көшу жайына тоқталып, кириллицаның көптеген таңбаларының өзі латын әліпбиінен алынғандығын еске салды. Ал тәуелсіз Қазақстанның әлемнің келіссөз алаңына, туристік орталығына айналғанын жас ұрпақ көріп отыр. Халықаралық ортада тек латын әрпінің қолданылатындығына олар көзін жеткізуде, деді.
Конференцияда басқа да белгілі ғалымдар, шетелдік мамандар өздерінің ойларын ортаға салып, талқыланған мәселе бойынша ұсыныстарын айтты.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»