04 Сәуір, 2017

​«Қазақстан Әзербайжанға әр салада қолдау көрсетіп келеді»

147 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Бакуге ресми сапары туралы ақпарат таратқан Әзербайжан баспасөзіне шолу

​«Қазақстан Әзербайжанға әр салада қолдау көрсетіп келеді»

Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзербайжанға екі күндік ресми сапары туралы екі елдің бұқаралық ақпарат құралдары жан-жақты ақпарат берді. Соның ішінде Әзербайжанның АзерТАдж ақпарат агенттігі бұл кездесулер туралы жеті тілде 50-ден аса ақпарат таратты. 

Мемлекет басшылары деңгейіндегі кездесуде Әзербайжанның Президенті Ильхам Әлиев «Қазақстан әлемдегі қуатты мемлекеттердің біріне айналды» деді. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кіргенін Әзербайжан басшысы жоғары бағалады. Қазақстан Республикасының тек өңірлік емес, әлемдік деңгейдегі мәселелерді шешудегі араағайындық бастамаларының өз жемісін бере бастағанына тоқталды.

 Қазақстан басшысы екі ел арасында ешбір түйінді мәселе жоқ екенін айтты. «Қазақстанда өмір сүріп жатқан 130 мың этникалық әзербайжанның екі ел арасындағы сауда қатынастарының дамуына үлес қосып жатыр» деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Ал елдің бас газеті «Әзербайжан» басылымы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Гейдар Әлиев орденімен марапатталғанын хабарлады. Және бұл орденнің Әзербайжанға ең жақын мемлекеттер басшыларына ғана берілетінін жазды. Марапаттау рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаев: «1979 жылдан бері Гейдар Әлиевпен өте жақын байланыста болдық. Кеңес өкіметі кезінде үлкен саясатта болған тұлғаға деген сенімім зор еді. Оның қолдауын да сезінетінмін. Биыл қос мемлекет дипломатиялық қатынасымыздың 25 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Мен қазір Гейдар Әлиевпен өзара жасасқан келісімді іске асыру үстіндемін, - деді. 

Әзербайжанның тағы бір беделді басылымы «Мусават» газеті «Назарбаевтың Баку сапарының түпкі мәні» атты мақала жариялады. «Тәуелсіздік алғаннан кейін түркі мемлекеттері арасында Әзербайжанмен тығыз қарым-қатынас орнатқан жалғыз мемлекет болса, ол – Қазақстан. Қазіргі таңда қос мемлекет барлық саладағы қарым-қатынасты жоғары деңгейге жеткізді. Бұған Нұрсұлтан Назарбев пен марқұм Гейдар Әлиевтің арасындағы достық, дипломатиялық қарым-қатынас негіз болды. Осы уақыт аралығында Қазақстан әр салада Әзербайжанға үлкен қолдау көрсетіп келеді. Соның бірі Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі мемлекеттер арасында ортақ нарық құру туралы бастамасы. Әзербайжанның мемлекеттік шекарасын мықтауына да Қазақстан президентінің қосқан үлесі зор. Сонымен қатар, сауда-экономикалық салаларда да Нұрсұлтан Назарбаев қос мемлекеттің қатынасына басымдық беріп келеді. Бұл тұрғыда Қазақстаннан аларымыз мол. Экономикалық қатынастар уақыт өткен сайын жаңа деңгейге көтеріле бермек», - деп жазады басылым.

Ал publika.az сайты Нұрсұлтан Назарбаевтың Баку сапарына ерекше назар аударған. Ондағы мақалада Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі мен Еуразиялық экономикалық одақта маңызды орынға ие ресми Астананың қолдауын Әзербайжанның ерекше сезініп отырғаны айтылады. 

Әзербайжанның мемлекеттік ақпарат құралдарынан бөлек Sputnik, «Азаттық радиосы», BBC Azeri, «Америка дауысы» секілді шетелдік басылымдар да қос мемлекет арасындағы байланысты жоғары бағалап, Назарбаевтың ресми сапарына ерекше көңіл аударды. Соның ішінде Елбасының бауырлас мемлекеттер тәуелсіздігін нығайту жолындағы еңбегі ерекше аталған. Жалпы, Қазақстан Президентінің түбі бір түркі мемлекеттерінің бірлігіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқаны сөз болған. 

Физули Меджидли, 

Арнайы «Егемен Қазақстан» үшін. 


Соңғы жаңалықтар

Арандатудан сақ болған жөн

Пікір • Бүгін, 09:40

Жаңа жоба – қоғам талқысында

Реформа • Бүгін, 09:20

«Е-АӨК» платформасы іске қосылады

Шаруашылық • Бүгін, 08:58

Шоттың да сұрауы бар

Экономика • Бүгін, 08:50