Сөзі рас. Бала күнде Сұрымсайдың жағасында туып, Келестің лай суына шомылып өсіп-ақ алыстағы армандай Алматыда ауылымыздың атын шығарып тұрған ағаларымызды ойлап-ойлап қоятынбыз. Осы ауылда жүріп-ақ, осы жатаған мектепте оқып-ақ болатын баланың бола алатынына сенімімізді орнықтырған, білімге құлшындырған, арманымызға қанат бітіріп, алға ұмтылдырған адамдардың бірі Немат Келімбетов еді.
Сол Немат ағамыз тірі жүрсе дәл бүгін сексен жастың сеңгіріне көтерілер екен. Бір кездегі «Коммунадан» екенімізді айттық қой. «Коммуна» француздың «бірлестік, қауымдастық» деген сөзі. Сондықтан «коммунарлардың» бірі ретінде осы тұста аға жайында аз-кем әңгіме қозғауды парыз көріп отырған жайымыз бар.
Немат Келімбетовтің өмірі мен шығармашылығы жайында сөз қозғалғанда алдымен ауызға алынатыны – оның «Үміт үзгім келмейді» деп аталатын хикаят-монологы. Ол кітаптың қандай себеппен, қандай жағдайда жазылғаны баршаға белгілі. Танымал телехабардың арқасында «айтуға оңай» деген сөз бүгінде қанатты тіркеске айналып барады. Үкіметте лауазымды қызметте жүрген, ғылыми атағын жаңа ғана алып, жұмыс десе жұлқынып тұрған жігіттің жұлынға жасалған аса ауыр нейрохирургиялық операциядан орда бұзар отызының дәл ортасында, оқыстан омақаса құлауы, не аяқ, не қол қозғалмай, табандатқан он жыл бойы төсекте сал болып жатуы, сөйтіп жатып сол сұмдық сынақтың жай-жапсарын жіктеп-жіліктеп, соншалықты сезімталдықпен, соншалықты суреткерлікпен айқара көрсетуі, аузын арандай ашқан ажалмен бетпе-бет келген жылдарда жанын алып қалған, сенімін оятқан, сезімін байытқан кіршіксіз махаббаттың, асыл адамгершіліктің қадір-қасиетін жүрек шымырлатып, жанарыңа жас үйіртіп жеткізуі, соны оқығандардың бойында өмірге құштарлықты арттыруы, сенімді күшейтуі, үмітті лаулатуы айтудың өзіне оңай емес.
«Үміт үзгім келмейдідегі»: «Көзімді ашсам, өз палатамда жатыр екем. «Тірімін, өлмей, операциядан тірі шығыппын ғой». Ең алдымен ойлағаным осы болды. Әйтеуір тірілердің қатарындамын. Басқа жағын ойланып-толғануға қазір менде мұршам да жоқ. Ойлағым да келмейді. Ең бастысы, тірімін, Гауһар. Бар сезгенім тынысым тарылып, біреу алқымымнан қылғындырып тұрғандай-ақ ауа жетпей, деміккен үстіне деміге түстім. Қаным кеуіп, аузымнан демім от боп шығады. Еріндерім кеберсіп, бір-біріне желімдей жабысып қапты. Тілім аузыма сыймай, таңдайым қақырап, шөлдеп барам. Есімді жиған алғашқы секундта-ақ өзіме де беймәлім бір дүлей күш мені жан алқымға тақап, қас-қағымда әңкі-тәңкімді шығарып жібергендей еді. Біресе шала-шарпы есімнен танып, біресе өзіме-өзім келіп, жаным жарға таянып, барып-келіп жаттым», деген жолдарды оқығанда адамның өмір үшін арпалысын тек соны өз басынан өткерген адам ғана осылай айта алатын болса керек деп ойлайсың. Бұл кітап жайындағы сөзді Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мына пікірімен түйіндеу орынды: «Үміт үзгім келмейді» кітабы адамның, нағыз адамның өмірге деген ғашықтығының, өмірге деген шет-шегі жоқ құштарлығының, қайтпас-қажымас қайсарлығы мен кіршіксіз адамгершілігінің, жан жары мен бала-шағасына деген өлшеусіз мөлдір махаббатының ең биік үлгісі дер едім». Әбеңнің сөзін білетін, өзін білетін, мінезін білетін әр адамның ол кісіге «Жанарыма жас үйірілді. Соғыс көрген, қан кешкен адаммын ғой, менің көңілімді босату да оңай емес» дегізудің қандайлық екенін түсінетіні талассыз. Мұны тек Қайсарлық атты құдірет қана жасай алады.
Бұл хикая төсекке таңылған, аяқ-қолы семулі қаламгердің ауызша айтып жатуымен, жеңгейдің жазып отыруымен қағазға түскен. Сол жылдардағы жанкешті жұмыс жөнінде ағаның асыл жары Қуаныш жеңешеміздің (кітаптағы аты – Гауһар) былай деп айтқаны бар: «Ағаңды кейде қамшылап, кейде қайрап жүріп бір сәті түскен күні «бисмилла» деп бастап кеттік. Ағаң ауызша айта бастайды, мен айтқанын айтқанынша ақ қағазға жаза беремін. Бір сәтте ағаң айтып жатқан сөзін кілт тыйып, «Ал оқышы, не болды екен» дейді. Мен мәнерлеп оқи жөнелемін. Ағаң ақырына дейін төзіммен тыңдап жатады да, «Қой, мынау шықпапты, жазғаныңды жырт, қайта жазамыз» дейді. Әлденеше рет жыртып, әлденеше рет қайта жазған кезіміз болды. «Сонша қиналып еңбек еттім, сен неменеге жыртып таста дей бересің» деуге менің дәтім бармайды. Олай деп қалай айтасың, өзі «шықпа, жаным, шықпа» деп, әупіріммен жатқан адамның сағын сындырғым келмейді. Алғашқы кітапты осылай, аса қиналыспен аударып шықтық»... Бұл сөзге түсінік беру артық болар.
«Үміт үзгім келмейді» бізде бірнеше рет басылып шықты, орыс, түрік, қытай, француз, неміс, араб, украин тілдеріне аударылды. Түркияда Н.Келімбетов шығармаларының төрт томдығы жарық көрді. Мұның сыртында Н.Келімбетовтің адам бойындағы қилы-қилы құбылыстардың сырына ақсақалдың көзімен, ақылманның тұрғысынан қарай алған «Қариялар», «Күншілдік» атты күрделі ойлы кітаптары, Шәді төре Жәңгірұлы туралы монографиясы, өзбек, армян, украин жазушыларынан аударған кере қарыс романдары, көптеген сұхбаттары, «Үміт үзгім келмейді» атты пьесасы, «Ұлыма хат» эссесі сияқты талай елеулі еңбектері бар. Дәл қазір оларды атап қана өте шыққаннан басқа амал болмай тұр.
Дегенмен, бір еңбекті бөле атауға тура келеді. Ол – Немат Келімбетовтің 7 томдық шығармалар жинағының төртінші томында жарияланған «Түркі халықтарының ежелгі әдеби жәдігерліктері» атты монография. Ғалымның «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы», «Қазақ әдебиетінің бастаулары», «Көркемдік дәстүр жалғастығы» атты еңбектеріне сүйеніп дайындалған бұл кітап 1986 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» атты жоғары оқу орнының студенттеріне арналған оқулығын негізге алған. Диқан Қамзабекұлы «Намыс пен білімнің жоғары мектебі» атты мақаласында: «Мұның өзі сол кезең үшін азаматтық ерлікке тең болатын. Сол үшін Немат ағай кезінде сынға ұшырап, бақылауға алынған» деп жазған. Неге? Себебі, дәл сол тұста қазақ әдебиетінің ежелгі бастау-бұлақтары туралы талайдан келе жатқан таластың түйіні табылып қана қойған жоқ. Әдебиет тарихын Бұқар жыраудан әрі асыра алмай жүрген тұста (ал оның айтылмайтын себептерінің бірі, біздіңше, ұлт әдебиетінің тарихын алғашқы белгілі шығармасы «Игорь жасағы жайындағы жыр» ХII ғасырға телінетін орыс әдебиетінің тарихынан гөрі тереңдетіп жіберуден жасқануда жатқан сияқты) 1967 жылы Бейсенбай Кенжебаевтың басқаруымен құрастырылған «Ертедегі әдебиет нұсқалары» атты жүйеленген хрестоматияның, әсіресе сол кездегі жас та жалынды ғалым Мырзатай Жолдасбековтің «Күлтегін» және «Тоныкөк» ескерткіштерін зерттеу, мәтіндерін аудару арқылы олардың тек тарихи дереккөзі емес, сонымен бірге поэзияға тұнып тұрған көркем жырлар екенін, ең бастысы «Күлтегіндегі» «Көрүр көзім көрмәс тағ, Білір білігім білмәс тағ болтү» деген сияқты жолдардың қазіргі қазақ тіліндегі «Көрер көзім көрместей, Білгір ақылым білместей болды» деген сөздерден айырмасы жоққа жуықтығын қолмен қойғандай дәлелдеп шығуы көп жайдың басын ашып салған еді.
Немат Келімбетов одан да әріге тартты. Бұл істе оған қайран Бейсекеңнің – Бейсенбай Кенжебаевтың «Қай халықтың болсын ерте замандардағы алғашқы әдебиеті, жазба әдебиет нұсқалары сол халықтың бүгінгі тілінде болуы шарт емес. Кейбір халықтардың ондай әдебиетінің басқа тілде, сол халыққа осы күнде түсініксіз тілде болуы, бірақ сол халық жерінде, сол халық өкілдері тарапынан жасалған, сол халықтың бір кездегі өмірін көрсететін әдебиет нұсқалары болуы ықтимал» деген тамаша, терең тұжырымдамасы көмекке келді. «Бұл сөзімізге орыс, беларусь, украин халықтарының жазба әдебиетінің ертедегі тілі толық дәлел.Олардың ежелгі дәуірдегі әдеби шығармалары қазіргі орыс, беларусь, украин халықтарына түсініксіз булгар тілінен тараған шіркеу-славян тілінде жазылған. Ал орта ғасырдағы француз әдебиетінің басым көпшілігі қазіргі французға түсініксіз латын тілінде жазылып келгені мәлім», дейді Н.Келімбетов. Өзімізге жақындау мысал алсақ, «Игорь жасағы жайындағы жырдың» түпмәтінін бүгінгі орыс оқырмандарының түсінбейтінін, олардың жырды тек кейінгі замандардағы аудармалар арқылы ғана оқитындығын еске салуға болады. Айтқандай, сол аударма нұсқаларының бірін осы сенбіде дүниеден өткен Евгений Евтушенко жасаған еді.
Қош, сонымен, белгілі бір халыққа тиесілі деп санау үшін ол шығарманың тілі сол халықтың қазіргі ұрпағына толық түсінікті болуы шарт емес, ең бастысы, сол халықтың жерінде, сол халық өкілдері тарапынан жасалуы әрі сол халықтың бір кездегі өмірін көрсетуі шарт екен дейік. Онда Немат Келімбетов түркі халықтарының ежелгі әдеби жәдігерліктері деп танып отырған шығармалардың тілі арқылы олардың жасалуына түркі халықтарының ортақтығын және сол үдеріске біздің халқымыздың арғы ата-бабаларының қатыстылығын дәлелдей аламыз ба деген сұрақ өзінен өзі туындайды. «Біз сөз етіп отырған ежелгі түркі әдеби жәдігерліктерінің кейбіреуінің тілі қазіргі қазақ тіліне, ал екіншісі – әзербайжан тіліне, үшіншісі – өзбек тіліне немесе басқа да түркі тілдерінің біріне жақынырақ болып келеді. Алайда, осы тілдік белгісіне қарап, мұндай әдеби мұраларды белгілі бір халықтың еншісіне теліп қоюдың өзі ғылыми тұрғыдан қарағанда үлкен қателік деп білеміз. Сол себепті ежелгі түркі дәуірінде өмірге келген көне түркі әдеби жәдігерліктерін бүгінгі түркітілдес халықтардың бәріне бірдей ортақ мұра деп қарағанымыз тарихи шындық пен әділеттілікке сәйкес келеді» – Н.Келімбетовтің бұл сөздерін осы сұрақтың жауабы ретінде қарауға болады.
Н.Келімбетов өз кітабында, академик Сейіт Қасқабасовтың сөзімен айтқанда, «қазақ әдебиетінің ерте заманнан бергі тарихын жүйелеп, бір ізге түсіріп, көркем ойдың даму жалғастығын көрсеткен». Осы арқылы ғалым қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесіне де үлкен үлес қосты. Келімбетов еңбектері арқылы «Тәңірлік дәуір әдебиеті», «Ислам дәуірі әдебиеті», «Алтын Орда дәуірі әдебиеті» ұғымдары берік орныға түсті. Сақтардың қаһармандық дастандары – «Алып Ер Тоңға» мен «Шу» дастандарының, ғұндардың батырлық жырлары – «Оғыз-қаған», «Аттила», «Көк бөрі», «Ергенекон» дастандарының үзінділерін келтіре отырып, ғалым олардың «исламға дейінгі дәуірде, яғни араб, парсы поэзиясына тән термин сөздер әлі түркі поэзиясына әсер ете қоймаған кезеңде өмірге келгенін» дәлелдейді. Түркі тайпаларының байырғы поэтикалық көг өлшемінде туған ол дастандардың «Күлтегін», «Тоныкөк» жырларының ізашары екені көрсетіледі. Ең басты түйін ретінде тәңірлік дәуір әдебиетінің, ғұндардың батырлық жырларының қазақ ұлттық сөз өнерінің генезисі болып табылатынын түпкілікті танытқанын айтуға болады.
Ғалым еңбектеріне зер салып қараған адам сол есте жоқ ескі заман жырларының өзінде қазіргі қазақ түсінбейтіндей сөз аздығына қайран қалады. «Алып Ер Тоңғаны жоқтаудағы» «Өткелек өшін алды ма?» деген жолға қалай тәнті болмассыз?! Заманды адамның басынан өтер өткелек деп тұр ғой. Сол өткелек өлім арқылы адамнан өшін алады екен. Не деген керемет сөз. Кешегі өткен Фариза Оңғарсынова осы жоқтауды аударғанда «Шеңгелін ажал салды ма, Ер Тоңғаны алды ма, Сұм дүние артта қалды ма, Қайғылы жүрек жыртылды-ау» деп көне дүние сарынын сәтті сақтағаны есімізде.
Немат Келімбетов ислам дәуірі әдебиетіндегі, Алтын Орда дәуірі әдебиетіндегі шығармаларды терең талдай келіп, олар «бертін келе қазақтың қаһармандық дастандары мен жыраулар поэзиясынан өзінің көркемдік жалғастығын тапты» деген түйінге тоқтайды, сөйтіп «қазақтың өзіндік төл әдебиеті ежелгі түркі поэзиясының сан ғасырлық тарихи даму үдерісінен туындаған логикалық жалғасы екенін» дәлелдеп шығады.
Келімбетов кітаптарына түркі тілдес дүниеде қызығушылық танытылып отыруының, оның «Turk halklarinin ortak edebi eserleri» («Түркі халықтарының ортақ әдеби мұралары») кітабының түрік тілінде басылып, аға-
йындас халықтардың әдебиеттануында ғылыми айналымға қосылуының қағидатты мәні бар. 2010 жылы Ыстанбұлда Немат Келімбетов кітабының тұсаукесері өткізілгенде біз кезінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Сүлеймен Демирелдің арасында болған әңгімені жиналғандарға айтып берген едік. Елбасымыз тәуелсіздіктің таңсәрі шағында-ақ жалпы түркі әлемінің ортақ академиясын құру идеясын ортаға салған. Сонда Сүлеймен Демирел ұсынысты бірден қолдап, «Дұрыс, ал енді ол академия қайда болуы керек?» дегенде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Халық жағынан қарасақ сізде болуы керек, тарих жағынан қарасақ бізде болуы керек» деген. Болашақ академияның бір кезде Қазақ елінде орналасатындығы солай шешілген. «Көп түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?» деген Мағжан сөзінің мәні тереңде. Сондықтан да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы біздің елордамызда – Астанада орналасты. Н.Келімбетовтің түрік тілінде шыққан кітабы Түркі академиясы құрылғалы бергі қолға алынған жұмыстың алғашқы нақты нәтижесі ретінде де бөлекше бағалы болатын. Бүкіл түркі жұртына ортақ әдеби мұраларды саралаған Н.Келімбетов еңбегінің Ыстанбұлда жарық көруі арқылы біз қазақ әдебиеттануы, қазақ фольклористикасы түркологияда да қарашаңырақтық сипатын сақтап отырғанын келісті көрсетіп бердік. Демек, Немат Келімбетов бұл тұрғыдан да халық абыройын асыра түсуге септігін тигізген тұлға. Жаһандану желі жалғыз жалауы жалтылдап, жеке-жеке жүзетіндерді жығып кете беретінін көріп келеміз. Түркітілдестің түгел болуының басты шарты тілдің бір болуы емес, ділдің бір болуы. Ал ділді жасайтын алдымен біздің бәріміздің бұрынғы, бүгінгі және болашақтағы сөз өнеріміз. Көрнекті ғалымның қазақ әдебиеттануының аумағынан асып, жалпы түркілік өркениетке қосылған, бүгінгі таңда түркі дүниесінің тұтастығына нақты қызмет етіп тұрған ғылыми мұрасы дәл қазір қай кездегіден де маңызды.
Сауытбек Абдрахманов