Министрдің айтуынша, ол Қарағанды облысының әкiмiмен бiрге аймақты биiктен бақылаған.
"Барлығы 7 елдi мекенде 33 үйдi су басты, 397 адам қауiпсiз жерге көшiрiлдi. Қазiр барлық үй судан тазартылып, 300 астам адам баспаналарына оралды", деді Қасымов.
Министрдiң айтуынша, бүкiл республика бойынша барлығы 10 елдi мекенде 40 үйдi су басқан. Сонымен қатар республика бойынша 46 жол учаскесі судың астында қалды. Соның ішінде 43 - автомобиль жолы, 3-уі - темір жол. Қазiргi таңда темiр жолдар жөнделiп, пойыздардың қозғалысы қалпына келтiрiлдi. Автомобиль жолдарының біраз бөлігінде де көлік қозғалысы қайта ашылды. Әзірге, 11 учаскеде апаттық шаралар атқаралып жатыр.
Қалмұханбет Қасымов қазiргi таңда Қостанай және Солтүстiк Қазақстан облыстарында су басу қаупi жоғары екенін атап өтті. Осыған орай, барлық күштер осы өңiрлерге жұмылдырылған.