Kapital.kz: Бизнестің араласуымен балабақша мәселесі шешімін табуда
2016 жылы ашылған балабақшалар мен шағын орталықтардың 78 пайызын кәсіпкерлер ашқан. Мемлекет пен бизнестің әріптестігінің арқасында мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығы 40 пайызға азайып, 145,2 мыңнан 86,8 мыңға дейін төмендеді. Сарапшылардың пікірінше, ғылым мен білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының көмегімен 2017 жылдың соңында орын тапшылығы 55,9 мыңға азайып, 2020 жылға қарай бұл мәселе біржола шешімін таппақ.
2016 жылы 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің 86 пайызы мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамтылды. Бұл көрсеткіш 2015 жылы 82 пайыз болатын. Оның өсуіне өткен жылы 825 жаңа балабақшаның ашылуы себеп болған. Соның ішінде 652-сін бизнесмендер ашқан көрінеді.
Қазіргі таңда Батыс Қазақстан Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар мен Қостанай облыстарында 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер 100 пайыз балабақшамен қамтылған. Ал Маңғыстау (81,5%) мен Оңтүстік Қазақстан (67,9%) облыстары және Астана (73,7%) мен Алматы (80,2%) қалалары республикалық көрсеткіштен қалып келе жатыр.
Forbes: Дағдарыс кезінде жылжымайтын мүлікке ақша салу керек пе?
2017 жылдың алғашқы үш айында Қазақстан бойынша 55 мың пәтер саудаға шығарылса, соның 50,7 мыңы сатылған. Ұсыныстың көптігіне жаңадан салынушы үйлер мен қайталама нарықтағы сатылатын үйлердің санының артуы себеп болған.
Нақтырақ айтар болсақ, 2017 жылдың алғашқы маусымында республика бойынша 25,2 мың жаңа пәтер мен қайталама нарықтағы 30 мыңдай пәтер саудаға қойылды. Бұл өткен жылдың осы уақытындағы көрсеткіштен 18%-ға артық.
Өңірлер бойынша Астанада сауда қызу. Қаңтар-наурыз аралығында елордада ұзын саны 907 мың шаршы метр болатын 9 мың пәтер салынған. Қазіргі таңда әлі 1 млн шаршы метр үй салынып жатыр.
Халықтың нақты табысының азайғаны мен соның нәтижесінде ипотеканың берілуінің сирегеніне қарамастан, өткен жылы халықтың валюталық салымдары есебінен жылжымайтын мүлік саудасына қан жүгірді. Ол кезде халықтың 80%-ы қаражатты өзге валютада сақтаған болатын.
Сарапшылардың пікірінше, осының арқасында республика тұрғындарының төлем қабілеті сақталып қалған.
Қазіргі таңда елдегі жылжымайтын мүлікке сұраныс пен ұсыныстың қатынасы 10/12 деңгейінде, ал Астанада 10/19 шамасында.
LS: Allur Group компаниясының Қытайға сатылғаны көлік нарығына қалай әсер етеді?
Жақында Қытай инвесторлары «AllurGroup» компаниясының 51% акциясын сатып алғаны туралы хабарланған еді.
Стратегиялық құжатқа қытайлық СМС компаниясының президенті Wang Xusheng мен Allur Group акционері әрі директорлар кеңесінің мүшесі Юрий Цхай қол қойды. Келісім сомасы туралы нақты шешім мен стратегиялық жоспар екі айдан соң анықталады. Қытайлық компания капиталға жыл соңына дейін енуі тиіс.
Осы кезеңнің өзінде қытайлық инвесторлар Орталық Азия елдерін, Ресей, Беларусь нарықтарын жаулап алуды көздеп отыр. Цхайдың сөзінше, компанияда жұмыс істейтін қызметкерлердің 90%-ын Қазақстан азаматтары құрайтын болады. Ал қытайлықтар тек топ-менеджерлердің міндетін атқарады.
Тілшілердің сауалына жауап берген Юрий Цхай компанияда басқа амал қалмағанын ашып айтқан болатын.
Сарапшылардың пікірінше, компанияға қытай мамандарының келе бастауы бірінші кезекте технология трансферіне жол ашады. Яғни, отандық көлік құрастыру саласы жаңа технологиялармен жабдықталады деген үміт бар.
Сонымен қатар, компания басшылығының өзгеруі өнімнің сату нарығын кеңейте түспек. Естеріңізге сала кетейік, Тәжік кәсіпкерлері 24 млн долларға Қазақстанда жасалған 1500 Peugeot 301 седаны мен 500 JAC S3 кроссоверіне тапсырыс берген еді.
Abctv.kz: Жекеменшік медицина мемлекеттік тапсырысқа зәру
Қазақстандағы медициналық бизнес мемлекет тарапынан ашықтықты сезіне алмай отыр. «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасы төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның айтуынша, жекеменшік медициналық ұйымдар мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізуде әділетсіздікпен бетпе-бет келуде.
«Қазақстандық жеке медициналық құрылымдар қауымдастығы» ЗТБ президенті Гүлнар Өтепова да медициналық көмек көрсетуге тапсырыс бөлу қағидалары медициналық бизнеске түсініксіз екенін растады. «Біз медицинаны дамыту үшін өз ақшамызды саламыз, мемлекеттен бір тиын да алмаймыз. Өкінішке қарай, мемлекет те бізді құр қалдырып отыр. Біз несие аламыз, өз ақшамызды саламыз. Мені барлық жекеменшік ұйымдар қолдайды деп ойлаймын, бүгінгі күні алаңдататын негізгі мәселе мынау – бізді МӘМС жүйесіне қаншалықты тартады. Әрине осыған байланысты қаржылық және операциялық тәуекелдер бар. МӘМС жүйесін табысты енгізу үшін мемлекет оған жекеменшік бизнесті тартуы керек. Денсаулық сақтау саласында адал бәсекелестік болғанда ғана медицина сапалы деңгейге көтеріледі. Ал бұл түптеп келгенде өз азаматтарымыздың денсаулығы», – деді Гүлнар Өтепова.
«Сонымен бірге біз тариф белгілеу мәселесін жиі көтереміз. МЖӘ-ге тапсырылатын компаниялар дың саны арту үшін медициналық қызметтердің тарифтерін өзгерту керек, өкінішке қарай, бүгінгі күні олар бәсекеге қабілетсіз, өз шығынын өтей алмайды, сол себепті инвесторлар үшін тартымсыз. Оларда амортизациялық шығындар, құны 5 млн теңгеден асатын жабдықтарға жұмсалатын шығындар, күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстарына кететін шығындар, сондай-ақ банктен алынған несие бойынша пайыз ескерілмейді», – деді КҰП төрағасының орынбасары.
Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы ТМККК мен МӘМС аясында медициналық көмек көрсетуде жекеменшік медициналық ұйымдардың ресурстарын барынша көбірек тартуды ұсынды.