Аяқдоп аламанында жеке-дара көш бастап, жолындағысының бәрін жайпап келе жатқан «Қайсардың» бұл турда шалғысы тасқа тиді. Алматыда «Қайратпен» күш сынасқан Сыр бойы футболшыларының тең ойынға көнбеске амалы қалмады. Есепті алаң иелері ашқанымен (Гоу, 9-минут), матчтың 35-ші минутында «Қайсардың» капитаны Мақсат Байжанов қарымта гол соқты.
«Қайсардың» сүрінгені «Ордабасыға» олжа болды. Өз алаңында «Оқжетпеспен» ойнаған оңтүстікқазақстандықтар қонақтар қақпасына екі доп салып, үш ұпайды олжалады. Бұл ойында Алексей Петрушин командасынан Таңат Нөсербаев (57-минут) пен Никита Бочаров (69-минут) гол соққан болатын. Сөйтіп, төрт турдан кейін 10 ұпай жинаған «Ордабасы» доп айырмашылығының арқасында «Қайсарды» ығыстырып, топ бастады.
Екпін алып келе жатқан «Ертіс» күтпеген жерден «Ақтөбеге» жол берді. Сырт алаңда ойнағанына қарамастан, Игорь Рахаев шәкірттері сенімді өнер көрсетіп, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. «Ертістің» шабуылшысы Исмаэль Фофана матчтың 55-минутында соққан жалғыз допқа Жуниньо (64), Шестаков (73), Зенькович (77) үш голмен жауап берді. Сөйтіп, үш турда жеңіс дәмін татпаған және бірде бір гол соқпаған «Ақтөбе» маңызды үш ұпайға ие болды.
Бұл турда «Тобылдың» асығы алшысынан түсті. Өз алаңында «Таразды» қабылдаған қостанайлықтар қажетті жеңіске қол жеткізді. Ойын тағдырын 50-минутта Джордже Деспотович соққан жалғыз гол шешті. Сөйтіп, «Тобыл» үшінші орынға көтеріліп, көш бастаушыларға біртабан жақындай түсті.
«Шахтер» мен «Астана» арасындағы матч Теміртау қаласында өтті. Өкпек желдің өтінде ойнаған футболшылар жасыл алаң үстінде көсіліп өнер көрсете алмады. Алғашқы гол ойынның 63-минутында соғылды. Қарағандылық Михаил Габышевтің соққысы нысанаға дөп тиген. Бірақ, 88-минутта Жуниор Кабананга есепті теңестіріп кетті. Ал қосымша уақытта Сергей Скорых өз қақпасына гол соғып алып, «Астанаға» үш ұпайды қолдан берді. Сөйтіп, осыған дейін ала-құла ойнап келген елорда клубы биылғы маусымда тұңғыш рет үздік алтылықтың қатарына қосылды.
Көш соңындағы «Атырау» Оралда «Ақжайықпен» ойнады. Тартысты өткен ойында командалар қос-қостан гол соғып, тең тарқасты. Бұл есеп олардың турнир кестесіндегі жағдайына бәлендей әсер ете қойған жоқ. «Атырау» баяғыша ең төменгі орында.
Келесі – 5-турдың ойындары 8 сәуір күні өтеді. Бұл күні «Атырау» – «Астана», «Ақтөбе» – «Ақжайық», «Оқжетпес» – «Ертіс», «Тараз» – Ордабасы», «Қайсар» – «Тобыл» және «Шахтер» – «Қайрат» командалары өзара күш сынасады.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»