Одан соң Елбасы Әзербайжан Республикасының бұрынғы президенті Гейдар Әлиевтің рухына тағзым жасау үшін әзербайжан көсемі жерленген зиратқа табан тіреді. Н.Назарбаевты бұл жерде құрметті қарауыл күтіп алып, мемориалға бастап жүрді.
Қазақстан Республикасының Президентін Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев өзінің жұмыс резиденциясы «Загульба» сарайының алдында мәртебелі мейманға лайықты барша рәсімдерді жасап, сән-салтанатпен қарсы алды. Құрмет қарауылы екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындады.
Ресми кездесуден кейін мемлекет басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың даму ахуалы мен перспективалары, сондай-ақ, күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер талқыланды.
– Бірінші кезекте, еліңізге сапар жасауға шақырғаныңыз үшін алғыс білдіремін. Біз әзербайжандық бауырларымыздың тарапынан жылылық, қонақжайлық пейілді сездік, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Әзербайжан арасында ежелден тарихи және мәдени байланыстарға негізделген дәстүрлі достық сипатындағы екіжақты қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті. Мемлекет басшысы әлемдік экономикадағы қазіргі кездегі жаңа үрдістер екі ел серіктестігін одан әрі дамытуға тың серпін бере алатынын айтты.
– Әлемдегі дағдарыстық құбылыстар ұлттық экономикамызға айтарлықтай залалын тигізіп жатқанын көріп отырмыз. Сонымен қатар, бұл бірлескен жаңа өндірістер ашып, мүмкіндіктерімізді пайдалануға жол ашуда. Экономиканы әртараптандырып, инновациялық технологияларға назар аудару қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Президент екіжақты ынтымақтастықтың барлық саласында өзара іс-қимылды үдету, соның ішінде Қазақстан мен Әзербайжанның көлік-транзит әлеуетін дамыту қажеттігін атап өтті.
– Бұл кездесу елдеріміздің өзара іс-қимылын одан әрі тығыз дамытуға мүмкіндік туғызатын жаңа форматтағы қарым-қатынасымызға тың серпін беруге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті екі мемлекеттің халықаралық саладағы өзара түсіністігіне және ұстанымдарының ұқсастығына да назар аударды. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев И.Әлиевті 2016 жылғы ел конституциясына өзгерістер енгізу қарастырылған референдумда Әзербайжан халқының, президенттің өкілеттік мерзімін ұзартуға бағытталған өзгерістерді қолдағанымен құттықтады.
Өз кезегінде, Әзербайжан басшысы Н.Назарбаевтың сапары екі елдің арасын жақындату аса маңызды екенін айтты.
– Сіздің сапарыңыз біздің елдеріміздің арасындағы достық, бауырластық байланыстарды одан әрі нығайтуда аса зор маңызға ие. Бірінші кезекте, Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне сайлануымен тағы да құттықтағым келеді. Бұл – Қазақстанның халықаралық қатынастардағы рөлінің, бейбітшілікті нығайтуға бағытталған маңызды бастамалар ұсынып жүрген жеке Сіздің беделіңіздің мойындалуы. Екіжақты қатынастардың даму барысына біз ризамыз, үнемі тығыз байланыстамыз. Бүгін де пікір алмастық. Пікір алмасу нәтижесінде біз талқыланған тақырыптардың барлығында ұстанымдарымыз сәйкес келетіндігіне көз жеткіздік. Белсенді саяси іс-қимылдар, экономика, көлік саласындағы мүмкіндіктердің барлығын егжей-тегжейлі талқыладық. Мені екі елдің компаниялары арасында инвестиция салу жұмыстарының жолға қойылғаны қуантады. Сіздің келуіңіз және бүгін қабылданатын шешімдер инвестиция көлемін ұлғайту үшін жеке сектордың ынтасын арттырады деп ойлаймын. Сіздің сапарыңыз өте табысты болып, біздің елдерімізді одан әрі жақындастыра түсетініне сенім білдіремін, – деді Ильхам Әлиев.
Одан кейінгі кезекте екі мемлекет президенттері, үкімет мүшелері және ұлттық компаниялар басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді. Осы келіссөздердің қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Әзербайжан президенттері, сонымен қатар, екі мемлекеттің үкімет мүшелері, ұлттық компанияларының басшылары бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Бірлескен декларацияға қол қойды.
«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ президенті Қанат Алпысбаев пен «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ президенті Джавид Гурбанов Логистика және темір жол көлігі машинасын жасау саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Қазақстан мен Әзербайжанның сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Қайрат Әбдірахманов пен Эльмар Мамедьяров 2017-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын бекітті.
Қазақстанның Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Исабаев пен Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Мамадов 1996 жылғы 16 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Әзербайжан Республикасы Үкіметі арасындағы табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Үкіметі мен Әзербайжан Үкіметі арасындағы хаттамаға қол қойды.
Қазақстанның Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек және Әзербайжанның Экономика және өнеркәсіп министрі Шахин Мұстафаев Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге қол қойды.
Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Әзербайжан Ауыл шаруашылығы министрі Гейдар Асадов екі ел үкіметтері арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Қол қою рәсімінен кейін Н.Назарбаев пен И.Әлиев бірлескен мәлімдеме жасады. Елбасы И.Әлиевке ресми сапарға шақырғаны үшін алғысын білдіре отырып, екі мемлекет арасында қанат жаюға тиісті мәселелер туралы баяндады.
– Біз тауар алмасуды арттыруға айрықша мән бердік. Миллион долларлық көлем біздің әлеуетімізге жауап бере алмайды. Сол себепті, осы орайда Каспий теңізі арқылы логистикалық ынтымақтастық басты орынға шығады. Қазақстан Қытай Халық Республикасының «Бір белдеу – бір жол» жобасындағы Жаңа Жібек жолына тартылған. ҚХР шекарасынан Каспий теңізіне дейін жалпы ұзындығы 1 мың шақырымды құрайтын темір жол салынған. Бұл жол қазірдің өзінде жемісін беруде. Ұзындығы 2 700 шақырымдық «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік жолы да жүргізілуде. Сол себепті, қазір мәселе Қытайдан контейнерлер тасу туралы болып тұр. Оны Еуропаға Кавказ, Баку, Каспий теңізі арқылы жеткізу керек. Осы жерде зор әлеует бар,– деді Елбасы.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл бағыттағы тасымал көлемі 6-7 миллиард долларды құрамақ. Оның басым бөлігі Баку арқылы өтсе, Әзербайжан 500-600 миллион доллар табыс таба алады.
Елбасының пайымдауынша, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымының көлемін алдағы уақытта миллиардтық деңгейге дейін жеткізуге болады.
– Индустрияландыру саясатының арқасында біз заманауи электровоз, тепловоз, темір жолдардың беткі құрылыстарын өндіруді жолға қойдық. Мұның барлығы Әзербайжанға керек, біз оны жеткізе аламыз. Ал Әзербайжаннан Ақтауға жеткізілген көкөніс тауарының өзі бүкіл Қазақстанға таралады, ол бір жылдың ішінде 12 есеге артқан. Бұл біздің елдеріміздің арасындағы сауда-саттық байланыстардың аса зор әлеуетінің көрсеткіші, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы екіжақты экономикалық байланыстың басқа да бағыттары туралы баяндады. Әзербайжан Президентінің қонақжай пейіліне, достық көңіліне ризалығын білдіріп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне құрметті мейман ретінде қатысуға, сонымен қатар Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасаушы мемлекет ретінде қонақ болуға шақырды.
Өз кезегінде, И.Әлиев Н.Назарбаевқа деген жылы лебізін, қазақ еліне деген құрмет сезімін білдірді.
– Биыл біз екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 25 жыл толуын атап өтеміз. Жалпы, біздің халықтардың өзара байланыстар тарихы жүздеген жылдармен есептеледі. Қазақстан-Әзербайжан қатынастарының тарихы достыққа, әріптестікке, бір-бірін қолдауға құрылған. Біз халықаралық құрылымдарда да белсенді әріптестік байланыстамыз, үнемі бір-бірімізді қолдап келеміз. Бауырлас Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігіне қуаныштымыз. Қазақстанның халықаралық және жаһандық істердегі маңызды рөлі мен беделін мойындай отырып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталатынына сенім білдіреміз. Сондай-ақ, халықаралық құрылымдарда Әзербайжанға қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс білдіргім келеді, – деді И.Әлиев.
Каспийдің қапталындағы көршілер
Биыл, нақтырақ айтқанда, алдағы тамыз айында Қазақстан мен Әзербайжан арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толады. Ширек ғасыр ішіндегі қарым-қатынастың шежіресін шолып шығар болсақ, Бакудегі Қазақстан елшілігі 1993 жылы ашылыпты.
Қазақстан-Әзербайжан достығының нығаюына әсер еткен сапар 1994 жылы жасалды. Әзербайжан Республикасының сол кездегі президенті Гейдар Әлиев наурыз айында Алматыға келіп, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевпен кездесті. Достық рәуіште өткен жүздесуде екі мемлекеттің басшылары өзара ынтымақтастықты дамытуға әлеует мол екенін сөз етті. Ауыл шаруашылығы, мұнай-газ машиналарын жасау сынды басты салалардағы әріптестікті талқылады. Әзербайжанда сол кезде мұнай-газ машиналарын жасаудың мықты базасы қалыптасқан болатын. Осыны ескеріп, Қазақстанда да бұл секторды бірлесіп дамытудың жолдары қарастырылды. Біздің елімізден бидай, шикі мұнай экспорттау барысы талқыланды. Арада бір жыл өткеннен кейін Елбасы Н.Назарбаевтың шақыруы бойынша Қазақстанға кезекті мәрте сапармен келген Гейдар Әлиев Ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай ЮНЕСКО көлемінде атап өтілген алқалы жиынға қатысты.
Қазақстан-Әзербайжан қатынастарының жаңаша қарқын алуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1996 жылы Бакуге ресми сапары тың серпін берді десек, артық айтпаймыз. Екі мемлекет басшыларының осы кездесуінде кәсіпорындар арасында экономикалық байланыстарды күшейту, мәдени саладағы қатынастарды дамыту мәселелері талқыланып, маңызды келісімдерге қол қойылған-ды. Атап айтар болсақ, Баку қаласында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Мемлекетаралық қарым-қатынастар негізі туралы келісімге, Каспий теңізіне қатысты мәселелер жөніндегі бірлескен декларацияға, Қосарланған салық салудан бас тарту жөніндегі мемлекетаралық конвенцияға, Спорт пен мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі келісімге, Мұнай мен газ өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты арттыру жөніндегі келісімге, Әуе көлігі туралы келісімге, Автомобиль көлігі туралы хаттамаға және басқа маңызды құжаттарға қол қойылғанын атап өткен жөн.
Ал 1997 жылы Г.Әлиевтің Қазақстанға сапары аясында екі ел президенттері негізінен мұнай-газ секторына, көлік-коммуникация саласына байланысты сауда-экономикалық қатынастарды дамыту туралы декларация қабылдады. Қазақстандық мұнайды халықаралық нарыққа шығаруға жол ашатын меморандумға қол қойылғанын осы кездесудің басты жемістерінің бірі деуге болады.
1998 жылғы 10 мамырда Қазақстанның елордасы Арқа төсіне көшкен айтулы оқиғаға орай елімізге ат басын бұрған мемлекеттер басшыларының арасында Гейдар Әлиев те болды. Осылайша, Каспий теңізінің мәртебесін айқындау, сонымен қатар екіжақты саяси қатынастармен байланысты басқа да мәселелер Астана төрінде талқыланғанын айта кету керек.
Жалпы, Қазақстан-Әзербайжан арасында жан-жақты байланыстың нығайып, ынтымақтастықтың артуына негізінен екі мемлекеттің басшылары тікелей рөл ойнайды. Мемлекеттер басшыларының жиі кездесіп, жүйелі түрде қарым-қатынас орнатуының арқасында Қазақстан мен Әзербайжан арасында шынайы достыққа, бауырластыққа негізделген саяси, экономикалық, мәдени байланыстар тереңдей түсті.
Жаһандық саяси, экономикалық ахуалдың соңғы жылдары күрделене түскеніне қарамастан, Қазақстан-Әзербайжан қатынастарының жыл санап ырғақты дами түскенін байқауға болады. Қазақстан Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының деректеріне көз жүгіртсек, осыған айқын көз жеткіземіз. 2016 жылы өзара сауда айналымының көлемі 136,8 миллион АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылдағы көрсеткіштен 9 пайызға асып түскені осының бір мысалы.
Қазақстан Әзербайжанға негізінен темір жол және локомотив жабдықтарын, қара металл, жанар-жағармай, құрылыс материалдарын экспорттайды. Ал импорттың негізгі бөлігін қант және кондитерлік өнімдер, қара металдан жасалған техника түрлері, көкөніс, тоқыма өнімдері, электр құрал-жабдықтары құрайды. Экономика саласындағы қатынастардың нығаюына Қазақстан-Әзербайжан үкіметаралық комиссиясының жұмысы да тиімді мүмкіндік туғызып келеді.
Тарихы терең тамырластық
Жалпы, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастар тек экономикалық сектормен шектеліп қалған емес. Екі елдің бауырластық пен достыққа негізделген байланыстарының тарихы тереңінен бастау алатыны белгілі. Туыстас халықтардың мәдениеті, руханияты бір қайнар көзден бастау алатыны әлдеқашан дәлелденген.
Бұл орайда, еліміздегі әзербайжан диаспорасы да екіжақты байланысқа ұйытқы болып тұрғанына тоқтала кеткен жөн. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында тағдыр дауылы Грузия, Армения елдеріндегі әзербайжандарды қазақ топырағына айдап әкелген. Одан соң, 1950-80 жылдар аралығында тың игеруге, мұнай кеніштерінде жұмыс істеуге келген әзербайжандардың тағы бір толқыны уақыт өте келе осында орнығып қалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тарихи отандарына қайтып кеткендердің қарасы бірталай болғанымен, Қазақстанда қалуды қалағандардың да ұрпағы бүгінде жүз мыңға жуықтайды екен. Яғни, саны жағынан алғанда еліміздегі әзербайжан диаспорасының үлесі оныншы орында.
Еліміздегі өзге ұлыстар сияқты, әзербайжан диаспорасының да басқалармен терезесі тең өмір сүруіне, білім алуына, еңбек етуіне толыққанды жағдай жасалған.
Бүгінде штаб-пәтері Бакуде орналасқан екі елдің Парламенттік ассамблеясы табысты жұмыс істеуде. Халықаралық Түркі академиясы, ТҮРКСОЙ, Түрік кеңесі жанындағы Ақсақалдар кеңесі сынды халықаралық ұйымдар екі елдің рухани-мәдени байланыстарын тереңдетуге сүбелі үлес қосуда.
Географиялық орналасуы жағынан арасын теңіз ғана бөліп тұрған екі мемлекеттің мәдени, рухани байланыстары өткен ғасырда өте жақсы дамыды деуге болады. Екі елдің қаламгерлері, рухани қайраткерлері өзара шығармашылық достық орнатып, тәжірибе алмасып, қатынастарын үзген емес. Әзербайжанда қазақ қаламгерлерінің, қоғам қайраткерлерінің мерейтойларын атап өту де дәстүрге айналған. Мәселен, сонау 1954 жылы Бакуде Ұлы Абайдың шығармашылығы туралы халықаралық конференция өтіпті. Абайдың «Ескендір», «Масғұт», «Әзімнің әңгімесі» сынды шығармалары, басқа да өлеңдері әзербайжан тіліне тәржімаланып, кітап болып шыққан. Абай шығармашылығын көлемді зерттеу еңбектері жарияланған.
Осы орайда, Ұлы Абай шығармашылығына ықпал еткен Шығыс әдебиеті алыптарының бірі, әзербайжанның атақты ақыны Низами Гәнжауи туралы да айтып өткен жөн. Абай мен Шәкәрім шығармашылығына ықпал еткен әзербайжан әдебиетінің екі алыбының бірі осы Низами болса, екіншісі Физули деп білген абзал. Абай Низами дастанының негізінде «Ескендір» поэмасын жазса, Шәкәрім Физулидің «Ләйлі-Мәжнүнін» қазақ тіліне тәржімалағаны белгілі. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында да әзербайжан ағайындар бауырлас ел ретінде сый-құрметтерін көрсетіп, «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырын әзербайжан тіліне аударғаны есімізде.
Байланыс бүгін де берік
Бауырлас ел биыл Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне атсалысуға ниетті екенін де айтпай кете алмаймыз.
Каспий теңізінің айналасындағы өзге үш ел сияқты, Қазақстан мен Әзербайжан да мұнай, газ сынды дәстүрлі энергиялық ресурстарды тұтынып қана қоймай, экспорттау, тасымалдау бағытында да алға басқан ел екені мәлім. Алайда, «жасыл» энергияға көшу заман талабы екенін түсінген елдер бұл бағытта да көштен қалмаудың қамына кірісіп кеткен. Астана «Болашақтың энергиясын» дамытуға күш салса, Әзербайжан тарапы «Өткеннен болашаққа берілетін қуат» деген ұранмен халықаралық көрмеге қатысады.
Әзербайжанға 2005 жылы ресми сапармен барған Елбасы Н.Назарбаев осы елдің бұрынғы президенті Гейдар Әлиев қорына ат басын бұрып, қор жұмысымен танысып, естелік дәптерге өз жүрегінен шыққан лебіздерін жазып қалдырған-ды. Онда Елбасы «Гейдар Әлиевтің есімі әрқашан халық жүрегінде. Ол – бар ғұмырын халқының өркендеп-өсуіне, елінің қайта жаңғыруына сарп етті, сол себепті де есімі мәңгі жасай береді», деп жазған болатын. Осы жолғы сапарында да Мемлекет басшысы әзербайжанның ұлттық көсемі мен оның жұбайы жерленген зиратқа ат басын тірегенін Әзербайжан Президенті мен ел халқы ыстық ықыласпен қабыл алғаны байқалды.
Тәуелсіздіктің ширек ғасырында өзара тығыз әріптестік қатынастар орнатқан Қазақстен мен Әзербайжан бүгінде аймақтық лидерлердің дәрежесіне көтеріліп, Еуропа мен Азия арасында «алтын көпір» бола алғаны ақиқат. Елбасы Н.Назарбаевтың Каспийдің келесі бетіндегі бауырлас елге ресми сапары осы көпірдің одан сайын бекуіне, Қазақстан-Әзербайжан арасындағы байланыстың одан әрі баянды болуына ықпал еткені анық.
Арнұр Асқар,
«Егемен Қазақстан» –
Бакуден (Әзербайжан)
Суреттер Президенттің баспасөз
қызметінен алынды