Қазақстан • 03 Мамыр, 2017

«Маңғыстау» − Қазақстанда жасалған 26-шы кеме

703 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрамындағы АО «Орал «Зенит» зауыты» АҚ кезекті өнімін – №4 зымыранды-артиллериялық кемесін суға түсірді. Отанымыздың теңіз шекарасын күзететін бұл кеме «Маңғыстау» деген атау­ды иеленген.

«Маңғыстау» − Қазақстанда жасалған 26-шы кеме

Салтанатты шараға Батыс Қазақ­стан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш министрі Бейбіт Атамқұлов, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Талғат  Жанжүменов, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз қызметінің бас қолбасшысы Жандарбек Жанұзақов, «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ-тың басқарма төр­ағасы Ерлан Ыдырысов, Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері, «Зенит» зауытының ұжымы, «Маң­ғыс­тау» кемесі экипажының жеке құрамы қатысты.

«Маңғыстау» – «Зенит» зауыты­ның конвейерінен шыққан 26 кеме. Ол Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз қызметі үшін мемлекеттік тапсырыс бойынша жаса­лынған. Бұдан бұрынғы кемелерден ерекшелігі – бұл корабльдің қару-жарағы жетілдірілген: су астынан келетін қауіпті диверсиялық әрекетті, жүзбелі қарсыласты анықтайтын және қарсылық көрсететін қондырғы орнатылған, кеме құрылысы кезінде бұған дейін жасалған корабльдерде қызмет етуші әскери теңізшілердің ақыл-кеңестері ескерілген. Осылайша, ұрыс кемесінің маневр мүмкіндіктері артып, әскери қуаты күшейіп, экипаж үшін жайлы бола түскен.

– Бүгін оралдықтар ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін ерекше күн. Қазақстан Республикасы кеме жасау саласының флагманы – «Зенит» зауыты ел тәуелсіздігінің 25 жылында 25 кеме жасаған екен. Бұл Президентіміздің модернизация, машина жасау өнеркәсібін дамыту деген тапсырмасына сәйкес жаса­лып отырған жұмыстар. Зауытқа мем­лекет­тік тапсырыс беріп, еліміздің қор­ғаныс қабілетін үнемі арттырып, қорғанысқа ерекше көңіл бөліп отырған Елбасымызға алғыс айтамыз, – деді Алтай Көлгінов.

Қорғаныс және аэроғарыш ми­нистрі Бейбіт Атамқұлов өз сөзінде «Зенит» зауытының мүмкіндігі бүгінде бұ­дан да үлкен кемелерді жасауға же­те­тінін айтты. «Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдарында зауыт ұжымын сақ­тап, білікті мамандарды ұстап қал­ған басшыларға көп рахмет! Біз бү­гін Қазақстанда кеме жасау өндірісі қалып­тасты деп нық сеніммен айта ала­мыз. Әрине, Орал қаласының гео­гра­­фия­­лық орналасуы бізге біраз ке­дер­­гі келтіруде. Сондықтан Каспий теңі­зі­­нің жағасынан зауыт филиалын ашу жос­пары қарастырылуда» деді министр.

– «Зенит» зауытынан шыққан кемелер біздің Каспий теңізіндегі су шекарасын абыроймен қорғап жүр. Біздің әскери теңіз күштеріміз Каспий теңізі аймағындағы мемле­кеттер арасында өтетін әскери-теңіз жат­тығулары кезінде тұрақты түрде алдыңғы қатардан көрінеді. Бұл – қазақстандық өнімнің әлемдік стан­дарттарға сәйкес, заманауи талап­тарға лайық машина екендігін дәлелдейді, – деді  Қорғаныс министрінің орын­ба­сары, генерал-майор Талғат Жан­жүменов өз сөзінде.

Расында да, бірлескен әскери жат­тығулар кезінде қазақ­стандықтар Ресей Федерациясынан кейін екінші орын алады екен.

– Әрине, Ресей Федерациясы кеме жасау өндірісінің 300 жылдық тарихы бар. Біздің отандық өндіріс 1993 жылдан басталған. Соның өзінде мамандар қазақстандық кемелердің өте икемді, ұрыс талабына сай екенді­гін айтып жүр. Бүгінгі ұрыс кемесі­нің ерек­шелігі – су асты, су үсті және теңіз нысан­дарын жоюға арналған қару-жарақпен жабдықталған. Біз өте қуа­ныш­­тымыз, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп тұр, – деді «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кемесі капитанының көмекшісі, аға лейтенант Олжас Батырбеков.

Айта кету керек, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Каспий теңі­зіндегі шекарасын қорғау мақсатында шыға­ры­ла бастаған зымыранды-артил­ле­рия­лық кемелердің алғашқысы 2012 жылы 25 сәуірде суға түсірілген болатын. 0250 жобасымен бас­талған бұл корабль – «Қазақстан» атауын ием­денді. Одан кейін 2013-2014 жыл­дары зауыт конвейерінен «Орал» және «Сарыарқа» ұрыс кемелері теңіз қыз­метіне аттанған. Бүгінде олардың бәрі де Каспий теңізінде Отанымыздың шекара қызметінде шепте тұр.


Қазбек Құттымұратұлы, 

«Егемен Қазақстан»

Орал


Соңғы жаңалықтар