– Талғат Жеңісұлы, бүгінде әскерімізді материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесінің қайта құрылуы мен армияны жабдықтау жағы қай деңгейде?
– Елбасының тікелей қолдауының арқасында Қазақстан армиясы заманауи қару-жарақ пен әскери техникадан кенде емес. Бұл әскеріміздің құрылымын нығайтып, кәсіпқойлығы мен ұтқырлығын ұштай түсуге жағдай туғызып келеді. Сондықтан, қазіргі кезде әскерлерімізді материалдық-техникалық қамтамасыз ету барысы ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Ал материалдық-техникалық қамтамасыз ету дегеніміз, әскерлерді дер кезінде небір зымыранмен, оқ-дәрілермен, түрлі материалдық құралдармен, әскери-техникалық мүлікпен, медициналық және ветеринарлық жабдықтармен, әскери техниканы жөндеу және қалпына келтірумен, сондай-ақ, өзге де шараларда қажеттілікті қамтамасыз етумен байланысты МТҚ әскерлері жүргізетін іс-шаралар кешені болып табылады.
Материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесін қайта құру – бұл құрылымдардың техникалық тұрғыда жаңғыруы ғана емес, ол бірыңғай жоспар бойынша бейбіт және соғыс уақытында әскерлердің қажеттіліктерін толыққанды қанағаттандыру мақсатында басқару органдарын, материалдық-техникалық қамтамасыз ету күштері мен құралдарын толығымен дайындыққа келтіру. Аталған ауқымды міндет Әскери доктринаның талаптарына сәйкес іске асырылады және әскерлерді материалдық-техникалық қамтамасыз етудің біртұтас жүйесін құрайды. Осылайша, Қарулы Күштерді материалдық құралдардың барлық түрлерімен қамтамасыз етуге, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануға, оның қызмет көрсетілуі мен жөндеудің барлық түрлерін жүзеге асыруға, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің медициналық қамтамасыз етілуін ұйымдастыруға, көліктің барлық түрлерімен әскери тасымалдауларды жүзеге асыруға, көлік коммуникациялары мен нысандарға қызмет көрсетуге арналған құрылымдар нығая түседі.
Материалдық-техникалық қамтамасыз ету күштері мен құралдары екі өзара байланысқан компоненттен тұрады: стационарлық (арсеналдар, базалар мен қоймалар) және мобильді құрылымдар (МТҚ бөлімшелері мен әскери бөлімдері). Мұндай жүйенің үздіксіз сапалы қызметі әскерді дер кезінде және қажетті тұста материалдық және техникалық құралдармен қамтамасыз етуге әрі қару-жарақ пен әскери техниканы жауынгерлік дайындықта әзір ұстауға, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға, сондай-ақ, көлік-логистикалық қызметтің барлық түрін көрсетуге бағытталған.
Материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыру Қарулы Күштерді басқарудың бірыңғай жүйесіне сәйкес ұйымдастырылады және оның төрт деңгейі болады. Атап айтқанда, стратегиялық – Қорғаныс министрінің тікелей басшылығы, жедел-стратегиялық – Қарулы Күштер түрлерінің бас қолбасшылары жетекшілігі, жедел-аумақтық – өңірлік қолбасшылықтар және тактикалық – құрамаларда, бөлімдер мен бөлімшелер деңгейінде жүзеге асырылады.
– Армияның жауынгерлік әзірлігін сақадай-сай ұстауда материалдық-техникалық қамтамасыз етудің рөлі қандай?
−Армияның жауынгерлік әзірлігін дайын ұстап тұру белгіленген мерзімде қойылған тапсырмаларды орындау үшін әскерлердің қабілеттілігін ұштауды жан-жақты қамтамасыз ету бойынша атқарылатын ауқымды іс-шаралар кешені болып табылады. Біріншіден, бұл әскери қызметшілерді қажетті керек-жарақпен қамтамасыз ету. Әрбір әскери қызметшінің жеке пайдалануында 500-ден аса киім-кешек, форма түрлері болады. Атап айтқанда, күнделікті және далалық әскери киім, жауынгерлік элементтер (броньды кеудешелер, кевларлы дулығалар және т.б.). Мұның барлығының кию мерзімін, сондай-ақ, мерзімді әскери қызметшілердің жыл сайынғы шақырылуы мен босатылуын ескеру қажет. Демек, мұндай мүлікпен әскерді жабдықтау үшін, алдымен оларды уақтылы сатып алу және бөлімдерге жеткізілуі жағын мұқият әрі тиянақты жоспарлаудың маңызы зор.
Мәселен, тамақтану мен монша-кір жуу қызметін ұйымдастыруды алайық. Күн сайын стационарлық асханаларда 320 мыңнан аса әскери қызметші және әртүрлі әскери оқу-жаттығуларды өткізу кезінде далалық жағдайларда шамамен 2,5 мың әскери қызметші тамақтанады. Монша-кір жуу қызметі де барлық әскери қызметшіні қамтиды. Оның ішінде, мерзімді қызметтегі сарбаздар, әскери училищелердің курсанттары, республикалық әскери мектептер мен кадет корпусының тәрбиеленушілері, сондай-ақ, жиын өту кезіндегі запастағы әскери қызметшілер де бар. Ал әскерді уақтылы жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етудің маңызы тіптен зор. Жыл сайын әскери техникаларға шамамен 25 тонна бензин және дизель отыны, 23 тоннадан аса авиациялық керосин жеткізіледі. Одан басқа, отандық өндірушілерден шамамен 1,5 тонна әртүрлі көлік майлары мен арнайы сұйықтықтар сатып алынады.
Сондай-ақ, Қарулы Күштерді медициналық қамтамасыз етуді алыңыз. Жыл сайын әскери-медициналық мекемелерде 60 мыңнан аса әскери қызметші мен олардың отбасы мүшелері, әскери зейнеткерлер стационарлық және амбулаторлық ем қабылдайды. Шамамен 1,5 мың әскери қызметші мен әскери зейнеткер шипажайда демалады. Оған қоса, әскери госпитальдарда емдеудің жаңа әдістері енгізілуде. Әскери-далалық медицина да дамуда.
Мұның сыртында әскерлерге заманауи жаңа қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізу бойынша үздіксіз жұмыс, сондай-ақ, оның техникалық жабдықталуы мен жөнделуі жүргізіледі. Жыл сайын Қарулы Күштерге 7 мыңға дейін әртүрлі жаңа қару-жарақ пен әскери техника, яғни, авиациялық техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары, корабльдер мен катерлер, зениттік-зымыран кешендері мен әуе кеңістігін бақылау құралдары, броньдалған дөңгелекті машиналар, техника және тактикалық байланыс құралдары, атыс қару-жарағы және т.б. алынады. Одан басқа, әскерлер қару-жарақтың техникалық жарамдылығын сақтау үшін оған қажетті қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етіледі. Мәселен, әскери жөндеу орындары жыл сайын 500-ден аса артиллериялық қаруларды, броньды танкті, автомобильді және өзге де техниканы, 600-ге жуық байланыс құралдары мен түрлі техниканы жөндейді.
Материалдық-техникалық қамтамасыз ету құрылымдары Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сай халықаралық деңгейдегі 100-ге жуық оқу-жаттығудың өткізілуін қамтамасыз етеді. Мәселен, Қазақстанның аумағында «Айбалта» және «Қаратау» әскери оқу-жаттығулары, оның шеңберінде құрамдастырылған тәсілмен алыс қашықтықтарға қару-жарақ және техникамен әскерлерді жаппай алмастыру өткізілді. Сондай-ақ, өзге мемлекеттердің аумағында қазақстандық бітімгершілік контингентпен «Дала қыраны», ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер Қарулы Күштерінің «Мызғымас бауырластық» және «Өзара іс-қимыл», ШЫҰ мүше мемлекеттері Қарулы Күштерінің лаңкестікке қарсы тобымен «Бейбіт миссия» оқу-жаттығуы, халықаралық армия ойындары, «Kadex» халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі өткізілді.
Жалпы, армиямызды материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан реформа барысы әскерлердің қажеттіліктерін уақтылы және жете қанағаттандыруға, қару-жарақ пен әскери техниканы жауынгерлік қолдануға әзірлікте ұстауға, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға, сондай-ақ, көлік-логистикалық қызметтердің барлық түрлерін көрсетуге мүмкіндік береді.
– Материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесі мен отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені арасындағы өзара қарым-қатынас аясы қандай?
– Армияны материалдық-техникалық қамтамасыз етудің жаңа жүйесі отандық қорғаныс-өнеркәсібі кешенімен ретке келтірілген, яғни өзара қарым-қатынасты одан әрі тұрақты дамытуға бағытталған. Сондықтан, мұндай өзара қарым-қатынастың бағыты Қорғаныс министрлігінің қазақстандық қорғаныс кәсіпорындарына берілетін мемлекеттік қорғаныс тапсырысын іске асыру жүйесіне негізделген. Осының шеңберінде жыл сайын Қарулы Күштер мүддесіне сай 600-ден аса бірлік қару-жарақ пен әскери техника шығарылса, 400-ден аса бірлік әскери техника жөнделіп, жаңартылады. Одан басқа, отандық кәсіпорындармен 700-ден аса бірлік қосалқы бөлшектер, әскери мақсаттағы қару-жарақ пен техникаға қажетті агрегаттар жеткізіледі.
Жалпы, қазіргі кезде Қорғаныс министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесе отырып, мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында тиісті заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде.
– Ал аталған салаға қажетті мамандар дайындау қалай жүзеге асырылады?
– Материалдық-техникалық қамтамасыз ету мамандарын дайындау жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпы талаптарына сай әскери білім беру бағдарламалары бойынша әскери оқу орындарында жүргізіледі. Одан басқа, теориялық дайындықты жетілдіру бойынша материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесінің басқарушы құрамын курстық дайындаулар өткізіледі. Бұл оларға құрамалар мен бөлімдерді материалдық-техникалық қамтамасыз етуді білікті әрі сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Медициналық кадрларды дайындау 2016 жылдан бастап әскери-медициналық факультетте жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар, Ресей Қорғаныс министрлігінің Әскери-медициналық академиясында курсанттар мен тыңдаушылардың шағын тобын оқыту жалғасуда. Аталған білім беру жүйесі Қарулы Күштерді басқарудың әртүрлі деңгейлері үшін материалдық-техникалық қамтамасыз етудің жоғары білікті мамандарын даярлауды қамтамасыз етеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»