Қазақстан • 04 Сәуір, 2017

Судьялар «Болашақ» арқылы оқиды

274 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова мен Жоғарғы Сот Төрағасы Қай­рат Мәми және «Астана» халық­аралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов «Болашақ» халық­аралық стипендиясының 2016 жылғы стипендиаттары – судьялармен және сот жүйесінің қызметкерлерімен кездесті. Басқосуға АХҚО басқарушы қызметкерлері мен судьялар да қатысты.

Судьялар «Болашақ» арқылы оқиды

Кездесуді ашқан Қ.Мәми Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына кіру үшін Қа­зақ­станда ауқымды реформалар жүріп жатқандығын атап өтті. Ол қатысушылардың наза­рын «Астана» халықаралық қар­жы орталығының қызметі Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағыт­талғанына аударды. АХҚО бүкіл Орталық Азия айма­ғы үшін қаржылық хабқа айналуы және әлемдегі алдың­ғы қатарлы 20 қаржы орта­лы­ғының қатарына енуі тиіс.

«Ұлт жоспарының 24-қа­дамын іске асыру шең­берінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырма­сы бойынша Аста­нада халық­ара­лық арбитраж орталығы құрыл­мақ. Орталық жанынан ан­глосаксондық құқық жүйесі мен сот ісін жүргізуде ағыл­шын тілі қолданылатын қар­жы сотын құру арқы­лы инвес­ти­циялық дауларды шешу көз­деліп отыр. Осыған орай англо­сак­сондық құқық жүйесін зерде­леу мақсатында шет елде ар­найы тағылымдамадан өткен су­дья­лар кон­тингентін даярлау қажет­тілігі туындады», – деді Қ.Мәми.

Шет елдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия жұмысы туралы айтқан сөзінде Г.Әбдіхалықова қазіргі таңда «Болашақ» халық­аралық стипендиясы бо­йынша басым мамандықтар тізбесіне «Су­дьялар мен сот жүйесінің қыз­мет­керлері» санатын қосу­дың айрықша өзекті екендігін атап өтті.

«Бұл Мемлекет басшы­сы­ның заң үстемді­гін қамтамасыз ету және Қазақстандағы инвес­тициялық ахуалды жақсарту бойынша алға қойған міндетін табысты іске асыру үшін еліміздің судьялары мен қыз­мет­керлерінің біліктілігін одан әрі арттыруға мүмкіндік бере­ді», – деді Мемлекеттік хатшы.

Кездесуге қатысушылар «Ас­тана» халық­аралық қаржы орталығының Жоғарғы Сотпен бірлесіп сот жүйесінің сұрауы бойынша тағы­лымдаманы ұйымдастыру бағытында ат­қарған жұмысының қоры­тын­дысы туралы хабардар болды.

Өз сөзінде АХҚО басқа­ру­шысы Қ.Ке­лім­бетов халық­аралық қаржы орталығын құру­да адами капиталдың әлеуеті маңызды рөл атқаратындығын, сондықтан да, АХҚО Білім және ғылым министрлігімен бір­лесіп арнайы бағдарлама әзір­легендігін атап өтті.

«Ел экономикасына қар­жылық ресурстарды тарту және капиталдың жаңа легін қа­лып­тастыру мақсатында АХҚО-ға жоғары білікті ма­ман­­дар қа­жет», – деді Қ.Келім­бетов.

Кездесуде Жоғарғы Соттың судьясы Мадияр Балкен тағы­лым­даманы ұйымдастыру жұ­мыстарын үйлестіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

«Тағылымдама бағдар­ламасы Дубай халықаралық қаржы орталығы жұмысының тәжі­­рибесі ескеріле отырып әзір­ленген. Тағылымдама бағ­дар­ламасы шеңберінде сти­пен­­диаттар ағылшын тілінде іс қа­ғаздарын жүргізу, ағыл­шын судьяларының жұмыс қағи­­даттарын, құқық үстем­дігі мәселесін, соттың заң шығару және соттың үлгі­лік ісін, коммерциялық құқық­тың түрлі салаларының ерекше­ліктерін (келісімдік, банктік, қаржылық), ағылшын азамат­тық процестерін, халық­аралық арбитраждық құқық­ты зерттейтін болады. Соны­мен қатар, стипендиаттар үшін Ұлыбританияның соттарын­да, жетекші заңгерлік қауымдас­тық пен адвокаттар кеңселерін­де ұзақ мерзімді тәжірибеден өту жос­парланып отыр», – деді М.Балкен.

Кездесуде стипендиаттар атынан Астана қаласы Ал­маты аудандық сотының судьясы Данияр Хопабаев, Маман­дан­дырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гүлнәр Сатбаева және депар­таменттің халықаралық байла­ныстар секторының меңге­рушісі Адия Рамазанова сөз алып, олар кәсіби қыз­метті жақсарту үшін тағылым­даманың айрықша маңыз­ды­лы­ғына тоқталды және оны ойдағыдай өткеру үшін бар­лық күш-жігерлерін жұмсай­тын­дықтарын айтты.

Нұрлыбек Досыбай,

«Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар