Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның мәлімдеуінше, бүгінде Қытай нарығына шығуға кез келген ел мүмкіндік ала бермейді. Тауар тасымалдау үшін өнімнің талапқа сай екенін дәлелдеу керек. Ол үшін арнайы орган бар. Оған әлемнің 100-ден астам елінен мыңдаған өтінімдер түседі. Алайда, Қазақстанның өтінімдері бірінші кезекте қаралады. Себебі, мемлекет басшылары деңгейінде тиісті уағдаластық бар. Ал А.Мырзаxметовтің сапары барысында екі жақ 30 шақты өнімнің бұған дейінгі өтінімдерін топтастыруға келіскен. «Мәселен, майлы дақылдар ортақ бір xаттама бойынша ресімделеді. Демек, ол өнімдердің инспекциясы да бірден жүргізіледі», деді Г.Исаева. Вице-министрдің айтуынша, ағымдағы айдың соңында Қытай инспекциясы Қазақстанға келіп, азық-түлік қауіпсіздігі жүйесін бағалайтын болады. Сол кезде қой етін өңдейтін отандық кәсіпорындарға да тексеріс жүргізіледі. «Осы жолы да қытайлық әріптестер ол тексерістердің бөлек жүргізілетініне қарамастан, екеуін де бірдей өткізуге келісті. Осының арқасында Қазақстанның қой етін Қытайға ертерек экспорттауға болады. Біздің жоспарымызға сәйкес, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында қазақтың қой еті көрші елге тасымалданады», деді вице-министр.
Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бастаған Қазақстан делегациясы Қытай Халық Республикасының астанасы – Бейжің қаласында бірнеше маңызды кездесулер өткізген болатын. Бұл Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы АӨК-ке шет елден инвестиция тарту мен ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты бойынша берген тапсырмаларын жүзеге асыру және екі жақты тиімді келісімдерге қол жеткізу мәселесі бойынша жүзеге асты. Мемлекет басшылары – Н.Назарбаев пен Синь Цзяньпиннің деңгейінде «Нұрлы жол» және «Бір белдеу, бір жол» бағдарламалары бойынша өзара ынтымақтастықты нығайту жөнінде аса маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Ең алдымен, бұл ауыл шаруашылығы кешеніне қатысты.
Баспасөз мәслихатында сондай-ақ, Қытайдағы кездесулердің қорытындысында көршілес елге экспортталатын бидай кебегі партияларына қойылатын инспекция, карантин және санитарлық талаптар туралы хаттамаға қол қойылғаны айтылды. Аталған келісімнің арқасында қазақстандық кәсіпкерлер тұңғыш рет Қытай нарығына бидай кебегін экспорттауға қол жеткізбек.
Сондай-ақ, 2016 жылы қол қойылған екі елдің ауылшаруашылығы министрліктері арасындағы бірлескен іс-қимыл жөніндегі жоспарды іске асыру, ауыл шаруашылығы саласында ғылыми-техникалық септестік және «Оңтүстік-Оңтүстік» халықаралық бағдарламасы аясында өзара ынтымақтасу мәселелері талқыланған. Осы ретте ауылшаруашылық технологиялар трансферті мен ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі ведомствоара-
лық жұмыс тобын жасақтау мен Орталық Азия аймағы үшін селекциялық-генетикалық орталық құру мәселелері де назарға алыныпты. ҚХР-дың бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесу де нәтижелі болған. Кездесу барысында «Жібек жолы қоры» мен «ҚазАгро» холдингінің ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу жобаларын қаржыландыру бойынша өзара байланысы, «CCIC «China Certification & Inspection Group» тобының ауылшаруашылық өнімдері мен кәсіпорындарын сертификаттауы мәселелері қаралған.
Қытайдың ірі 8 трансұлттық компаниясы өкілдерімен ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу жобаларын қаржыландыруды талқылау барысында АӨК-ке қатысты мемлекет саясатының басым бағыттарын және Қазақстандағы инвестициялық ортаны жақсартудың жаңа әдістемесі түсіндіріліп, еліміздің мүмкіндіктері тағы бір паш етілген. Сонымен қатар, «China National Machinery IMP&EXP Corp» корпорациясымен алдағы мамырда Алматыда ауылшаруашылық машиналарына арналған көрме ұйымдастыру және ел аумағында машина жасау және жабдықтау зауыттарын салу бойынша келіссөздер жүргізілген. Сондай-ақ, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ пен «Asia Pacific Food Capital Co.Ltd.» және «Wilmart» компаниялары арасында өзара ынтымақтастық және сауда бойынша келісімшартқа қол қойылған.
Динара Бітікова,
«Егемен Қазақстан»