Аймақтар • 04 Сәуір, 2017

Мобильді топ жолға шықты

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы жылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында мемлекеттің сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасағанын айта келіп, ендігі кезекте де жемқорлықтың жолын кесу керектігін атап көрсеткен болатын.

Мобильді топ жолға шықты

Елбасы өз Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарт­тарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет», деп тапсырды. Ал кемел келешек пен баянды болашақ адал еңбектің ғана аясында салтанат құрады. Ұлтын сүйетін ұрпақ қалыптастыру да ұлы міндет.

Сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында Жамбыл облысында «Парасыз болашаққа. Бірге!» ұранымен мобильді топ құрылды. Тараз қаласындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында өткен жиында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, мәдениет қайраткері Нұрсифат Салықова және басқа да азаматтар сөз алып, жем­қорлықтың қоғамдағы келеңсіз әрекет екеніне тоқталды. Сондай-ақ жастарды сыбайластықпен күреске шақырды.

Ал мобильді топтың негізгі мақсаты – облыс аумағында орналасқан барлық мекемелердің еңбек ұжымдарына ақпарат­тық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және мемлекеттік қызмет көрсету барысында туындайтын әкімшілік кедергілерді барынша азайту. Сонымен қатар, азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асыру да басты назарда. Басталған мобильді топ жұмысы жыл соңына дейін жүргізіледі.

Мобильді топ құрамына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қызмет­керлері, «Жаңару» сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы жалпыұлттық қозға­лысы Республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері, облыстық кәсіп­одақ ұйымдарының жетекшілері, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен  ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшылығы енгізілген. Мобильді топ құрамына енген барлығы 15 азамат енді облыстың он ауданында және барлық елді мекендерінде болып, халықпен кездесу өткізу үшін жолға шықты.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»  

Жамбыл облысы




Соңғы жаңалықтар