Осы орайда облыстардағы тиісті мекемелер барлық мүмкіндіктерді қарастыра отырып, қауіпті аймақтарды қатаң бақылауға алуда. Тасқынға қарсы күреске қажетті материалдар жеткілікті деңгейде жинақталған. Елді мекендерді су басқан жағдайда тұрғындарды көшіру, олардың өзге де қажеттіліктерін өтеу мәселелері де басты назарда тұр. Облыстардан келіп түскен ақпараттарға қарағанда, барлық ұйымдастыру жұмыстары қарапайым тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Петропавлдан – Өмір Есқали
Күн жылынған сайын Қызылжар өңірінде су басу қаупі күшейіп келеді. Мамандардың топшылауынша, Шал ақын ауданына қарасты 8 елді мекенді қызыл су басып қалуы ықтимал. Олардың арасында Есіл өзеніне тақау орналасқан Мерген, Ақанбарақ, Кривощеково, Семиполка сияқты ауылдар бар. Осыған орай, жергілікті жерлерде төтенше жағдай жарияланып, елді мекендерде арықтар қазылып, жағалай бөгеттер тұрғызылуда. Аудан әкімінің орынбасары Жанат Оспановтың айтуынша, тасқынның алдын алу шараларына 6,4 миллион теңге қарастырылып, мотопомпалар мен жанар-жағармай алуға жұмсалған. Инертті материалдар жеткізіліп, қосымша 3,6 тонна дизель отыны бөлінген. Қауырт маусымға 45 техника бірлігі мен арнайы жасақталған құрамдар сақадай-сай дайын. Қауіпті аймақтарда кезекшілік штабтары құрылып, мән-жайды тиісті орындарға шұғыл түрде хабарлап отырады.
Мамлютка және М. Жұмабаев аудандары маңында орналасқан көлдерге 117 мың текше метр қар суы айдалып, жақын ауылдарды су басу қаупі біршама сейілген.
Петропавл қаласы төңірегінде ахуал алаңдатарлық. Оның маңайы дүлей су алған «Венецияны» көзге елестетеді. Әлеуметтік желілерге толассыз түсіп жатқан шағымдарға қарағанда, еріген қар сулары үлкен-үлкен көлшіктерді құраған. Есіл өзені арнасынан асса, алдымен 2 мыңдай тұрғыны бар Былғары зауыты шағын ауданына қатер төнеді. Осы ықтималдылықты ескерген биліктегілер ұзындығы 900 метрдей нысанға жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Басты дамбаны қалпына келтіруге 600 миллион теңге жұмсалған. Жалпы сыйымдылығы 24,5 миллион текше метр болатын Петропавл су қоймасы да ерекше бақылауға алынған.
Тұтастай алғанда, облыста су тасқынына қарсы 827 инженерлік және арнайы техника, 300 су айдау техникалары мен мотопомпалар, 133 жүзу құралдары, 38,5 мың тонна инертті материалдар, 40 мың дана ыдыс-қап, 14 жедел жауап қайтару жасағы, 16 азаматтық қорғаныс қызметі тартылатын болады.
Көкшетаудан – Асқар Тұрапбайұлы
Көктем басталмай жатып Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында су арналарын тазарту жұмыстары дер кезінде жүргізілген-ді. Алайда қаланы толық қардан аршып алу да мүмкін болмай отыр.
Осыған орай қала әкімі Ермек Маржықбаев қар ерісе судың астында қалатын проблемалы Кенесары, Уәлиханов және Ақан сері көшелері бойындағы жағдаймен арнайы барып танысты. Қазір әрбір проблемалы учаскелерде коммуналдық қызмет және төтенше жағдайлар жөніндегі қызметі бірлесе әрекетке көшкен. Тұрғын үйлерді су басып қалудың алдын алу үшін аталған қызметтер күндіз-түні жұмыс режіміне көшкен. Күн сайын тұрғындардан еріген қардың суын сорып алу немесе қардан тазарту жұмыстарын жүргізу үшін 35-44 өтінімнің түсуі жағдайдың әлі де қиын екендігін көрсетеді. «Көкшетау және оның айналасын қарғын су басуы мүмкін. Сондықтан тұрғындардың әрбір өтініші бойынша жедел іс-қимылға көшу керек. Ауа райы арнайы техникалардың үзіліссіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр. Ең бастысы – өзара түсіністік пен көмек», деді қала әкімі жағдайға түсінік бере келе.
Бүгінгі таңда «Көкше Жәрдем» кәсіпорнының күшімен облыс орталығынан 260428 текше метр қар сыртқа шығарылды. Тәулік сайын 48 техника мен 101 жұмысшы қарғын су болдырмаудың амалын жасауда. «Көкшетау Су Арнасының» бригадасы қала көшелерін қар мен мұздан және қарғын судан тазартуға барын салуда. Диспетчерлік қызмет күні-түні қала тұрғындарының өтініштерін қабылдауда. Ең бастысы, егер төтенше жағдайлар орын ала қалса, онда арнайы техникалар да сақадай-сай тұрғанын айта кету керек.
Алматы қаласынан – Арман Октябрь
Алматыда қарғын суға қарсы сақтық шаралары қарқынды жүріп жатыр. Күннің күрт жылуы таудағы қарды ерітсе, өзендер арнасынан асып кетуі ғажап емес. Еритін су көлемін анықтау, төтенше жағдайлардың алдын алу, арықтар мен құбырлардың арналарын бақылауда ұстау басты назарда.
Биылғы жылдың сәуір айында өзендерге жақын орналасқан аумақтарда сел жүру қаупінің алдын алу шаралары жүргізілуде дейді мамандар. Арнайы техникалар мен Төтенше жағдайлар қызметінің жеке құрамының әзірлігі барынша пысықталуда. Қала тұрғындары арасында аумақты қардан тазартып, арналарды кеңейту мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қардың еруі мен көктемгі жауын шашыннан соң арнасынан асу қаупі бар Есентай, Үлкен Алматы, Кіші Алматы және Қарғалы өзендерінің жағалаулары беріктендірілуде. Қала аумағының тұрғындарына арнайы жадынамалар таратылып, ұялы байланыс операторлары арқылы хабарламалар жолдануда. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерді іске асыруда Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті әкімдікпен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жүйесінің инфрақұрылымын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізуде.
Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуі бойынша, нақ осы кезде Алматы аумағы мен Алматы облысына қосылған 65 учаске жіті бақылауда.
Өскеменнен – Азамат Қасым
Соңғы аптада өңірде күн күрт жылынып, арасында жаңбыр жауып, қалың қардың көп бөлігі еріп те үлгерді. Күннің күрт жылынуынан су деңгейі көтеріліп, 31 наурыз күні «Семей – Қайнар» бағытындағы тас жолдағы Мұқыр өзені үстінен салынған көпірді су шайып, жол қозғалысы шектелген болатын. Қазіргі уақытта көліктер «Семей – Қарауыл – Саржал» бағыты арқылы қатынап жатыр. Қарғын судың қарқынына төтеп бере алмаған көпір 1959 жылы салынған екен. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-тың облыстық филиалы көпірге күрделі жөндеу жүргізу үшін сметалық-жобалық құжаттарды әзірлеп, «Мемсараптама» мекемесіне жіберіпті. Жөндеу жұмыстарына қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді деп жоспарланып отыр.
Еріген қар суы сенбі-жексенбі күндері де құтқарушыларға тыным таптырған жоқ. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өңірдің екі бірдей ауданында қар суының қамауында қалған адамдарға көмек көрсетті. Еріген қар суы Семей қаласындағы бірнеше жер үйдің аулалары мен жертөлелерін басып кеткендігі туралы да хабар тараған болатын. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі жағдайлардың бақылауға алынғанын, қаланың өрт сөндірушілері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, суды сору жұмыстарын жүргізіп жатқандығын хабарлады. Баспасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, барлығы 40000 текше метр су сорылып алыныпты.
Өңірдің қарғын суға қарсы дайындығына келсек, облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов басшылық ететін арнайы комиссия тасқынға қарсы іс-шаралар жоспарын бекітіп, су тасу қаупі бар жерлердің барлығы бақылауға алынған. Өңірдегі гидро нысандардың барлығында кезекшілік ұйымдастырылған. Ішкі істер министрлігінің қолдауымен және қаржы бөлуімен жеке құрамның 960 адамы, 268 техника, 24 суда жүзу құрылғылары, 90 мың қап құм, 382 тонна жанар-жағармай тасқынға тосқын жасауға әзір тұр. Су басу қаупі туған кезде тұрғындарды уақытша орналастыратын орындар да ойластырылып, 259 бекет дайындалыпты.
Тараздан – Хамит Есаман
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жыл сайын су қоймаларын жөндеу жұмыстарын қаржыландыру артып келетіндігін, сондықтан да қар суынан болатын ешқандай қауіптің жоқтығын айтады. Бірақ жуырда ғана табиғаттың тосын мінезінен қос бірдей ауданда су қоймаларына байланысты жағдайдың орын алғаны белгілі.
Жуалы ауданының қысы қатты, жазы салқын болып келеді. Биыл да ауданның таулы аймақтарында қалың қар түсіп, тіпті, қайғылы қар көшкінінің орын алғаны да ел есінде. Енді наурыз айының соңын ала бере қыс бойы сіресіп жатқан қалың қар бір күнде еріп, қар суы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасындағы судың шамадан тыс көбеюіне әкеліп соққан болатын. Қойма республикалық меншікте болғанымен, Жуалы аумағында орналасқан. Бірақ іргесінде төрт мыңнан аса халық тұратын Нұрлыкент ауылына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ екен. Бұл мәселенің мән-жайын аудан әкімінің орынбасары Нарбай Ергебеков бізге былай түсіндірді.
– Нұрлыкент ауылының әкімінен күн сайын хабар алып отырамыз. Ауыл ішіндегі арықтармен артық судың бәрі ағып кетеді. Оның үстіне, мұнда сусорғы бекеті бар. Тек күн күрт жылынып, қар еріп, оның соңы жаңбырға ұласқан соң ел біраз әбігерге түсті. Қазіргі жағдай тұрақты. Бүгінде «Теріс – Ащыбұлақ» су қоймасында 144 миллион 711 мың текше метр су бар. Ал қойманың сыйымдылығы 145 миллион текше метр. Одан кейін секундына 65 текше метр су Аса өзеніне жіберілуде. Сондықтан да дәл қазір қар суынан келетін қауіп жоқ, – дейді Нарбай Әбілқасымұлы.
Сондай-ақ, күннің күрт жылынуы салдарынан Жамбыл ауданының іргесіндегі Аса өзені де асау мінез танытты. Өзен өз арнасымен ағып жатқанымен, судың екпіні жағалауындағы тоспалардан жасалған бөгеттерді бұзып жіберген. Сонымен қатар, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, саяжай алабына барар жолды да су басқан. Ал Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Қыдырәліұлының айтуынша, мұндай тосын жағдай соңғы жылдары мүлде болмаған. Оқиға орын алған күні аудан әкімінің орынбасары «Жуалыдағы «Теріс – Ащыбұлақ» су қоймасынан Аса өзеніне секундына 40-60 текше метр су келуі керек болса, бүгінде күннің күрт жылынуы салдарынан 105 текше метр су бері жіберіліп отыр» деген болатын. Тіпті, бұл жағдай ауданның айналма жолындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне де қауіп төндіретін көрінеді. Бірақ бүгінде Аса өзеніндегі тоспалардан жасалған бөгеттерді күшейту мақсатында облыстан 60 техника және 200-ге тарта жұмыс күші жұмылдырылған. Сондықтан да Жамбыл ауданында бүгінде жағдай тұрақты. Жексенбі күні жауған жауын, оның соңын ала бере түскен қар да өзен жағалауындағы жұмыс қарқынын одан әрі арттыруда.
Ауылшаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу – Талас бассейндік инспекциясының басшысы Жұмабек Мұхатов күннің күрт жылынуы салдарынан Жуалы және Жамбыл аудандарында су көбейіп кету оқиғасы орын алғанымен, нақты қар суынан келетін қауіптің жоқтығын айтып отыр. Сондай-ақ, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше де қазіргі таңда қар суынан келетін қауіптің алдын алу барысында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.
Қарағандыдан – Мирас Асан
Қарқаралының қызыл суы қара жамылдырып жатыр...
Кешелі бері құтқарушылар су тасып жатқан Нұркен ауылында із-түзсіз жоғалып кеткен ағайынды екі жігітті іздестіру үстінде. Бұған дейін 31 наурыз күні Бесоба ауылынан 13 шақырым жерде «УАЗ» көлігі қар суына батып, 3 адам қаза тапқан еді...
– 1977 және 1980 жылдары туған Нұркен ауылының тұрғындары Қопа өзенінен өту кезінде жоғалып кеткендігі туралы хабар 2 сәуірде, кешкі сағат жетінің кезінде келіп түсті. Оқиға Нұркен ауылынан 500 метр жерде орын алған. Оқиға орнына облыс әкімі Ерлан Қошанов бастаған құтқарушылар тікұшақпен аттанды. Жергілікті тұрғындар да көмектесіп жатыр, – дейді облыстық ТЖД басшысының орынбасары М.Қатпанов.
Хабарсыз кеткен ағайындылардың бірі ауылдас жігітпен мал іздеуге шыққан. Олар көпір арқылы күндіз өзеннің арғы бетіне өткен, ал қайтарда атқа мініп, өзен арқылы өтпек болған. Алайда аттылардың бірін өзеннің қатты ағысы ағызып әкеткен. Екіншісі жағаға шығып, көмекке жергілікті тұрғындарды шақырған.Оның ішінде жоғалғанның ағасы да келген. Бауырын іздеу үстінде оны да ағыс алып кеткен...
Төтенше жағдайлар департаменті екі оқиғаны да тасқынға қатысты демейді. Себебі, ауыл тұрғындарына қатаң ескертулер жасалып, алдын ала сақтандыру шаралары жүргізілгендігін алға тартады. – «Қарашоқы – Бесоба» жергілікті маңыздағы тасжолында болған қайғылы оқиға көктемгі су тасқынымен байланысты емес. Аумақта тасыған судың биіктігі небәрі 10 сантиметрді құрады, – деді Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Қуаныш Мүтәллапов.
Ал енді Қарқаралы ауданының прокуратурасы ол жайтқа қатысты «Қазақпарат» тілшісіне «Бұл жол-көлік оқиғасы емес, сондықтан «жолда жүру қағидаларын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғамадық, оған еш негіз жоқ» деп хабарлайды.
Бесоба ауылында суға кеткен 13 жасар Ерасыл Дарханұлын, 19 жастағы Жанболат Мәжитовті және 56 жастағы Болат Әбілдиновті кеше жерледі.
Талдықорғаннан – Нұрбол Әлдібаев
Жетісудың қалалары мен ауылдарын айнала орналасқан Алатау мен Жетісу (Жоңғар) Алатауының басы жылдағыдай ақ қар болып жатыр. Әзірге қар суынан қауіп жоқ. Талғар, Қаскелең, Ақсу, Сарқан өзендерінің арналары толғанымен саябырси ағуда. Енді шілденің ортасында тау басындағы мұздақтар еріп, су деңгейі көтерілуі мүмкін. Егер күн күрт ысып кетсе, тау қойнауындағы көлдердің бетіндегі мұздар бұзылып, тау тасы мен топырағын қопара қозғалуы бек мүмкін. Мұны төтенше жағдайлар комитетіне қарасты ҚазСелденҚорғау мемлекеттік мекемесінің мамандары бақылап отыр. Тиісті орындарға сорғылар мен құбырлар орналастырылған. Осы құралдар көмегімен қар суының қаупі жойылатындығына мамандар сенім артуда.
Павлодардан – Фарида Бықай
Бұған дейін өңірдегі республикалық маңызы бар Ленин – Ақсу – Үлкен Ақжар жолында, Баянауылдың Ульяновский – Керней – Қалқаман жолдарында тасқын судың жүріп өткені анықталды. Бірақ, төтенше жағдайлар департаменті, облыс ауылдарына көлікпен жету мүмкіндігі бар деп отыр. Су жол деңгейінен асқан ауылдарға қосымша күш пен техника жұмылдырылды. Құтқарушылар ауылдарды су басу қаупі жоқ, ал, су болса бұл ауылдардан қардың дер кезінде шығарылмауына байланысты дейді.
Облыс орталығына қарасты Кенжекөл ауылында тасқынның алдын алу үшін жедел топ жұмыс жасауда. Ауыл ішінен 35 текше метр қар, 645 текше метр су шығарылды. Ауыл маңына ұзындығы 1,2 шақырым, биіктігі 2 метр болатын бір дамба салынса, қазір ұзындығы 700 метрлік тағы бір су бөгетінің жұмысы жүріп жатыр. Бірақ, енді бәрі де жақсы, су қаупі жоқ деп жасырып- жаба беруге де болмас, жылдағыдай Кенжекөл, Баянауылдың Теңдік, Қараащы, Көкдомбақ, Жаңажол, Жуантөбе, Ақши, Лебяжі ауданының орталығы, Жамбыл, Кеңшілік ауылдары, Павлодар ауданының Мичурин, Ақтоғай ауданында Шолақсор ауылдарына су тасқыны келу қаупі бар.
Облыстық төтенше жағдайлар басқармасы егер тасқын келу қаупі күшейсе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарынан қосымша күш келуі мүмкін. Қазіргі күні 2923 тонна жанар-жағармай, 8 000 тонна инертті материал мен 60 000-ға жуық құм толы қап, 140-қа жуық техника мен 400-ден аса маман дайын. Департамент өкілдері осы уақытқа дейін тасқынның алдын алу бойынша өңірдегі 200-ге жуық үйлерді аралап, 5 мыңнан астам қала, ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті.
Жалпы, тасқынға қарсы жұмыс шаралары қардың толық еру кезінде, екіншісі, өңірдегі су қоймаларындағы су мөлшерінің артуы кезінде қолға алынады. Мысалы, Қарағанды облысындағы Қаратоқа бөгеті аумағынан ағатын қар суы Баянауылдың Теңдік, ал Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан келетін су Ақтоғай ауданының Шолақсор ауылдарына қауіп төндіреді. Осының алдында ғана Ленин кенті – Ақсу – Ақжар ауылы бағытындағы республикалық маңыздағы автокөлік жолын тасқын су басып кеткен-ді. Тіпті, қара жолды қойып, тасқын су өңірдегі Ақсу, Май ауданы – Дегелең бағытындағы Павлодар – Алматы пойызы жолына да қауіп төндірді. Сондықтан, «Қазақстан темір жолы» АҚ жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында пойыздардың бағытын өзгертуге мәжбүр болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 30 наурыз күні кешкі сағат 20:13-те Ақсу – Май – Дегелең бағытындағы темір жол жол бойын су басып кеткені туралы ақпарат келіп түскен. Тасқын салдарынан №31 «Алматы-1 – Павлодар», №376 «Астана – Лениногорск», №67 «Защита – Астана», №68 «Астана – Защита» пойыздары Ресейдің Құлынды мен Локоть стансаларын айналуларына тура келген.
Сенбі күні облыс әкімі Болат Бақауов Баянауыл ауданына барып, көктемгі су тасқынына байланысты жағдайды өз көзімен көріп, жоғарыда біз жазған су басу қаупі бар бірнеше ауылды аралап, ағын су өтіп жатқан жолдарды қарап шығыпты. Сондықтан Жаңажол ауылында ауыл мен Ескелді шатқалы арасындағы шайыла бастаған төспелі жолдың жанында құтқарушылар тәулік бойы күзет жүргізетін бекет құруды тапсырды. Көкдомбақ ауылына апаратын қиыршық тас төселген жолдың бірнеше жерін ағын су шайып кеткен. Теңдік, Қараащы ауылдарында тасқын суды басқа арнаға бұру үшін арнайы арықтар қазылған. Яғни, тасқынның алғашқы толқыны өтті. Ендігі тосқын Қарағанды облысындағы су қоймаларынан жіберілетін суға әзір болу керек.
– Барлық ауылдарда тәулік бойы кезекшілік жүргізілсін. Ауданда арнайы техника мен қорғаныс күштері бар. Көктемгі су тасқыны кезінде бірде-бір ауылдың су өтінде қалуына жол бермеуіміз керек, – деді Б.Бақауов.
Екіншіден, Май ауданындағы Май – Дегелең темір жолының бойында болған су тасқынының зардаптары қазіргі кезде жойылды. Бірақ, «Қазақстан темір жолы» АҚ үшін темір жол бойын су алып кету қаупі алдағы жылдарға үлкен сабақ болды, қазір пойыздардың қатынасы қалпына келтірілді, су басу қаупі жоқ.