Есімі өңірге кеңінен танымал ел ағасы, Ойыл ауданының құрметті азаматы Аманқос Орынғалиұлының айтуынша сәуірге дейін күннің көзі жылынбай, ақ қар, көк мұздың сіресіп жатып алуы бұрын-соңды кездескен емес. Наурыз айы туысымен ауада жылы леп сезіліп, сәуірдің 13-18-і аралығына сәйкес келетін, халық арасында «бесқонақ» деп аталып кеткен күндерде ғана күн суытатын еді. Табиғаттың биылғыдай тосын құбылысын кездестіріп көрмеппін дейді ол.
Алдағы күндерде аймақта ауа райы қандай болмақ? «Казгидромет» РМК Ақтөбе облысы бойынша филиалы ауа райын болжау бөлімінің бастығы Айгүл Файмова алдағы күндерде қар жауып, бұрқасын көріністері жалғаса беретінін айтып берді. Содан соң бұлт ашылып, күннің көзі шыққанымен, түнде он градустан асып түсетін аяз болмақ. Тек бесінші сәуірден кейін ғана ауа райы күндіз 0 градус төңірегінде болмақ. Алайда бұл кезде де түндегі температура кей жерлерде 5 градустан төмен болады деп күтілуде, деді ол.
Қыстың одан әрі созылып, көктемнің жай келуін оң құбылыс деп қабылдауға бола ма? Өңірдегі көнекөз қариялардың тұжырымдауынша мұны тек оң нышан мен жағымды құбылыс деп жоруға тоқайласады. Егер осы бастан жер кеуіп кетсе, оның аяғы құрғақшылыққа әкеліп соқтыруы мүмкін. Керісінше, кешігіп келген көктем келешек ырыс пен берекенің басы бола алады деп ой түйеді олар.
Лайым, солай болғай.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы