Мемлекеттің «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Тараз қаласында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының бітіруші түлектері үшін бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңке өтті. Аталған шараға 900-ге жуық студент пен 80-нен астам жұмыс беруші қатысты.
Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі жәрмеңке жастарға бүгінде қай сала мамандарына сұраныс көп немесе тапшы екендігін және еңбек өтілінсіз-ақ жұмысқа орналасуға болатындығын анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар, «Дипломмен – жұмысқа» жоспарын жүзеге асыруға да мол мүмкіндік береді. Өз сөзінде институт ректоры Дария Қожамжарова аталған шараның мәні мен маңызына кеңінен тоқталып, жұмысқа орналасуға ниетті жастарға мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін түсіндірді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған Жолдауында барлық қазақстандықтарды мемлекет игілігі жолындағы еңбекке шақырды. Бүгінде еңбек шешуші ұлттық фактор екенін ұғындырып, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсынды. Әлбетте, Мемлекет басшысының бұл стратегиялық тапсырмасын орындауда ел жастарының рөлі зор. Сондай-ақ бұл іс-шара жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешетін маңызды механизм болып табылады, – деді Дария Пернешқызы.
Жәрмеңкеге Жамбыл облысы мен Тараз қаласындағы мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдары да қатысып, өз мекемелеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды. Студенттер бұл мүмкіндікті пайдаланып, тиісті мекемелерге өз түйіндемелерін жолдады. Бұл бастама жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін жоюға атсалысып, өз кезегінде жастарды еңбекке баулуға шақырады.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы