Осыдан он жеті жыл бұрын қалалық деңгейде басталған турнир жыл санап қанатын кеңге жайып, қазір аймақтық жарысқа айналды. Биылғы турнирге Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының Борсеңгір ауылы, Жезді кенті және Кеңгір ауылынан 50-ден аса жас шахматшы қатысты.
– Менің әкем шахматты өте жақсы көретін, қолы қалт еткенде дос-жарандарымен шахмат ойнайтын. Әкемізге қарап ағам да, інім де, мен де осы ойынға үйірсек болып өстік. Сондықтан, осыдан он жеті жыл бұрын сол кездегі қала басшылығы тарапынан менің атыма оқушылар арасында шахматтан турнир өткізу туралы ұсыныс түскенде қуана қабылдаған болатынмын. Аймақтағы жас шахматшылардың турнирде бақ сынасып жатқанын көру көңілді одан әрі өсіре түседі, – деді жарыстың ашылу салтанатына қатысқан Мұхамбет Көпеев.
Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов шахматтың спорттық тартыс қана емес, «ақыл-ой гимнастикасы» екендігіне де тоқталды. Ол кейінгі жылдары республикамызда жас шахматшылардың әлемдік жарыстарда алдыңғы орындардан табылып жүргендігін айтты, жастарды соларға қарап бой түзеуге шақырды.
Турнир қорытындысы бойынша «Ең қысқа партия» номинациясы бойынша жезқазғандық Асылбек Омракунов, «Ең әдемі партия» номинациясы бойынша сәтбаевтық Қазыбек Құлыбек пен жезқазғандық Олжас Досетов, Ұлытау ауданы, Борсеңгір ауылының оқушысы Зарина Құрал «Жеңіске деген жігері үшін», жезқазғандық Сәлімжан Сақбаев «Ең жас қатысушы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Сәтбаевтық Гүлжамал Жалбырова «Таңдаулы жаттықтырушы» атанса, «Әділ төрелігі үшін» номинациясының жүлдесі Владимир Олегович Князюкке бұйырды. Жарыс қорытындысында командалық есеп бойынша «Сәтбаев қаласы-1» командасы бірінші орынды жеңіп алды.
Жарыс жеңімпаздарына грамоталар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Абдолла Дастанов,
журналист
Қарағанды облысы,
Сәтбаев қаласы