Ән, күй, романс, увертюра, поэма, кантата, опера, балет сияқты түрлі музыкалық жанрлар аясын қамтыған 500-ден астам төл туындының авторы, қазақ музыкалық мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан әйгілі күйші-сазгер, талантты дирижер Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің мол мұрасын өскелең ұрпақ санасына сіңіріп, кеңінен насихаттау мақсатында жыл сайын өткізіліп отыратын аталмыш конференцияны Н.Тілендиев атындағы халықаралық қор ұйымдастырды. Нұрағаңның өмірде жанына жақын тұтқан жандары мен өнердегі достары, ізбасарлары бас қосқан айтулы жиынның өтуіне мұрындық болған қор директоры Оралжан Масатбаев Нұрғиса Тілендиев мұрасының зерттелмей жатқан тұстарына тоқтала отырып, қазақ музыкасының дамуын бүтіндей бір ғасырға алға сүйрей білген бірегей тұлғаны ұлықтап отыру – елінің үлкен парызы екенін атап өтті.
Белгілі қоғам қайраткері Ким Серікбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Пернебек Момынов, Құрмет орденінің иегері, өнертанушы ғалым Жарқын Шәкәрім, «Отырар сазы» оркестрінің дирижері, композитордың шәкірті Жалғасбек Бегендіков, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Зүлфия Қасымова, Қарасай ауданындағы Тұңғыш Президент музейінің жетекшісі, Құрмет орденінің иегері Рымкеш Байқонысова, күйші Талап Қараш, Ақорда республикалық қозғалысы төрағасының орынбасары Қанат Мұсағұлов сынды тұлғалар қатысқан жиыннан Тілендиев тұлғасының даралығы толық ашылғандай. Ал сазгердің жары, Н.Тілендиев атындағы халықаралық қор президенті Дариға Тілендікелінінің көзіне жас ала отырып айтқан естеліктері халқының Нұр-ағасына деген сағынышын, айрықша құрмет-ықыласын арттыра түскендей болды.
Сазгер-күйшінің шалқар теңіздей шалқыған шығармашылығындағы кейбір шашылып қалған, яки белгілі-белгісіз себептермен жоғалып кеткен, жарық көрмей қалған жауһар туындыларын жинақтап, зерттеп, көпшілік назарына ұсынуда көп еңбек атқарып жүрген нұрғисатанушы қауым күйшінің 90 жылдығы аталып өткен 2015 жылдан бері де басы қайырылған қыруар шаруа жайында есеп берісіп, ой түйісті, пікір алмасты.
Кеш барысында әйгілі сазгер туралы «Хабар» телеарнасы түсірген «Құстар қайтып барады» атты екі бөлімнен тұратын фильмнен үзінді көрсетіліп, «Отырар сазы» оркестрінің орындауындағы Нұрағаң күйлері тыңдалды. Бо-
йына тұнған сан қырлы талантымен, жүрегіне сыймай бүлкілдеген әуен-сазымен бүтін қазақ даласын тербей білген дарын иесі өмірінің кейбір сәттері туралы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы студенттері қойған шағын қойылымдар жиналған қауымды бір сәтке Тілендиев әлеміне жетелегендей еді.
Мира Байбек,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ