Қазақстан • 26 Сәуір, 2017

​Қарашығанақтағы «Конденсат» мұнай өңдеу зауыты жаңа желіні іске қосты

525 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Батыс Қазақстан облысындағы «Конденсат» АҚ мұнай өңдеу зауытында вакуумдық айыру секциясы іске қосылды. «Конденсат» АҚ-ның бас директоры Эдуард Жүнісов журналистерге зауыттың жаңа желісін таныстырып, Еуро-5 экологиялық класты автомобиль отынын өндірудің толық кезеңін көрсетіп берді.

​Қарашығанақтағы «Конденсат» мұнай өңдеу зауыты жаңа желіні іске қосты

Қарашығанақ кен орнында алғашқы кезегі 1998 жылы ашылған «Конденсат» шағын мұнай өңдеу зауыты өткен жылдың желтоқсан айында Еуро-5 экологиялық класты автомобиль отынының коммерциялық өндірісін іске қосқан еді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған бұл желі жылына 200 мың тонна жоғары сапалы жанармай өндіріп, еліміздің батыс өңірінің сұранысын қамтамасыз етуге қабілетті. 

«Біздің жаңарту кезеңінен өткен зауытымыздың мүмкіндігі ауыр мұнай өнімдерін терең өңдеп, ақшыл мұнай өнімдерін шығаруды 90%-ға дейін арттырып отыр. Бүгін іске қосылып отырған вакуумдық айыру секциясы жаңа өнім – газойл мен гудрон шығара бастайды. Бұл – Қазақстанның ішкі нарығында да, сыртқы рынокта да сұранысы жоғары өнім», - дейді «Конденсат» АҚ бас директоры Эдуард Жүнісов.

Айта кету керек, мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға «Қазақстан Даму Банкі» (ҚДБ) АҚ көмектескен. Жобалық құны 168,6 млн. АҚШ доллары болатын жаңғырту жұмыстарының 70%-ы ҚДБ қаржысы екен.

- Мұнай өңдеу саласындағы жобаларды қаржыландыру арқылы экономиканың басым салаларын дамыту – біздің банктің мандатына сәйкес келеді. Бүгінгі таңда банк еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының екеуін – Атырау және Павлодар зауыттарын жаңғыртуды қаржыландырып отыр. Бұл салаға қазір банк ұзақ мерзімді және қымбат емес несие ресурстарын ұсына алады. «Конденсат» АҚ-дағы жаңғырту нәтижесінде зауыт өңдеу қуатын арттырып, жоғары сапалы жаңа мұнай өнімдерін алуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпорынды одан әрі дамыту көкжиегін кеңейтуге зор мүмкіндік туды, - дейді «Қазақстан Даму банкі» АҚ-ның аға банкирі Бақытжан Омаров.

«Конденсат» АҚ бас директоры Эдуард Жүнісовтің айтуынша, зауытты іске қосқалы, яғни 2016 жылыдң желтоқсанына бері 20 мың тоннадан астам жоғары октанды бензин өндірілген. Соның 18,8 мың тоннасы Батыс Қазақстан облысы нарығында сатылған. Жоспар бойынша 2017 жылы кәсіпорын 418 мың тонна мұнай өнімін өңдеп, 113 мың тонна АИ-92, 14 мың тонна АИ-95 маркалы бензин, 23 тонна дизель отынын, 16 мың тонна гудрон және 15 мың тонна қазандық отын өндірмек.

Компанияда қазіргі таңда 475 адам жұмыс жасайды.

Қазбек Құттымұратұлы, 

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар