Театр • 03 Сәуір, 2017

Сахнада - "Тілеу батыр"

384 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мың өліп, мың тірілген халқымыздың тарихы – азаттық пен еркіндік және дербес ел атану жолындағы қиыр-шиыр кескілескен күрестің тарихы. Кең байтақ жеріміздің тұтастығын сақтап қалу жолындағы елдік пен бірліктің, ерлік пен өрліктің небір тамаша үлгілері бар. Осындай ұлы мақсат жолында шейіт болған батырларымыздың бәрі де қастер тұтуға әбден лайықты. Солардың бірі, тіпті бірі емес, бірегейі –Тілеу батыр.

Сахнада - "Тілеу батыр"

Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық театрының режиссері Алмат Шарипов қойған осы аттас спектакль тарихи тұлғаның жоңғар шапқыншыларымен болған қиян-кескі соғыста көрсеткен ерлігін паш етеді. Аталған қойылым белгілі қаламгер Мырзан Кенже­байдың «Тілеу батыр» атты тарихи драмалық туындысы негізінде сахналық шешімін тапқан. Пьесаның басты кейіпкері Тілеу батырды театрдың белді актері Даурен Нарман сомдаған. Ол қойылым барысында қайсар, намысты қолдан бермейтін, рухы жоғары сардар ретінде көрінеді. Оның ойнауында ұлт батыры 2 мың шақырым қашықтықтағы Түркістан түбіне жау шапты деп естігенде, тұрған жеріміз одан жырақ деп сырт айналып кет­пейді. Керісінше он жеті мың сарбаздан құралған қалың қолды бастап Түркістан маңындағы Сайрам соғысына барып қай­туға, сөйтіп тұтас қазақ жерін бөл­шектеп талқандағысы келген жоң­ғарларға тойтарыс беруге шешім қабылдайды. Біздің ойымызша Б.Нарман бітім-болмы­сына тән болған өрлік пен берік ұстанымды шынайы түрде бере білген.

Батырлықпен бірге Тілеудің бойында ой мен парасаттың бел­гілері де көрініс тапқан. Тілеу батырдың ұлы Жолдыаяқ  Сай­рамға әкесімен бірге аттанады. Актер Бексұлтан Іздаев бейнелеген бұл образда ол текті әке­­ден туған өжет ұл ретінде көрі­­неді. Сондай-ақ, Тілеудің немере інісі Қалдыбай актер Нұрсұлтан Айтқалиевтің  орындауында – адал да аңғал, батыр аңғал келеді деген тіркес осы сахналық кейіп­керге тән екені байқалады.

Осы арада есімі барша қазақ еліне мәлім Мөңке би Тілеудің кіші әйелі Сұлудан (актрисалар – Әдемі Нажмединова мен Әсем Құсайынова) туған ұл екені де қойылымда барынша қанық бояу­мен көрінген. Тарихи драманың мәтінінде әкесі шайқасқа аттан­ғанда Мөңке құндақтаулы сәби ретінде суреттелгенімен, Алмат Шариповтің режиссерлік шешімі бойынша ол қойылымда 5-6 жасар бала кейпінде (Аян Тілектес) көрініп : «әке, жауды жеңіп аман оралыңыз», деген балалық тілегін жеткізеді.

Тілеу батыр қойылымға өзек болған Сайрам соғысы Әз-Тәуке хандық құрған кезеңге сәйкес келеді. Мұндай күрделі психологиялық тарихи тұлғаның сахналық бейнесін сомдау оп-оңай іс емес. Осы орайда Тәукенің рөлін шығарып көруге тәуекел жасаған режиссер Алмат Шарипов пен актер Нұрболат Өтеғұлов бұл образды әлі де болса ширата түскенін қалар едік.

Сахналық қойылымдағы көрер­мендер көңілінен шыққан ашық, жасандылықтан ада және жоңғарлар осал жау емес екенін нанымды түрде көрсете алған басты образдың бірі –жоңғар ханы Ғалдан Бошық. Оның рөлін ойнаған Кеңес Кемалбаевтың кәсіби шеберлігіне ешкім талас туғыза алмайды. Қойылымнан тағы бір көкейге түйген жайт –режиссер мен суретшінің ортақ шығармашылық шешімінен туған ақылға сыйымды, ойға қонымды қызу қарбалас қимылға толы сахналық көріністер. Әдетте халқы­мыздың жауынгерлік рухы мен кескін-келбеті туралы сөз еткенде, ақ найзаның ұшы­­мен деген тіркесті алға саламыз. Спектакльде ер қаруы найзаларды қимылдатып, қозғау арқылы жеңіске жететін жолды жақындату ұғымын беру, суретші Айбек Орынбасардың батыл байламы деп түсінген жөн.

Қажет кезінде найзалардың керегеге айналып шыға келуі де соғыс пен шайқастан кейін де тірлік пен бірлік бар екенін ұғындыра түскендей әсер қал­дырады. Сондай-ақ, алақандай сахна кескілескен шайқастарды көрсетуге мүмкіндік бере бер­мейді. Осындай жағдайда оның оңтайлы жолын таба білген Астанадағы Ұлттық өнер универ­ситетінің оқытушысы Жалымбек Аханның еңбегі де өз алдына бір төбе деуге болады.

Бір сөзбен айтқанда, Тілеу батыр қайырымдылық қорының жетекшісі, осы тарихи драманы сахналау жөніндегі идея авторы Қанатбай Елеусізұлының тікелей қолдауымен сахнаға жол тартқан қойылымның басты мақсаты –халқымыздың ауызбіршілігі мен тұтастығын алға тарту. Осындай қасиетімізді бүгінгі ұрпақтың санасына орнықтыру десек қателеспейміз. Кең байтақ қазақ даласының батыс өңіріндегі Тілеу батыр ұлы Жолдыаяқпен бірге 2 мың шықырым қашықтықтағы қияннан Сайрамға келіп, күші 3-4 есе басым жаулармен шайқасып мерт болады. Тұтастай ел мен жерді сүю және оны қорғаудың бұдан артық мысалын тауып айта алар ма екенбіз?! Бұл ретте тарихи драманың авторы мен қойылым режиссері ұзақ жылдарға созылған жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ халқының жеңіске жетуі қарудың күші емес, ең біріншіден, қазақ елінің ұйымшылдығы мен ауызбіршілігі және жоғары рухы екенін ұғындыруға басымдық бергені де қолдауға әбден лайық­ты. «Тілеу батыр»  тарихи драмасының басты құндылығы да осында деп білеміз.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ


Соңғы жаңалықтар